Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  101


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЛАТАУДЫ ЖЫРЛАЙМЫН

Ей, Алатау!
Мұнша әсем болармысың,
Құзыр болған құзыңа қонар құсым.
Дүниенің бар көзін жаулап алып,
Ата ерліктің көрсетші жоралғысын.
Көк те сенен сескеніп қашқақтаған,
Өр мінезді ең
Айбарлы асқақтаған.
Бір қарамай өзіңнің келбетіңе
Кісінің жүрегіне ас батпаған.
Ақ күміс қар жарқырап самайыңда,
Асқақ қарап тұрмысың сан айдынға.
Шыңдарыңды айналып ұшқан құстай
Қасиеттер қаптап жүр маңайыңда.
Жырсың алып,
Сомдалған жырсың алып,
Жан-жағыңа қалыпты нұр сыланып.
Өрен туған ерлердің тұлғасы боп,
Қашалуға шыңдарың тұр сұранып.
Кімдер шықсын алдыңа таласа кеп,
Сені көріп қуанам балаша көп.
Кім екенін
өзінің тұрғаны айтып,
Айтса өзіңді біреулер аласа деп.
 Сен тұрғанда Алатау еңсем биік,
“Асылымды, - деп келем, - берсем жиып”.
Кең даланың сен де бір ақсақалы
Шыға келген басына сеңсең киіп.
***
Самал да еспей бұл кезде қарысты күн,
Жалқын тілді аптаппен табысты құм...
Аспан асты әдейі жиып апты
Дүниенің бар жалын,
Бар ыстығын.
Жаратқасын табиғат иықты етіп,
Тауға көл де орнатқан биіктетіп.
Дүниенің бар жауын, нөсері де
Тұрады ылғи осында құйып кетіп.
Ғұмыр бойы сарғайып сағыныштан,
Арман ба бұл аспанмен шағылысқан.
Тау төсіне осы көл орнап қапты,
Қалған көктем секілді кәрі қыстан.
Қуаныштың желіндей жеткен есіп,
Шырағы көп,
Жатпайды шеттен өшіп.
Сонан, сірә, болар-ау
Бұл Алматы
Жан-жағына жайылып кеткен өсіп.
Жарқ-жұрқ етіп жанардың ұшқынымен,
Сөйлеп және жатады құс тілімен.
Алатауға барғандар,
Барады осы
Лапылдаған жүректің ыстығымен.
 Күн де мынау барады қатты күйіп,
Құз емшегі кеткендей ақтық иіп,-
Тау басына орнаған
Көлге осынау
Жан-жағынан қар еріп жатты құйып.
Жарқылдаған көзінде шырақ толып,
Бақыт құсы жүрмепті жырақ қонып.
Сонан ба екен
Бұл таудың кетсе керек
Тұла бойы тепсінген бұлақ болып...
Хабар айтып апаттың нелерінен,
Өте шықты желпініп жел өрінен.
Көлге осынау барлығы құйған кезде
Бара жатты су да асып кемерінен.
Ірге теуіп қасиет тұрақтаған,
Мекен-жай бұл өмірдің нұры аттаған.
Көл кемері бұзылса...
Кетер еді-ау,
Қаншама адам тау төсін шуақтаған.
Қайғы жетер жармасып желегіне,
Қайдағыны еске алып керегі не?
Жуытпаймын ажалды
Адам түгіл
Туған жердің көк өрім терегіне.
Мың айналдым аяулы Алматымнан,
Саған ұқсап тұрса екен таңда тұлғам.
Жарылыстан жаралған жойқын көлге
Қос шыңды атып
Тау бөгет орнатылған.
 Мейлі мені ер десін,
Ездеу десін,
Тіршіліктің мұрат па көздеу төсін.
Табиғаттың топан су ойранына
Табиғаттың тосамын өз кеудесін.
Гүлмен,
Жырмен көмкеріп байтақ қырды,
Айналасын Алатау байқап тұрды.
Төсіндегі айдын көл жарқырайды,
Жаралғандай тербетіп шайқап нұрды.
Мұны көрген кісінің есі кетер,
Сұлулығы ұшан ғой несіп етер.
Бөктерінде Медеу тұр асқақ қарап,
Талай саңлақ жүйріктер есіп өтер.
Көрген кісі өрнегін нұр балаған,
Қандай шебер тастардан жыр қалаған.
Көрінеді төменнен қарасаңыз
Сияқты боп аспаннан сырғанаған.
Жараспай ма серіге,
Салға бәрі,
Ата ерлікті әкеткен жалғап әні.
Төреші боп әлемдік жарыстарға
Медеу сонан келеді самғап әлі...
Жата берсін қашанғы дөңгеленіп,
Кете алмады жылқыдай желдеп өріп.
Айналасын тау қоршап жібермейді
Ақпақ еді арқасын кеңге беріп.
 Өркеш-өркеш шыңдардың арасында,
Тұрғандай-ау осы көл дара сында.
Кемерінен асуға сәл-ақ қапты
Шайқатылған шараптай шарасында.
Айдынымен аймалап нұр ұстаған,
Бойын көл тұр
Жаза алмай құрыстаған.
Назар салшы бұл күні
Қаншама адам
Тау төсінде дамылдап тыныстаған.
Құздың қары еруде –
Сызы кетіп,
Айдын көлдің толқынын жүзік етіп.
Тасуда әлі құрғыр көл
Бөгесінді
Кетер ме екен, япыр-ай, бұзып өтіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу