Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  354


Автор: Рафаэль Ниязбек

ХАТ

Жанарым жарылып шашыпты от,
Сонан ба мен жүрмін күйге енбей.
Көп қыздар жүр маған ғашық боп,
Мен жүрмін оларға үйленбей.
Бар болса бар шығар менде екпін,
Жүргем жоқ өмірге күшік боп.
Әйтсе де тәп-тәуір тентекпін,
Бөлмеңді қағатын ішіп кеп.
Қонса да жанарға жақын мұң,
Жырымды ұқпасаң – Айға ұсын.
Ішетін кезі бар ақынның,
Еске алып кей сәтте қайғысын.
Сөйлейін, сөйлесем от тілмен,
Жұлдызым жанған шақ бұл күнде.
Өзіңді ұмытқан жоқпын мен,
Жүректі жоғалту мүмкін бе?!
Қараумен көгілдір елеске,
Арада тағы бір жыл өтті.
Түсінбеу күнә емес пе,
Мендегі үлкен жүректі.
 ***
Көңілімнен бұлақ-өлең жиі ақты,
Толқынымен көме салып қияқты.
Жанарың бір ойнап тұрған ақ семсер,
Назағайдың жарқ еткені сияқты.
Жігіт едім, имей өттің басыңды,
Бірақ мен де көрсетпедім жасымды.
Дүние түгел жоқ болатын сықылды,
Тәкаппар қыз, қағып қалсаң қасыңды.
Тәкаппар қыз, күліп бақыт тоспайды,
Бұл сөзімді барлық тірлік қостайды.
Біз жүретін жолдар біреу болғанмен,
Тағдыр қатал бірақ бізді қоспайды.
Тәкаппар қыз, бұршы бері бетіңді,
Бір сен жайлы ой ойлаймын не түрлі...
Төмен қарай құлап түскен қос бұрым,
Бізді қоспас қара жолдар секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу