17.04.2022
  444


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАМБЫЛ МЕН АЙКҮМІС

(Бір актілі музыкалық драма)


 


Қ а т ы н а с у ш ы л а р:


 


Ж а м б ы л – ақын, 30 жастарда. А й к ү м і с – ақын қыз, 18-де.


С ә л і м – бай жігіт, Айкүмістің айттырған күйеуі. М а н а п – күйеу жолдасы, ақын, 25-те.


Ә с е м к ү л – Айкүмістің жеңгесі.


Б ір топ қыздар, Жамбылдың серіктері, шабарман.


 


Алатау бөктері. Әріректе киіз үйлер. Еңісте алтыбақан, қыз ұзату тойына жиналған қыз- келіншектер, жігіттер ән шырқасып жатады. Арасында Айкүміс пен Әсемкүл.


 


Ән шырқалады.


 


Ажарың ақ түлкінің ажарындай, Салма құдай, жаманға назарымды-ай.


Қыз кеткен соң аулыңнан қызық кетер-ай, Жәрмеңкенің тарқаған базарындай.


 


Келдің қайдан, ей, бүркіт, келдің қайдан, Алма мойын ала үйрек ұшар сайдан-ай.


 


Мекеніңді, ей, қалқа, айтып кетші-ай, Жат болмағы адамның осындайдан.


 


Ә с е м к ү л: – Еркешім, мына ән саған айтылған секілді, аулымыздың мәз-мереке жәрмеңкесі едің, кеткенің бе шыныңмен?


А й к ү м і с: – Жеңгетай-ау, бар сырым өзіңе мәлім ғой, еркіммен ергелі тұрмын ба? Аңсағаным Сәлім бе еді? Бай тұқымы шырмауықтай матап алған жоқ па? Әке-шешенің мейірімсіз көңіліне амалсыз көнгенім де. Бірақ құштар болып емес, құса болып барамын. Жеңгей, күйеуді есінен қалмастан есеңгіретіп жөнелтіңдер, Жамбыл ақын қайда? Сырласымыз еді ғой, шақыртыңдар тойға!


Ә с е м к ү л: – Шақырттым, Еркешім, неге кешікті екен, ойын-той десе құлпырып кететін сабазың... Ол келсе, Сәлімнің күпінген кеудесін басар еді... Еркем, сен онша-мұнша күйіне берме, әкем, тегі, ағаңа мен де әуелде көңілсіз келген едім, ал кейін... әкем, тегі... тіпті...


Күліп ишарат сездіреді. Енді бір шетте сөйлесіп тұрған Сәлім мен Манапты көреміз.


С ә л і м: – Ей, Манап! Мына Екейдің ерке қызы неге сонша кергиді? Әлде, мені менсінбей ме? Жетісуда мына мендей өзі бай, өзі сылқым, өзі сері бар ма, тегі? М а н а п: – Сәлім мырза, қыз біткеннің кесірі емес пе алғашқыда бұлданатын, құрығыңа бір іліккен соң


бұлқынушы ма еді, тәйірі!


С ә л і м: – Екейдің қыз бен жігіттерінің мені қалай қағытқанын естідің ғой, ақын деп сені әдейі ертіп келдім. Әншейін тамағыңды қырнап, мұртыңды сипай бергенше, соларды шенеп бірдеме демейсің бе? Әсіресе Айкүмістің алдында менің мерейімді көтеріп... мадақтап...


М а н а п (тамағын қырнап): – Әкем-ау, қыздарыңа мен қырғидай шүйлігейін, тек жөні келсе... және бір


 


пәледен сақтанып тұрмын.


С ә л і м: – Жамбыл? Е, түсіндім. Жар-жар айтуды бөгегені сол екен ғой. Әлде мына сайтан қыз Жамбылға ғашық па екен? Жамбыл секілді ел кезген саяққа мендей аталының атастырғанын азғыру оңай болмас. Әй, Манап, сен ол заржақты келген беттен тіліңді безеп бастырмалатып таста. Кедейлігін айт, кезбелігін айт!


М а н а п (домбырасын безектетіп): – Е, қорқамын ба мен, сол қу таңдайдан. Қырандай бір қадалайын келсін өзі! Аха-ау, келсін өзі, келсін өзі! (Әсемкүл сылқылдап күле келіп.)


Ә с е м к ү л: – Күйеу мырза, мына ақыныңыз оңашада неге бақырып жүр? Бақсы емес пе жынын шақырып жүрген?


М а н а п (сасқалақтап): – Мен бақсымын ба, айтшы, әкем, тегі? Мен...


С ә л і м: – Бұл біздің Талас бойының тарлан ақыны. Тұла бойын өлең кернеп, айтысарға жан таппай, бұлқынып тұрғаны ғой!


М а н а п (кіжініп): Ахау, келіншек, аха-хау!


Ә с е м к ү л: – Әкем-ау, қырға қарап бесті айғырдай азынағанша, анау қыздарға көрсетсейші өнеріңді.


С ә л і м: – Манап, алдымен Айкүмісті қағытып қал, бас деймін айқайға!


М а н а п: – Жүріңдер ендеше, қыздарыңа қырғидай шүйілейін бір!


Бұлар қыз-жігіттер жағына кетеді. Манап домбырасын дүмбірлете бастайды. Тамағын қырнап жөтеле түседі.


А й к ү м і с: – Мына бақсы сарынын шақырғанша, бір зарымызды айтып қалайық, кел, қыздар, қостаңдар. (Өзі бастайды.)


 


Әнге басам, замандас, әнге басам, жар-жар! Бұрынғының салтынан қайтіп асам, жар-жар!


 


Аулыңнан айрылу қандай қиын, жар-жар! Кетер ме едім елімнен қыз болмасам, жар-жар!


 


Қ ы з д а р: – Ай-хай, заман-ай!



  • Айкүмістен айрылғанымыз ба?

  • Атастырғаны сүйкімді болса игі еді.


М а н а п (лепіріп): – Ал жігіттер, кәне, мені қостаңдар!


 


Ж і г і т т е р қ о с ы л а д ы:


 


Той қыласың сен неге, той қыласың, жар-жар! Аулыңнан бүгін-ақ айрыласың, жар-жар!


Жаулық түссе басыңа, ерке сұлу, жар-жар! Еркелікті ұмытып, қойдырасың, жар-жар!


 


Айт дегенде айтайын, той қылған қыз, жар-жар! Семіз бие тойыңа сойдырған қыз, жар-жар!


Ата-ананы қалдырып туған елмен, жар-жар! Кетемін деп жат елге ой қылған қыз, жар-жар!


 


Жігіттер қостап даурығып қалады, қыздар ұнатпай шуласады.


Б і р і н ш і қ ы з: – Мынауың қалай сәуерлейді!


Е к і н ш і қ ы з: – Көргені жоқ елдің кер саяғы ғой өзі, не деп тұр?


Ү ш і н ш і қ ы з: – Айкүмістей асылымызға тіл тигізбекші ме?


Ә с е м к ү л: – Қыздарға кегі кеткен қырқылжың емес пе, әйтпесе әкем-ау, қыздарды қызықтырып, мына Айкүмістей еркемізді ардақтап жыр айтпай ма?


А й к ү м і с: – Күйінбеңдер, қыздар, күйеу мырзаның баптап әкелген жүйрігі шығар, білгені сол да. Қыз біткенді қастерлеп, көмейінен бал төгілетін Жамбыл дейсің бе бұл...


 


С ә л і м: (қалыңдығының қасына барып) – Айкүміс, қарашыл   жабыдай         аулыңа            үйірсек                    Жамбылды сағынып тұрсың ба? Таластың тұлпары содан кем бе? Жүйрігім, шырқа кәне, көрсет шабысыңды қыздарға! Ә с е м к ү л: – Жүйрігіңіз күйбік емес пе, мырза,


неге қиқылдай береді? (Қыздар ду күледі.)


М а н а п (екіленіп дауыстап, домбырасын қаға жөнеледі.)


 


Ал сөйлейін, сөйлейін, Тақылда, тіл мен көмейім. Секеңдеген қыздардан Сескенейін демейін.


Алды-артыңа шығайын, Әй, бөгейін, бөгейін!


Ай-хай! Қыздар-ай, қыздар-ай!


 


Қиқылдап бөгеліп қалады. Қыздар ду күліседі, жігіттер «әу-ей!» деп көтермелейді. Манап домбырасын қаққылап айғайлай түседі. Бірақ аузына сөз түспей сасқалақтап қалады.


 


 


М а н а п: – Ал бөгейін, бөгейін, Тақылда, тіл мен көмейім.


Мазағына қыздардың Қайтып қана көнейін? Мынау Сәлім мырзаның, Көтерейін мерейін.


Ханзададай көрікті, Сырын айтып берейін. Ай-хай! Қыздар-ай!


Айтыңдаршы, не дейін, не дейін?


 


Ә с е м к ү л: – Әкем-ау, не дейтініңді білмесең, несіне күжілдейсің?


 


Қыздар күліседі, жігіттер: «Бас, Манеке!» – деп қояды.


 


М а н а п: – Мен не дермін, не дермін, Мен талайды көргенмін.


Сыпсыңдаған қыздардың Сыбағасын бергенмін.


Жиын-тойда масайрап, Мен жорғадай желгенмін. Сенбейсің бе, ей, қыздар, Жамбылыңды айтыста Әлсірете жеңгенмін!


 


Д а у ы с т а р: Мынауың қалай бөседі-ей? Ақынмын деп лақпа, Жамбылды жеңу саған қайда саған!


Ә с е м к ү л: – Көп піспектелген торсықтай тым күмпиіп кеттің, әкем-ау, тегі, Жамбыл қазір келіп қалса, көбігің басылып қалмасын! (Күліседі.)


А й к ү м і с: – Жамбыл жел жетпейтін жүйрік, қағып түсер қырғи ғой, кім бар дейсің оны жеңетін... Сәлім: Иә, естіп едім. Жамбылға үн қосып талай тербеліпсің. Құлағыма түскен соң тақылдауың қиын болар. Айкүміс, кәне, лебізің болса шығарып қал өз


аулыңда. Айтыс мына менің ақыныммен!


А й к ү м і с: – Рас айтасың, мырза менің тілдесер теңім де Жамбыл, қағыссам мұңымды да соған шығарамын, жүйрігіңді арамтер қып қайтесің.


М а н а п – (өкіне түсіп):


 


Таластың тұлпарымын-ей, атым Манап, Бұл тойға мені әкелді-ей, Сәлім қалап, Айкүміс, торға түскен-ей, сен торғайсың, Қыран тұр тап бергелі-ей, саған қарап.


Ертең-ақ ілінерсің-ей, тырнағына, Сөйлеп қал бойыңда бір-ей, болса талап. Ертең-ақ басқа жаулық-ей, бүркенесің,


 


Алдыңда мырзамыздың-ей,


құр жорғалап-ей, ей,


ей! ей! Жігіттер: Уа, пәлі, мына салың не дейді-ей?!


 


Ә с е м к ү л: – Мына байғұс не деп желдеп кетті, еркем Айкүміс, мысын басып жіберші бір?


Қ ы з д а р: – Айкүміс, Айкүміс айтсын! А й к ү м і с (қолына домбыра алып):


 



  • Мырзабектің қызымын-ей, еркелеген, Талай сылқым сыртымнан ентелеген.


Қыз болсам да бір елдің-ей, еркесімін, Тоты құспын бағында мен түлеген.


Көлеңкеме көп жігіт болған құмар. Жақсы болса қосағы сүйсінбей ме, Қандай жігіт бұл тойда мені сынар? Кеудесіне мына ақын-ей, жалаңдайды, Бір аңшыға тазыдай еріп келген!


 


Бәрі ду күліседі, Айкүмісті қошеметтей түседі. Әсемкүл: – Ал ақыным, тақылда, әкем, тегі,


екпінің басылып қалды ма?


Бір қыз: – Мойныңа су құйылғандай неге мүлгисің, жаңа ғана лепіріп тұр едің ғой?


Сәлім: Манап, неге мелшиіп қалдың, сөйле! Манап (сасқалақтап, домбырасын қаға беріп):


 



  • Әй, әй, мен не ойладым, не ойладым, Айкүміс-ау,


сендей қызбен жасымда көп ойнадым,


әй, әй. Сен тегінде, әкем-ау, жақсы жансың, Жаңа ғана соны мен абайладым-ей!


 


С ә л і м (ашуланып): – Әй, не деп міңгірлеп тұрсың? Босқа семірткен екенмін сені, тұлпар десем, мәстек екенсің ғой, жоғал әрі!


Манап Сәлімге адырая қарап кетуге ыңғайланады.


Жұрт ду күліседі.


А й к ү м і с: – Сабыр етіңіз, Манап аға! Сізде айып жоқ, алыстан ат терлетіп келдіңіз, менің сыйым болсын.


Қасындағы қыз ұстап тұрған шапанды Манапқа жабады.


М а н а п: – Өркенің өссін, қарлығашым! Ай десе ай екен ғой, тек алғаны аялай білсе.


Сәлімге адырая қарайды. Қыз-жігіттер мақұлдап қошемет көрсетеді.


Ә с е м к ү л: – Айкүмісім абзал еркем емес пе, бәсе, мырзалығын да көрсетті. (Манапқа). Әкем- ау, енді еңсеңді көтеріп, серпілші бір! Қыздар, биге әзірмісіңдер?


М а н а п (көтеріліп): – Кеудем жаңа кеңіді ғой! (Көмейін қырнап). Ей, шалқиын, шалқиын... ахау...


 


Кенет бір жігіт келіп кіреді.


 


Ж і г і т: – Алатаудың ақиығы алғыр ақын Жамбыл келді!..


Манап (кенет бөгеліп): – Не дейді, бұл көкжал қайдан келіп қалды? Азуын бір басса нем қалады, кетсем бе екен?


Қыз-жігіттер дабырласып тоқталады, домбырасын күйлете келген Жамбыл өлеңдете жөнеледі.


Ж а м б ы л:


 



  • Айкүміс, әуелден-ақ болдың ойда, Әдейі ат терлетіп келдім тойға.


Арыны басылмаған албырт едім, Асығыс айтқаныма кінә қойма.


 


Ә с е м к ү л (Айкүміске): – Еркем, күткенің келді, сыр бермей, жадырасаңшы!


А й к ү м і с: – Атастырғанымды сынағалы келген ғой, жасымнан жанашыр жанның бірі еді, қайран ақын...


С ә л і м: – Сері қыз, сенің де сыналар жерің осы, сайра...


Ә с е м к ү л: – (Жамбылдың алдына барып тәжім етіп): – Қыздар, құрбылар, ақын ағаға құрмет көрсетіңдер. Қош келдің ардагерім!


Хор (қыз-жігіттер қосылып):


 


– Дабысымен тау жарған, Дабылдата ән салған, Ақын аға, келіңіз,


Міне, Сізге төріміз. Сұлу көрсе сыланған, Жиын көрсе қуанған, Ақын аға, келіңіз, Тамашаны көріңіз!


Айкүмістей арудың, Қасындағы жарының Қызықтарын көріңіз, Міне, сізге төріміз!


 


Жамбыл Айкүмістің қасына келіп, Сәлімге қадала қарайды да толғап кетеді.


Жамбыл:


 


– Несіне, ерке сұлу, той тойладың? Жасымнан жақтаушы едім қызойнағын. Сайраған бағындағы сен бір бұлбұл,


Бір құзғын қаға ма деп сені ойладым...


 


Бәрі        шуласып        көтермелейді,         сабазым-ай қарындасын жатқа қимай тұр ғой, «бас, Жәке»


 


деседі.


С ә л і м: – Не деп тұр мына қу жақ ақын?! Манап, тілің күрмеліп тұр ма, жауап бер!


Манап(қипалақтап, екіленіп):


 



  • Ей, Жамбыл, мына тойға неге келдің? Жасыңнан желік сөздің желіне ердің.


Құзғын ба мына тұрған Сәлім мырза, Өзі бай, ардақтысы біздің елдің, Неге келдің, ей, Жамбыл?


 


Жігіттер көтермелейді.


С ә л і м: – Жамбыл мені білмей тұр дейсің бе?


Айкүмістің алдында қасақана қыр көрсетіп тұр да.


Жамбыл:


 



  • Қарақұс лашын көрсе жем көреді, Қай мырзаң Айкүміске тең келеді? Жасынан ерке өскен ақбөкенім, Қай қасқыр сені, қалқам, өңгереді?! Мынау кім әу дегенде қиқылдаған, Жағынып мырзасына қипыңдаған. Бір аяқ ас бергенге аузын сатып, Қалайша кептіреді ұртын маған?


Жұрт ду күлісіп көтермелейді.


 


С ә л і м: – Манап, бөгелме, ал тез жауап қайтар! Манап (сасқалақтап):


 



  • Не дейін, Жамбыл, не дейін, Домбыраммен жебейін.


Тақылда, тіл мен көмейім, Жалындаған Жамбылдан Жеңілемін демейін,


Талас деген суым бар, Таусылмайтын буым бар,


 


Тауда толған құлжам бар, Таласта талай мырзам бар. Бәрін айтып берейін, Берейін-ай, берейін!..


 


Д а у ы с т а р: – Мырзаларыңды тізіп қайтесің! – Алғанын ақтағалы тұр ғой, одан да Жамбылға жауап бер.


Манап (қысылып):


 


Жауабыңды берейін, Жамбылыңды көрейін...


Тақылда, тіл мен көмейім, көмейім...


 


Аузына сөз түспей қалады. Ж а м б ы л:


 



  • Күрмеліп қалды білем тіл-көмейің, Қайтейін, жұрт алдында тілдемейін. Ақыны мынау болса, мырзаң қандай? Айкүміс, мақтасаң сен, күндемейін.


 



  • Бәрекелді, ақын аға! Енді қыз не дер екен? – деген дауыстар.


Ә с е м к ү л: – Қыраным, қалады ғой. Еркем, сен де сағын сындырма, айт, әкем, тегі...


Қыз-жігіттер дабырласып көтермелейді. Манап қипақтап шығып кетеді.


 


Айкүміс (домбырасын күйлетіп):


 



  • Ақын-ау, амандығың сенің қайда? Аптыққан мінезің бар осындайда.


Асығып жын қуғандай келдің қайдан, Не сыйлық алып келдің біздің тойға? Құрбыға жөн емес пе амандасқан,


 


Бұл Жамбыл асыққандай неден сасқан? Несіне келмей жатып айғай салдың, Әуелі жөн сұрамай қарындастан.


 


Бәрі ду көтермелейді.


Сәлім: – Бәсе, солай деші, сүйіктім! Жамбыл:


–Айкүміс, асықпауға шара бар ма? Ақындық ұрындырдың талай жарға. Сені ойлап ат сабылтып келген едім, Жем болып кете ме деп жамандарға. Желікпен елді кезген мен бір сері, Қыз десе тасымай ма жырдың селі? Арыны басылмаған асау едім, Алыстан келдім жетіп аңсап сені.


 


Жігіттер (көтермелей қошеметтеп):



  • Қыранның көзі түлкіде, қалай шүйіледі!

  • Бас, Жәке! Қызық енді басталды!


С ә л і м: – Тантыған дуана, не дейді? Арманы бар екен ғой сенде! Ал сөйле, Айкүміс!


Ә с е м к ү л: – Күйеужан, аққұла алқынба, әкем, тегі, еркем жауабын өзі береді.


А й к ү м і с:


 



  • Жамбыл-ау, күмпілдейсің неге сонша, Құтқарып қыз біткенді жүрген жанша. Қолдағы бұлбұлыңнан неге айрылдың, Әуелде аялатпай, дәмең болса!


Жасыңнан желбастыққа болдың құмар, Ақынсың қыз біткенге көрсеқызар.


Биікке қол жетпейтін қолың созба,


Жат жұрттың тауындағы мен бір шынар.


 


Қ ы з д а р (көтермелеп): – Әй, еркешім-ай, бұлбұл десе бұлбұл ғой! Ал ақын, бұған не дейсің?


С ә л і м (өзіне): – Мына қыз бетін жаңа түзеді, иә, сәт! Сүйіктім! Сайра, сазайын бер мына серінің.


Ж і г і т т е р: – Әй, мырза, сен көкіме, Жамбыл ағаның қызға ақысы кетіп жүрген жоқ, Жәке, бас!


Жамбыл     (көтеріліп     шалқи     түседі,    «Угай-ай» әнімен):


 



  • Алатаудың әйгілі Жамбылымын,


Жамбылымын, Өлең сөздің жасымнан даңғылымын,


угай-ай, угай,


угай, әй-угай!


Шыңға біткен шынардың гүліндей боп,


гүліндей боп, Өзің неге тербеттің таң бұлбұлын әй-гәй...


Болушы еді қыз біткен маған құмар, Басылмаса жел көңілім қайтып тынар? Кетер болсаң, Айкүміс, айтып кетші, Бөктергіге болдың ба шын ынтазар?!


 


С ә л і м: – Қаңғырған бақсы, не деп сарнап тұр, мені кемітпек пе? Айкүмісті қазір әкетемін, доғар жел сөзіңді!


Ж і г і т т е р: – Әй, мырза, сен кеукеулеме, ақын ойындағысын айтады. Немене, саған еркемізді үн- түнсіз жібереміз бе? Сөйле, Жәке!


Ә с е м к ү л: – Жігіттер, неге шулайсыңдар? Әкем, тегі, еркем жауабын өзі қайырады.


 


А й к ү м і с: –



  • Өлең десе ақынсың өрге құмар, Өзің сылқым, өзің сал, сен кімге зар. Торға түскен құсымын мен біреудің,


Жабысқандай, Жамбыл-ау, менде нең бар?


 


Жамбыл:



  • Тоғыз емес, түйе емес тілегенім, Жеке болсаң Айкүміс, білер едің. Кетеріңде жылы сөз айтып кетші, Барып-кетіп аулыңа жүрер едім. Жайлап отыр аулым Көксеңгірді, Қарап саған, көз сүзіп, еңсем құрды.


 


Бәрі күліседі. «Пәлі, пәлі! Дәл айтты! Тағы да, тағы да, ақын аға!» – деп шуласады.


С ә л і м (ерсілі-қарсылы жүре сөйлеп): – Бұл әншейін өлең емес, бұзық сөз ғой, кімді басынады мына қу аяқ? Жігіттерім, қайдасыңдар?!


 


Ж а м б ы л:



  • Несіне аласұрды мына мырза, Қандай қыз болар екен бұған ырза. Алтындай Айкүмісті саған беріп, Айтпай бір сырымызды қаламыз ба?


 


Ж і г і т т е р: – Е, бәсе, қыздан айрылу оңай ма?


Бәріміздің мұңымыз ғой, ақын аға дәл айтты.


Ә с е м к ү л: – Мырзам, сен сабыр ет, қыз сенікі. Ақпа ақын ғой, ағар да кетер. Сыйлық беріп, тез құтыл!


А й к ү м і с: – Жамбыл аға, сен де сыр сақта, екеуміздің жүрегімізді жұптаған жыр еді ғой, менің саған тартуым осы әнім болсын, қабыл ал.


Жамбыл мен Айкүміс жарыса айтады «Шилі өзен» әнімен.


 


А й к ү м і с: –



  • Қыз байғұсқа, ақын-ау, кінә қойма! Тар кезеңде кез болдың мына тойда. Ұялаған жаныма жақсы сөзің, Жүрегімді жайлатып жүрсің ойда.


 


Өрен жүйрік өлеңге сен бір сері, Кемітемін, Жамбыл-ау, қайтіп сені? Тоқталамын тар жерде сырымды ашпай, Еске ала жүр, ұмытпа сен де мені!


 


Ж ам б ы л (жарысып):



  • Шилі өзен, қамыс-ай, Бізді ойлай жүр, таныс-ай!


Амалым жоқ, Айкүміс, қош ендеше, Құштар едік екеуміз өлең десе, Түсер сенің есіме ақ дидарың, Жалғыз жұлдыз аспаннан елеңдесе. Тәтті сөзің көңілімді кетті басып, Ауылымнан кетесің енді қашық.


Бақытыңды тілеген ағаң едім, Қоштасайық, кел бері, құшақтасып.


 


Ж і г і т-қ ы з д а р: – Қайран ақын-ай! Қайтсын-ай, қимай тұр ғой!


Жамбыл Айкүмісті құшақтап, маңдайынан сүйеді. Сәлім келіп, Жамбылдың қолын алады.


С ә л і м: – Ал алғыр ақын, «Аталы сөзге арсыз таласар» – деген. Ақын ел еркесі дейді ғой. Асыра айтқаным болса кеш! Айыбым ба, тартуым ба – белдеудегі атымды жолыңа байладым. Айкүмісті аясаң – менің жарым болсын, батаңды бер!


Ж а м б ы л: – Сен түгіл, ханға қимайтын аруым еді, бақытты болсын Айкүміс!


Б а р ш а с ы: – «Бақытты болсын Айкүміс!» – деп шуласады.


А й к ү м і с: – Ал құрбыларым, Жетісудың дүлдүлі Жамбылға арнап тойды қайта бастаңдар! Кәне, ән шырқап, би билейік.


 


Музыка. Кенет шабарман келеді.


 


Ш а б а р м а н (ентіге сөйлеп): – Айып етпеңдер, құрбылар, асығыспын, Қожахан бай жіберді, іздеп келем...


Ж ам б ы л: – Ау, бауырым, аптықпай айтсаңшы, іздегенің кім?


Ш а б а р м а н: – Жамбылды іздеп келем. Қожахан бай: – Жердің тесігіне еніп кетсе де Жамбылды тауып әкел! – деп жіберді. Сен Жамбылмысың, тез ендеше!


Ә с е м к ү л: – Тегі, тегі, әкем-ау, дегбірімізді алмашы сен. Жамбылға тартар сыйымыз, айтар жырымыз бар.


А й к ү м і с: – Қожахан бай неге шақыртыпты Жамбылды, құрбым, айтшы ентікпей?!


Шабарман: – Атағы жер жарған құлан аяқ Құлманбет деген ақын келіпті. Жамбылды іздеткен де сол.


Жамбыл: – Құлманбет пе? Менің де іздегенім сол еді! Айтыста алдына жан салмаған аты шулы Құлманбет қой. Апшысын бір басып көрейін! Тәуекел, кеттім. (кетуге ыңғайланады).


А й к ү м і с: – Ардагер аға! Әттең басым байлаулы, бұл сайысқа даусыңа дем беріп, бірге кетер едім, дәйім тілектпеспін, қыранша самғап, қиядан шалт қағысқанда сөздерің Жетісудың нөпіріндей нөсерлесін! Атағың күллі жұртыңа жайылсын, ақын!


 


Хор (баршасы қосылып):


 



  • Қыраны Жетісудың Жамбыл ақын, Ән салсаң, Алатаудай жаңғырасың. Дүлдүлсің, түсе қалсаң сен жарысқа, Артыңа сан жүйрікті қалдырасың.


 


Қайырмасы:


 


Аттан, ақын, сайысқа, Шеру саған тартылды. Озып шығып жарыста, Көтере бер даңқыңды!


 


Тұсыңда асып туған сен бір өрен, Көтерсін қанатыңды сенің өлең. Жаңғырған даусыңмен сан жылдарға, Жырларың алып барсын бізден сәлем.


 


Қайырмасы:


Аттан, ақын, сайысқа, Шеру саған тартылды. Озып шығып жарыста, Көтере бер даңқыңды!


 


Соңы.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу