Өлеңдер ✍️

  05.05.2022
  682


Автор: Фариза Оңғарсынова

Оқжетпестің монологы

Мен шың едім,
менменсіген батырлыққа сын едім,
жас қыранның қайрайтұғын жігерін,
жалғайтұғын тілегін
биікті аңсар жүректерге жыр едім.
Сұлу Көкше – сан ғасырдан сыңарым,
өмір деген су, ағын
шайып кеткен замандарға куəмын,
замандарды лайлаған адамдарға куəмын.
Мылқау куə қалпымда əлі өтуде
қайталанбас қайран күн,
көріп келем қантөгісін
тірлік атты майданның,
тартылғанын қайнардың.
Көре-көре тамырларым суалып,
қатпар тасқа айналдым,
əлі орнымда тұрғаныма қайранмын.
Қайранмын мен
бірін-бірі жылатып,
бірін-бірі сүріндіріп, құлатып
жүрген адам
куəгер деп бəріне
мені қалай тастамаған сұлатып.
Адамзаттың арсыздығын көрумен
қабырғамды сөгумен
тұрдым сонда. Мұңдымын.
Бір-бірінің талқан қылып тірлігін,
қадірін де бағаламай
адамның
өздеріндей кетіреді кім құнын?
Шырқауларға самғатып ап,
кенеттен
құз басынан лақтырады бір-бірін.
Не дерсің бұл адамға –
тыным бермей маған да,
теріскейден, түстігімнен келгендер,
кейбіреулер шығысымнан телмеңдер,
тау емессің – төбесің деп көнерген,
тепкіледі төбемнен.
Тірлік заңы мықты да –
бірақ мұны жаны барлар ұқты ма –
соның бəрін уақыт-жемқор жұтты да,
куəсы боп қалдым мен.
Талай ғасыр жасай берем əлі де.
Ей, адамдар!
Бармын мен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу