Өлеңдер ✍️

  24.04.2022
  225


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАҚИЯҒА СОҒЫЛҒАН 750 ДҮРЕ

Патша өкіметінің әскери соты Жақияны
250 солдатқа үш реттен дүре соққызып,
сонан соң Финляндияға жер аударуға,
одан кейін жарамды болса, солдатқа алуға,
жарамсыз болса – Иркутск губерниясына
жер аударуға үкім шығарған.
Тарихи деректерден.



О, Жақия!
Өмірге күле келген,
Исатайдың рухысың түрегелген.
Қанжоса етіп арқаңнан таспа тіліп,
Патша әскері жарыса дүрелеген.
Жендеттердің түңіліп жүздерінен,
Алдың, сірә, төзімді, күшті – еліңнен.
Қанды жолақ арқаңда қалып жатты,
Ысқырынған шыбықтың іздерінен.
Қанды көбік аузыңнан құстырғанда,
Қайрат бермей бойыңа күш тұрған ба.
Жұмыр жерді құшақтап тістендің-ау,
Жон арқаңда шыбықтар ысқырғанда.
Қабағына жендеттер мұз бөктеріп,
Сапқа тұрып соққанда тізбектеліп,–
Құлағыңа қайтпа деп сыбырлаған,
Сонда әкеңнің өр рухы іздеп келіп.
Бала кезден оқ жонып атаға ердің,
Бір ұрпағы саналып саналы елдің.
Ел-жұрты үшін қанша азап шеккен сайын,
Сонша айбарлы шығады атағы ердің.
 Не істейсің, Жақия, төзбегенде?
Ширегіңе келе ме өзге пенде.
Зұлымдығын бетіне басар едің,
Әскер соты сескенбей сөз бергенде.
Құлағыңда бозторғай шырыл қалып,
Көтерілесің сен әлі тұғырға алып.
Ерік берсе, Жақия, көз жұмар ең,
Зеңбіректің аузына тығындалып.
Қорқау қасқыр қоғамды күйік көрген,
Ер жігіт ең өмірді сүйіп келген.
Өзі тұрмақ қыранның
Баласы да
Қандай азап шексе де биікте өлген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу