Өлеңдер ✍️

  20.04.2022
  79


Автор: Рафаэль Ниязбек

ДҮНИЕ СҰЛУ КӨРІНСЕ

Тартсаң да бәрін азаптың,
Қай кезде тұнып таза ақтың?
Қазақтан басқа, ағайын,
Досы бар ма қазақтың.
 Құдайдай сеніп жат елге,
Ұрынып жүрме қатерге,
Қазақтың шауып тұрғанда
Кісінетіп мінген аты өрге.
Бұрын да талай таң атқан,
Кетті ме ызғар қабақтан.
Ұмытпа өткен заманды,
Қазақты қазақ қаматқан.
Сен емес пе, ағайын,
Ұлы Абайды сабатқан.
Жұлқына берме, ендеше,
Бабаларды егер сыйласаң
Азаттықтың асыл жолында
Телегей теңіз қаны аққан.
Жер салмақты болсын деп,
Тауларды Алла жаратқан.
Ел салмақты болсын деп,
Патшаны пір ғып жаратқан.
Ойнақтай берсе тайлағың,
Шаңға айналар аймағың.
Сүтің егер тасыса,
Төгілмей тұрмас қаймағың.
Бұзылса елдің бірлігі,
Оңады деме тірлігі.
Болса егер оның несі айып,
Ақорда жердің кіндігі.
Бақытқа бақыт ұласып,
Таулардан рухы – нұры асып, –
Қазақтың сұлу ажары
Әлемнің көркін тұр ашып.
 Теңізін кешіп азаптың,
Талайын көрген ғажаптың, –
Дүние сұлу көрінсе,
Арқасы шығар қазақтың.
* * *
Азамат ер ұстай ма өзін төменде,
Мақсатына жете ме,
Бауырын жазып көсілмегенде.
Бүкіл арқа өңірі жатқа кетер ме еді,
Астананы Елбасы
Сарыарқаға асығыс көшірмегенде.
Кісі болса егерде аласа арманы,
Жайқала ма биікпен таласа орманы.
Көзсіз ерлік емес пе кемеңгер ердің
Көкке өрлетіп ақ шаңқан қала салғаны.
Туатыны рас болса айдың асығып,
Ерлік ізін өшірсін қай құм жасырып.
Бой көтерді қаз мойын сұлу Астана
Бүкіл жарық әлемге айдын асырып.
Шерлі өзендер тұнығын шайқап аққанда,
Күйрейді деп ойлама жайрап ақпанда.
Елбасын елі неге ардақ тұтпасын
Сардаланың төсінде
Ерлік іздері сайрап жатқанда.
Улы жаңбыр жауғанда атырабына,
Одан өзге ер бар ма,
Қорған болар жапырағына.
Бар болса егер қайда жүр
Тұғырлы елдің
Уық болып шаншылмай шаңырағына.
 Қилы шақта ақ семсер сермеген ердің,
Бәрі опасыз соңынан ермегендердің.
Болашағы ешқашан жарқын болмайды,
Көсеміне көлгірсіп сенбеген елдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу