15.04.2022
  78


Автор: Қалижан Бекхожин

БАҺРАМ АРЫСТАН МЕН КИІКТІ ӨЛТІРЕДІ


Бір күні, бұл бір аңыз бізге қалған,
Далаға нөкерімен шықты Баһрам.
Сол күні талайының добы өрлеп,
Тұлпары есті желдей қыза терлеп.
Қыр желі самал есіп, тынды тұман,
Мұнзир мен Баһрам қатар, кейін Нұғман.
Баһрам әсем бойлы сұлу сұңғақ,
Арыстан қайраты бар, сом бір сымбат.
Кенеттен бір топ киік заулап өтті,
Жер мен көк қалың шаңды ыдыратты.
Көрді ол – жықты арыстан бір киікті,
Тырнағын сол киікке иіп тықты.
Киікті айыруға сорлап жатқан,
Садақты алды зерлі қорамсақтан.
Суырып сұр жебені үшкір, қатты,
Садақты шеней қалып, тура тартты.
Жебесі арыстанға дәл қадалды,
Сол жебе киікті де түйрей қалды.
 Арыстан мен киікті бірдей жықты,
Қалқан не сұр жебеге мұндай мықты.
Арыстан және киік жатты жайрап,
Қан жебе қара жерге енді жайнап.
Садақты шиыр қолы шенеп, керіп,
Садағы дірілдемей тұрды берік.
Баһрамның мергендігін көргендері,
Аджамға шаһ болар бұл өрен,– деді.
Атқосшы арабтар да иді басын,
Таң көріп өжеттігін, ой-санасын.
«Айбатты арыстандай ердің зоры –
Баһрам-Гур» деп атады, енді оны.
Шаһарға қайтып еді, хабар кетті,
Шаһзада асқан мерген, айбар шекті.
Дәл атып бір жебемен қайратты қол,
Киік пен арыстанды жайратты ол.
Келген соң Мунзир патша ордасына,
Шақырды суретшіні өз қасына..
Бұйырды: көргеніңді сен есіңе ал,
Осынау аң жорығын суретке сал!
Суретші Хаварнакқа салды сырлап,
Арыстан жас киікті жатты шырмап.
 Баһрам ат үстінде садақ тартқан,
Екі аң ғой оғы тиіп, құлап жатқан.
Осылай өрнектеді шебер әйбәт,
Мерген шаһ сол суретте тұрды жайнап.
Біліп жұрт айтса мұны елеңдеді,
Мадақтап жас патшаны Иемендегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу