12.04.2022
  145


Автор: Қалижан Бекхожин

АУЫР ШАҚТЫҢ АЙБЫНДЫ ӘУЕНДЕРІ

Ата дәстүріміз бойынша ерлік жырларға құмар жұртпыз. Бала шағымызда, сонау талай мың қолды жарған Тарғындар мен Қобыландылар жайындағы дастандарды оқып, қайран қалар едік. Соншама қиян-

кескі қырғын майдандарды осылай сұсты, әсерлі ете суреттеген ақын, сірә, сол шайқастарға өзі де қатысты ма екен? Я болмаса бір тасада тұрып, сол ұрыс көріністерін әбден бақылап, көзбе-көз көріп жыр етті ме екен? Мүмкін, сол ерлік хикаяларды баяғыда жыр еткен жауынгер ақындар да шығар. Көлеңкесі қалың тарихтан бізге күңгірт, жалғыз-ақ әрі батыр, әрі ақын Махамбет жырларын оқығанда тұла бойыңды өзгеше бір құдірет билегендей, ерекше тебіреніске түсесің. Бұл жайттың кереметі сол – өз басынан кешкен оқиғаларды шын ақын, шын жазушы жыр етсе – нағыз отты лирика сол болады. Даналықтың өз сиқыры бар. Алайда, шын ауыр болмысты басынан кеше, хикаясына өзі араласа жазған қаламгердің шығармасында өзгеше бір тартым бары да талассыз. Орыс әдебиетіндегі талай тамаша шығармаларды, осындай дәстүрден шыққан туындыларды топтап тізе алар едік...
Әдебиетімізде Ұлы Отан соғысының ғаламат оқиғалары мен совет адамдарының қаһармандық бейнелерін суреттейтін нелер жақсы шығармалар бар. Солардың ішінде оқушы жұртшылығына жылы ұшырайтын майдангер жазушылардың қаламынан туған соғыс шындықтарының жырлары. Қанды майданда толарсақтан қан кешкен бірнеше әскери жазушыларымыз біздің әдебиетімізге жаңа айбынды үн қосты – майдан ақиқатын жыр еткен жаңа әдебиет саласын жасай бастады. Әдебиетімізге қосылған осы жаңа үлгілердің ішіндегі ерекше бағалысы – жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының шығармалары.
Қиян-кескі майдандарда елімізге ерлік есімі жайылған офицер Момышұлының бойындағы сөз дарыны да, сол қиямет шақтарда жауынгерлікпен қоса жалындапты.


Ақын емес арынды, Лаулатар сөзден жалынды,

Бұрқыратар дауылды, Қиылар қалам қиналып, Өрнегі жетсе жыр болар, Жыр болмаса сыр болар, Жұрт тыңдарлық жиналып...


1943 жылдың қаһарлы қысында, төбесінен оқ зуылдап жатқан шақта әскербасы Бауыржан, ақындарша осылай толғанған екен. Қолымызда отырған мынау кітап сол қырғын соғыс сұрапылында өзі бастан кешірген, өзін тебіренткен майдан өмірінің айбынды лирикасы секілді.
Міне, біз Бауыржанның «Москва үшін шайқас» деген көлемді хикаясын оқып отырмыз. Тұла бойың тітіркенерлік соғыс әлеметі көз алдыңа жанды қалпында елес қағады. Неміс фашистерінің қанды тобырлары астанамыз Москваға құтырған аңдай атылған кездердегі біздің әскери күштеріміздің жауынгерлік әлпетін, майдан әрекетін, қатерлі қорғаныстағы ерлер айбатын сол сұрапылды өз басынан кешірген батыр жазушы аса нанымды, әсерлі суреттеген.
Момышұлы бұл кітабында Москва түбіндегі бүкіл майдан жайын немесе тұтас дивизияның жауынгерлік жайттарын суреттеуді шарт етпеген. Сол қаһарлы жылда өзі бастаған бір батальонның майдан әрекетіне байланыстыра – соғыстың ауыр тынысын, совет адамдарының қайсар, қайтпас мінездерін, Отаншылдық бейнелерін әдемі де, әсерлі түрде суреттеп бере білген. Біз ер азаматымыздың Ұлы Отан соғысында әуелі батальонды, содан полкті, ақырында дивизияны басқарып, талай сұрапыл майдандарда ерлік істегенін жақсыбілеміз.Оныңөзіұзақхикая,дастанболарлықтай. Алайда, жазушы Бауыржан өзінің осы шығармасында алдымен өзіне майдандас болған ер жауынгерлер мен батыр командирлердің қаһармандық істерін сүйсіне суреттеген. Бауыржан өзінің бір өлеңінде:

Мен істеді дегенше, Мың істеді десеңші. Мың істеді дегенше, Ер істеді десеңші, Ер істеді дегенше, Ел істеді десеңші! –
деп өзіне жауынгерлік мұрат етсе, сол сертін өз шығармасында да нысана, өнеге тұтқан. Біз әңгіме етіп отырған «Москва үшін шайқастың» алғашқы кітабында өзініңқанмайдандыбіркешкенаяулыкомандирлерімен серіктері, жауынгерлері Лысенко, Бозжанов, Рахимов, Борисов, Краев, Блоха, Болатов, Брудный, Грюмов, Исламқұлов, Танков, Кирсанов сынды ерлердің қиын- қилы арпалыстарда, қатер үстінде көрсеткен жанкешті, қайсар әрекеттері жыр болады. Бауыржан суреттеген бұл командирлер мен жауынгерлер Отан қорғау үшін қандай да болсын қауіп-қатерден тайынбайтын,
«Жаным – арым садағасы» деп патриоттық ар-намысты берік ұстайтын адамдарының бейнелері. Жазушы өз геройларының мінез-кейпін бетінше әсерлемей, өз қалпынша, өз қырынша адал, жақсы бейнеледі. Бұрын бейбіт заманда әрқилы іспен айналысқан кейбір қарапайым, өзінше мінезді әр алуан адамдар енді мынау жан түршігерлік соғыста мінез кейпінің ерекшелігіне қарамастан, зор ынтымаққа, қажырлы қайсарлыққа ие болып, қалай шыныққандығын, кітаптағы майдан оқиғаларынан сүйсіне түсінеміз.
Дұшпан ажал аузын ашып сені, бүкіл еліңді жұтамын дептұрғанқияметшақтатемірдейқатаңтәртіп,құдіретті айбын да қажет. Соғыс өнерінің, әскери дәстүрдің сыр- сипатын бойына мол сіңірген командир Момышұлы сол қатерлі кезеңдерде өзі басқарған әскери бөлімді қатал соғыс заңына бағындыруды шарт етеді, мұның мұраты
– жоғарыдан берілген бұйрықты бұлжытпай орындау, жаудан шегінген кезде, қайта тойтарыс беру, нысанаға алған шепті жаудан тартып алу.

Тәртібіне берік командир қарауындағы кіші командирлерге кейде өктем, кейде өкпелерліктей қырыс мінездер де білдіріп қалғандығын аңғартады, артынша бір әрекет соңынан солармен әзілдесіп, жылы ұшырап кеткендігіне сүйсіне таң қаламыз.
Сол, қатаң мінез білдірдім-ай деген, жауынгері жайында майдан үстінде артынша елжірей толғанып, аяушылық сездіріп, күйзелгенін көреміз. Бұл жөнінде лейтенант Брудный жайындағы оқиғаны мысалға алсақ та жеткілікті. Бұл жайдың өзі әрі шын, әрі пейіл бере шебер суреттелген көрініс болғандықтан автордың өзіне сөз берейік: «Брудный қара торы, орта бойлы, мөлдір көзді, қыр мұрынды келген сымбатты жас жігіт. Бұл жолы көзі құр сүледей кіртиіп, ерні көгеріп, сағы сынған, жасыған. Олай болуының екі себебі бар. Біріншіден, күні бойы дамылсыз жорықпен өткен соғыс азабы кімді қажытпасын. Екіншіден, бұрын арсалаңдап әлі еркелегі басылмаған, бірақ та өте пысық, ширақ жас лейтенант бұдан бір жеті бұрын тосқауылда взводымен тұрып, жау бастырмалатып келе жатқанда рұқсатсыз позициясын тастап шегінгендіктен, мен оған қатты кейіп: «Сен сияқты ұшқалақтардың маған керегі жоқ, қайдабарсаңондабар»,– депорнынаналып, батальоннан қуып жіберген болатынмын. Осылай шұғыл әмір жасаған ашулы комбат екінші бір майдан әрекетінің үстінде райынан қайтып, лейтенант Брудныйды басқа бір бөлімшеге командир етіп жібереді. Кеше ғана өзіне қатал қаһар білдірген комбатынан әлгіндей жауапты тапсырма алған Брудныйды енді өзгеше күйде көреміз:
«Брудный екі қолын сілтеп, адымын кере басып, ентелей жөнелді. Бір аздан кейін қадамы қысқарып, иығы қомдалып, басын шұғыл төмен қарағандай болды. Көзін қолымен сүрткендей көрінді маған ол. Мен оған жұдырығымды көрсетіп:
– Не смей плакать! – деп зекірдім.
– Есть не плакать! – деп жауап қатты да, маяға қарай

жүгіре жөнелді. Мен оның даусынан, жүгірісінен қуаныш сезімін байқағандай болдым. Оның соңынан қарағанда көзім жүгіріп бара жатқан лейтенант пен шөп маясы сағымдай бұлдырап кетті. Көзімнің жасын бір сығып алып, басқа взводтың позициясына қарай жүгіріп кеттім».
Байқап отырсыздар ма, «Көзімнің жасын сығып алдым», - деп отыр қайсар комбат. Қандай психологиялық мән-сыр жатыр осы бір көріністе! Жоқ, командир – қаталдық үшін жаралмаған екен, бұл комбаттың жанында адамгершілік қасиет, адамға тән ізгі сезім құбылыс күшті екен, енді кеше қытымыр күй сездірген адамына соғыстың темір заңын ұмытып, бауырмал Бауыржан елжірей қалды.
Тағы да сол Брудный тағдырына оралайықшы, мынадай шынайы аянышты халге қайтіп тебіренбессің!
«Оң жақтан қиян-кескі атыс болып жатқанда біреу жүгіріп келеді. Осынша аласұрып ұшып келе жатқан кім екен деп тұрмын. Жақындай бергенде мен сырт пішінінен Брудныйды таныдым. Ол дауыссыз маған қарай жүгіріп келе жатыр... Маған жете бергенде мұрттай ұшып құлады да, етпетінен жатқан орнынан қозғалмады. Мен еңбектеп қасына бардым:
– Брудный!
Онда үн жоқ, тыныс та жоқ, мен аударып шалқасынан жатқыздым.
– Брудный!
Үн де жоқ, тыныс та жоқ. Тек қара торы, үлпершектей жас жүзінде бусанған тер дымқылы жылтырайды...
– Брудный! Брудный, жауап қатшы, бауырым! Жауап қатшы! Сен неге оқ астына жүгірдің? Маған не айтпақ едің? Ә, бауырым!
Жаңа ғана айналасындағы арпалысқа бүркітше көзі шатынап ақырып тұрған айбатты командирді осынша елжіреткен күйректік дермісің? Жоқ, адамгершілік сезім, адам тағдыры. «Соғыс – өлім ұясы. Соғыс – соқыр

және мылқау. Ата қайғысын, ана зарын ол естімейді, зарлап айта білмейді!». Лейтенант Брудный ажалын аза тұтқан Бауыржан осылайша күңіренеді. Міне, майдан лирикасы осылай болмақ.
Үрдіс мінезі бар командирді майдан үстіндегі өзгеше өнеге, әділдікке әм турашылдыққа, соғыс тәртібін берік сақтау тәліміне, батылдыққа және тапқырлыққа үйретуші атақты генерал Панфилов екенін автор кітабының ұзын бойына ыстық сыр етіп отырады.
Соғыс заңына лайық қаталдықпен қоса жауынгерлерге деген мейрімділік білдіру, әділ, турашыл шешімдер айту секілді жақсы әдеттер де осы ізгі, айбынды генералдың дәстүрі болып суреттелген. Даңқты сегізінші гвардиялық дивизияның қолбасшысы болған генерал Панфиловтың ерлік атағы да, есімі де күллі Отанымызға, оның ішінде біздің қазақ халқына ерекше сүйікті еді. Москваның неміс басқыншылары айдаһардай аузын ашып жан-жақтан шырмаған шақта, қарулы қолдарымыздың ішінде жауға айрықша тойтарыс бергеннің бірі, Панфилов басқарған дивизия екені де мәлім.
Генерал Панфилов басқарған әскери қолға жау шабуылының аса бір түйінді беті Волоколамск атырабында берік бекініс жасау, жауға сол шептен тойтарыс беру тапсырылады. Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабынан осы дивизияның басындағы ауыр халдерді айқын сезінеміз. Бірақ жазушы бүкіл дивизияның әл-әрекетін түгелдей суреттемейді, өзі басқарған батальонның жанталас жағдайлардағы арпалысы арқылы және қалың қолдың осы бір шағын бөлігіне ерекше назармен қолбасшылық еткен генерал Панфиловтың шешімі, толғамы, әбігер өмірі арқылы сол бір тұстағы майдан сипатын жеткізе әсерлі сипаттаған.
«Мұздай темір құрсанған» жау алапат машиналардан от боратып Москваға ентелей түскенін көреміз. Сұрқия жау қақтыққанды қандап, жаншып келеді. Сондай

халдегі дивизияны басқарған генералдың әскери даналығы аса қажет. Автор өз шығармасында осы ой парасаты кең генералдың қорғаныс майданындағы тапқырлығы мен табандылығын елестететін бірнеше есте қаларлық көріністер береді. Мұндағы соғыс тактикасы жайын әскери білімпаздар айта жатар, ал осы совет генералының адамгершілігі мен білгірлігін бейнелеген Бауыржанның суреттеулері оқушының жадында қалмақ.
Генерал Панфиловтың әмірін Отан парызындай берік орындауға серт еткен жауынгерлер мен командирлердің шегінуге хақысы жоқ. Бірнеше көріністерде батальон ерлерінің ажал төнген шақтарда да осы сертті берік сақтағанын автор жақсы бейнелеген. Мұхамедияров, Краев сынды командирлер Бауыржан кітабында сондай ерлікке, табандылыққа бастаушылар. Әсіресе саяси жетекші атақты Клочковтың ерлігі ерекше жыр. Қалың жау қамалап отпен шырмаса да, жан-жағын үрей басып алысса да коммунист Клочков шегінер емес. Ол темір тажалдарға – бір топ танктерге қарсы қасқая жүгіріп: «Россия ұлан байтақ, бірақ шегінуге жол жоқ, артымызда Москва!» деп қаһармандық ұран тастайды.
Генерал Панфилов Бауыржанның батальонына қауіпті тапсырма жүктейді. Сол жорықта жүргенде Момышұлы жауынгерлерімен бірге жау қоршауына түседі де, бұрынғы шептен ауысып, өз бетінше ұрыс ашады, жау алқымға алған жанталас жағдайда Момышұлы өзінше шешім алып, қоршауды жанкештілікпенжарыпшығады. Екіншібіртапсырмада
– бұл батальонға неміс басқыншылары шырмаған алты қыстақтың бірін ғана басып алу жүктеледі. Бұл жолы батальон, жағдай әмірі бойынша, өзінше шешім алып, сол беттегі алты қыстақты бірдей басып алады. Басшылық бұйрығын бұлжытпай дәл орындауды өзіне парыз көрген қатаң тәртіпті командир осы бір өзінше кеткен әрекеттерді ағат бастым ба деп, мейлінше

күпінгендігін көреміз. Осындай бір жаза бастым ба деген кезеңде өзінің Панфиловпен кездескенін Бауыржан ұмытылмас сырдай ғып шертеді:
«Сіз сияқты кез келген аға лейтенант дивизиядан бір-бір батальонды бет алды суырып алып кете берсе не болмақпыз? Сіз сияқты пайдасынан зияны мол батальон командирінің маған енді керегі жоқ». Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса әділ үкімді естуге өзімді-өзім дайындап едім. Ал енді болса, генерал менің алдымнан шығып, рапорт айтуыма мұршамды келтірмей шапшаң басып қасыма келіп, қолымды қос қолдап қазақша алып, сәл қиғаштау қара көзімен маған тебірене, қуанышты жүзі жайдарылана қарап, көпке дейін қолымды қолынан босатпай тұрды...»
Міне, осы секілді дәл мағыналы көріністер арқылы жазушы генерал Панфиловтың абзал қолбасшы екенін айқындап отырады, өз әрекетіндегі оқыс жайларға ұстаздық, әкелік пейіл білдірген генералды дәріптей паш етеді. Сондықтан да Бауыржанның генералдың мұндай келбеті өзімнің марқұм қарт әкемді есіме түсірді деп сол сәтте әке жайлы әңгіме шертіп кеткені де орынды және шебер келтірілген. Айта кетерлік бір жай, Бауыржан кітабында жауынгерлер мен командирлер жайында осындай қызықты шегіністер беріп отырады. Мұнысы жазушының жақсы бір тәсілі.
Бұл кітапта көбімізге күңгірт қилы-қилы майдан сырлары да ашыла кетеді. Соғыстың алғашқы жылында болған өкінішті шындықтар – шегініс, құрал тапшылығы, әскер күштерінің шепке тез жеткізіле қоймауы сияқты қиын жайлар нанымды және күйіне суреттелген. Бірақ генерал Панфилов та, оның шәкірті болған Бауыржан сынды командирлер де тоз-тоз болып шегінуді арсыздық әдет, жан сауғалық тәсіл деп білген. Жазушы осындай сұрықсыздық жайға кітабында бірнеше бет арнап «Қашып шыққыштарды» өлтіре мазақ етеді. Бұл ретте генерал Панфиловқа

қоршаудағы өз бөлімін тастап қашып жүрген басқа бір дивизияның майоры ұшырайды. «Өз бөлімшемді өзім талқандап шықтым десеңші», – деп Панфилов сол майорды ызалы кейіспен мұқатады. Тап осындай, әскери тозғындап кеткен генерал Старковтай тағы да бір бригада командирінің мүшкіл халін жазушы ащы мысқылмен батыл ашады. Мұндағы логика – жаудан қашқан солдат – сорлы, әскерінен айрылған қолбасшы бейшара, бұралқы. Бауыржан паш еткен бұл жайттар соғыс заңынан туған зор мағыналы шындық.
Майдан көріністері – қас қаққанша оқыс өзгеріп, шапшаң жаңарып тұратын айнымалы құбылыс. Адам мінезі де, табиғат көрінісі де лезде өзгеше бола қалуы – соғыс табиғаты, ұрыс-майдан әрекеті, тіпті осылардан да құбылғыш қым-қиғаш қиямет дүние. Осыларды көзі көрмей, сырттан біреуден сұрап алып соғыс тақырыбына жазатындар да бар. Бірақ мынау кітаптың авторы жазған соғыс сипаттары мүлде өзгеше – бұл өзі, сірә, жүрегіндегі фотоаппаратқа майдан құбылыстарын дәйім түсіріп ала берген болар. Бауыржан жазған ұрыс- майдан суреттері – кино елестерінше жарқын, үрдіс көрініс береді. Бәрі де нанымды, әскери бұл суреттерді оқушылар кітаптан қаныға іздер.
Тегінде, Бауыржан адам мінезін, адам пішінін суреттеуге шебер жазушы, іс-әрекетіне, икеміне қарай әрдайым геройларына мінездемесін, келбет- сипатын келістіріп береді. Майдан арпалысының ауыр жағдайында кездескен Панфилов пішіні: «Жүзі тотыққан, әжімдері бұрынғыдан гөрі терең сызаттана түскен, қысқа, бурыл шашы қылтанақтай тікірейіп тұр. Мұрны мен иегі аздап сүйірленген. Бұрын мұқият түзеп жүретін су ағарындағы бармақтың тырнағындай төрт бұрышты қара мұрты бұрынғыдан да гөрі тікірейе өсіп кетіпті... Генерал маған осы жолы бірінші рет қартайып, қажығандай көрінді».
Мынау, қару-жарағы аз, қолапайсыз бір лейтенант

пішіні: Бойы тапал, қас-кірпіктен ешбір белгі жоқ, аузы кере қарыс, салынған қалың ерінді, сойдақ күрек тісті, жылтылдаған кішкене шыны көзі, мақтадан сырып тіккен сатпақ-сатпақ телогрейкасын қаусыра белінен мықтап, жалпақ сары белдікпен буған сары жігіт қысыла төмен қарады...». Ал қайсар командир капитан Кирсановтың атыс үстіндегі ашуланған қалпын Бауыржан дәл және сұмдық пішінде түсіреді:
«Өзі бұйра дудар шашын оң қолымен ұстап алыпты. Бір уыс шашын ет-терісімен қоса жұлып алатындай болып көрінді маған. Мынау адам мұндай сұрапыл ашу үстінде арыстанды да түтіп жіберер деп ойладым ішімнен». Қандай ғажап сурет! Осы айтылған жандар жаңағы болмыстарымен менің есімнен кетпейтіндей, көз алдымда елес қағады.
Бауыржанның «Москва үшін шайқас» атты кітабында шығармалар да соғыс табиғатына, әскери өнерге, жауынгер тағдырына арнала толғанған жақсы келелі пікірлер, тебіреністер бар. Ерлікті патриотизмді ардақтайтын өнегелі парасатты ойлар бар. Соғыстың қаншама ауыр халдерін қинала суреттесе де қайсар оптимизм еседі бұл кітаптан.
Осы кітаптағы естеліктер мен қысқа әңгімелерінде Бауыржан өзінің майдандас достары туралы ыстық сырлар шертеді. Генерал Панфилов, солдат Грицко, старшина Редин жайындағы әңгімелері әсем жазылған және оқушыны толқытарлық дүниелер. Осы әңгімелердің ішінде Советтер Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаров туралы да елеулі эпизодтар берілген. Жол-жөнекей айтарлық бір жай, елімізге ардақты болған бұл екі ер жайында командир, майдандас жазушы бұл кітаптағыдан гөрі толығырақ сыршыл жәйттерді әңгімелесе бұдан тартымдылау болар еді. Сондай-ақ жеке қазақ жауынгерлерінің өнегелі ерліктерінің суреттелуі де әлі қажет-ақ.
Жауынгер жазушының тіл өрнегі де жатық,

бейнелеу, әсірелеу құралдары да епті, майдан әрекетіне адам мінез-құлқына лайық өтімді, әсерлі теңеулер, суреттер беруге машықталған. Тек кейде ғана байқаусыз айтылған «Менің начальник штабым», «Командир полкім» деген сияқты қазақ сөз құрамынан тыс тұрған тіркестер кездесетіні бар. Әрине, тіл ұстарту – бәрімізге ортақ парыз.
Сөз болып отырған кітапта Бауыржан жазған бір алуан өлеңдер мен мақал-мәтелдер бар. Бауыржанның ақындық өнері де бізге қызғылықты. Мұнда жауынгер ақын кешегі Махамбетше толғанады. Бұл өлеңдерде ойлы, мағыналы толғаулар, жауынгер лирикасы бар. Тегі Бауыржан өлеңдері жеке талдауды қажет етеді.
Парасаттан, терең барлаудан, әскери өмірден шыққан мақал-мәтелдері де мағыналы, өнегелі. «Арлы адам – ардақты, Ар – ардақтың анасы». «Қайратыңа әдісіңді жолдас ет, әдісіңе ақылыңды жолдас ет», «Әдіссіздік
– әлсіздік», «Ептілік те – ерлік», «Елсіз ер болмайды»,
«Командир – аға, солдат – іні», «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» деген секілді көптеген мақал- мәтелдері халқымыздың дана нақылдарымен өзектес.
«Москва үшін шайқас» – Бауыржан Момышұлының соғыстың алғашқы жылдарында өзі комбат болып жүрген шақта майдан әсерлерінен алып жазған келелі шығармасы, бұл шығармасы жауынгер жазушының әдебиетімізге қосқан ерекше үлесі болмақ. Бірінші кітаптың соңында, біз полковник Момышұлының дивизия командирі болып жорыққа шыққандығын аңғарып қаламыз. Әдебиетімізге әуелі батальонмен, содан кейін полкімен келген әскери жазушымыз, ендігі шақта дивизияға барабар шығармаларымен келер деп әбден сенеміз. Ал Ұлы Отан соғысында халқымыздың ерлік даңқына ұмытылмас үлес қосқан еліміздің ер- азаматы Бауыржан Момышұлының қазір әдебиет майданында да айбынды қайрат шеккенін біз, оны жазушы достары, шын қуаныш етеміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу