Өлеңдер ✍️

  30.03.2022
  84


Автор: Абдрахман Асылбек

Екі көз бен бір бас

Мұрынның
Қырының
Екі жағында екі көз тұрды,
Міндеттерін сөз қылды,
Күндестіктерін қоздырды:
Оң көз күлімдеді.
Сол кезде
Сол көзге:
– Ұғын, – деді, –
Оң көзімін иемнің,
Дүниені сүйемін.
Біреудің бақшасына,
Біреудің ақшасына
Қызыға қараймын,
Бұзыла қараймын.
Бергенді жақсы көремін,
Бермесе, бақсы дер едім.
Сол көз айтты:
– Ей, інім,
Жаман екен пейілің.
Қылғу болса құлқының,
Көпке бармас бұл күнің.
Ал, мен болсам әманда,
Ардан безген адамға
Тесіле қараймын,
Өшіге қараймын.
Жалын атып, шоқ болып,
Қадаламын оқ болып.
Өңменінен өтемін,
Жүрегіне жетемін...
Бас жеткізді ойын дәл:
– Бос таласты қойыңдар.
Дүниеқоңыз ашқарақ
Шыққыр көзді ойыңдар.
Мына байтақ ғаламға,
Құбылмалы заманға
Қараңдаршы басқарақ.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу