Өлеңдер ✍️

  14.03.2022
  93


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАУАТАР БАТЫРДЫҢ АЙТҚАНЫ


Сөйлеп кетсем, тартамын төтесінен,
Тәңірдің де қорықпан көкесінен.
Бұзау тісім сілтенсе...
Қара нарды
Қақ айырып тастайды шекесінен.
 Халқым – садақ
Атылар жебесі мен,
Қорғандарды сөгетін көбесінен.
Түстендім бе, зор құрмет көрсетеді,
Пайғамбарлар жорғалап төбесімен.
Көрсетсе егер жырынды жауызды анам,
Қанын шашып табанда ауызданам.
Тірі жүрсем,
басымнан сөз асырман,
Асырам ба
табанда бауыздалам.
Жасқа келдім немере “аталаған”,
Көңілімді бұл емес қапалаған.
Шөл даладай құлазып қалғаным жоқ
Ала жаздай нәр тамбай қаталаған.
Көкірегіме көк дауыл өлең кіріп,
Көкжиектің іргесін келем түріп.
Алам деген ажалы болмаған соң,
Алшаң басып әлі де келем жүріп.
Сірі жаным еліріп өктемдейді,
Өктемдейді, жаманға кектенбейді.
Жұрттың құдай дегені,
Менен қорқып,
Қашып шығып көгіне кеткен дейді.
Сүйемесін сүрінсем біреу келіп,
Жығылсам да кете алам түрегеліп.
Мен қалайша сүйенем өзгелерге,
Өзімді жұрт жүргенде тіреу көріп.
 Дүбірі боп тұяқтың жол жырланған,
Нар кескен боп жоталы жон қырланған.
Тоға сынды төбелер
Қос қарымның
Бұлшық еті сияқты шоғырланған.
Қара бұлтын арқалап аспан көшкен,
Өмірімді қайталап бастан кешкен.
Тұлан тұтқан ол менің кезім еді,
Теңіз беті боп жатса астан-кестен.
Көздің жасын сорап қып жосқылаған,
Тауым бар ма дауылдан бос құлаған.
Бұлтты күні жарқ-жұрқ еткен найзағайлар,
Кезім еді аспанды осқылаған.
Омырауын тұлпардың терге көміп,
Көсілемін отырман төрге шөгіп.
Мен осылай аспанды осқыласам,
Жібереді нөсерін жерге төгіп.
Шалып әлі көрген жоқ денемді үсік,
Келем, міне, тұлпармен белеңде ұшып.
Ойпаң жерлер – бұлқынып ышқынғанда
Салмағымнан кеткен жер төмен түсіп.
Түлеп, жайнап қаламын ақпанда іштей,
Өн бойымда бұлқынып жатқан күштей.
Аттан түссем... елімді жау шабардай
Келем содан мен әлі аттан түспей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу