Өлеңдер ✍️

  17.04.2022
  101


Автор: Рафаэль Ниязбек

ШОПАН ДОСҚА ХАТ

Кер бестімен бұл құмға шауып келіп,
Өз-өзіңе бір бейнет тауып беріп, –
Оқыс мінез танытып қой бақтың-ау,
Қыр, далада жүруді сауық көріп.
Түсінбедің өзіңді жете неге,
Шырқап ұзай ала ма жеке кеме.
Қаласаң сен бастық боп отырар ең
Қаладағы шағын бір мекемеде.
Тұра бермей басыңда ой қамалып,
Көсегеңді көгерттің қойға барып.
 Найза қара шыңдай боп отырғаның
Аппақ нұрға бейне бір қойған малып.
Сардаланың аңызақ желі сіңген,
Айналайын, шопан дос, жеңісіңнен.
Жеңісіңді іздесең
Сен іздейсің
Көк жайлаудан,
Қойлардың өрісінен.
Ертелі-кеш қой бағып сабылғаның,
Біле білсең емес қой –
Шағылғаның.
Қой баққаның, досым-ау, емес пе, айтшы,
Өліп-өшіп даланы сағынғаның.
Мойынқұмға өзіңді жіберді кім?
Тарайды әлі аңыз боп мың өрлігің.
Әзірге осы жырлауға жетіп жатыр
Таң қалдырып қой баққан бір ерлігің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу