Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨТКЕНГЕ СӘЛЕМ

Жазы қалып өлкемде,
Күзі кеткен,
Көне тілін тарихтың тізіп өктем,-
Армысыңдар, кемеңгер данышпандар,
Ойдың терең теңізін жүзіп өткен.
Өткірлейміз біз әлі семсерді де,
Тасқа тиіп оқыста жүзі кеткен.
Туған жердің кете ме құсы көктен,
Боп тұрғанда күзі жаз, қысы көктем.
Оқ тоздырған сауыт та шежіре ғой,
Күн кемірген даладай тысы кеткен.
 Серке мінез жандардың серті неткен
Бекем еді –
Жастықтың өртін ерткен.
Армысыңдар, ағалар, жалын кешіп
Шымылдығын дүниенің желпіп өткен.
Менен де бір нар жұртым, алшы көктем,
Қыс ызғарын ұмытып жаншып өткен.
Осы күні аңғарып байқағаным –
Зауал туып, жел соқсын қарсы беттен,
Адамдардың өзегі талмайды екен
Әділет пен шындықты талшық еткен.
***
Жүрегім көк аспанға жыр ма атылған?
Жоқ әлде тұңғиыққа сыр ма тұнған?
Кеудемде аласұрып тулайды әлі
Барыстай ну қамыста шырматылған.
Даламның желі ескенде аңқылдаған,
Мен талай төсінде оның салқындағам.
Өр далам, елеңдеген жоқсың ба, айтшы,
Сондағы даусымды естіп саңқылдаған.
Төсіңнен, жасыл далам, шырақ табам,
Жерім жоқ әзір сенен жырақтаған.
Жел қуған қаңбағың да
Сенің мынау –
Бәрібір бір шетіңе тұрақтаған.
Сағымыңды сағыныш көші ме деп,
Кең далам, қарай берем төсіңе көп.
Біле ме сенен ұзап кете алмасын
Қонады құстарың да өзіңе кеп...
 ***
Менің екі жүрегім бар:
Өмір боп дүрсілдеген.
Дүрсілдеген,
Бірақ та күрсінбеген.
Бұл табиғат екеуін жаратқанда
Қорғап, жебеп бір-бірін жүрсін деген.
Менің екі жүрегім бар:
Бірі өз кеудемде
Жыр төгіп күркіреген,
Ел-жұртымен қашанда бір түлеген.
Шабыт деген дауылы борай соғып,
Борай соғып тұлғамды сілкілеген.
Жұлдыздарым тұр-ау деп көктен барлап,
Талай мәрте жыр төктім көктемге арнап.
Сол жырларым екінші жүрегім ед
Кең даланың ой-қырын кеткен шарлап.
Көңілімді кім айтты толмайды деп,
Көкірегіме қасиет орнайды көп:
Шабуылға шықса егер бір жүрегім,
Екіншісі оны оқтан қорғайды кеп.
Олар да Антей –
Жүргенде жер төсінде,
Тартып алар тәңірдің бермесін де.
Бір жүрегім өлгенмен,
Екіншісі
Дүрсілдейді елімнің кеудесінде.
***
Көз алдыма сан сурет тізілмеген,
Кезім бар ма жанарым сүзілмеген.
 Сапарларын ағады жалғастырып,
Біткен істер –
Ғұмыр боп үзілмеген.
Тұрған кезде жүніңді түтпей жалған,
Үміт,
Тірлік кім-кімде күтпейді алдан.
Ерте үзілген ғұмыр деп түсінемін
Жұмыстарды кезінде бітпей қалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу