Өлеңдер ✍️

  13.03.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАЙЛАУ ҚАЗАҒЫ

Жайлаудың күле көрме қазағына,
Қаласың қайта оның мазағына.
Үйіне шай ішуге түсе қалсаң,
Сабазың қазы салар қазанына.
Мейлі сен дана болмай бала болғын,
Қайтсең де қазақ үйін ала қонғын.
 Аулына аттың басын бұрмай кетсең,
Тартады мына байтақ дала солғын.
Қонағын бұлбұл болса сайратады,
Жаныңды сазды әуенге қайратады.
Соярға дым таппаса,
ең ақыры
Бәйге атын белдеудегі жайратады.
Ертеңгі күніне ол қарамаған,
Кедейі кедейге өзін санамаған.
Ішкенде шөлдеп келіп саба қымыз,
Таңдайын жібітуге жарамаған.
Е, бұлар қашан көрсең тасып өткен,
Жалғанды жалпағынан басып өктем.
Сый көрген қонақ өзі айтып берсін,
Қазағым сыйламаған жасық етпен.
Жаз өтіп, әлі-ақ енді күз келеді,
Жасылды жазық дала түске енеді.
Бір сәтке қонақсыз боп қалса қазақ
Өздері бір-біріне түстенеді.
***
Тұлпарын алыс жолға баптағанда,
Жігітке бата алмаса бақ қонар ма?
Алдымен малдың бірін бауыздайды,
Қазақтар атқа қонып аттанарда.
Әдетте бұл қазақтың бір белгісі,
Болғандай әзірге осы білген ісі.
Мәнісін түсінгендер аттан түсіп,
Жайымен кете берсін күлген кісі.
 Не жетсін кезі келсе тасығанға,
Жігіттің малынбасын басы қанға.
Қарғысы жау қайтарып бұл қазақтың,
Батасы қайрат берген жасығанға.
Сол күйді тартады, әне, дала тынбай,
Қос ішектен жұлдыз ағып жанатындай.
Қазақтар аттанбаса ақ батамен,
Жорығы сәтсіз болып қалатындай.
***
Ата қазақ жанарыңда жатыр мұң,
Сен үстіне сан құладың татырдың.
Туырлықты жаулар түріп келмесе,
Біз қадірін білмес едік батырдың.
Мұндай шақта мықтысы абзал тақымның,
Байқамасаң жанарыңа жақын мұң.
Батырлардың ата ерлігі болмаса,
Біз қадірін білмес едік ақынның.
***
Қиындыққа төзеді жан ысыла,
Ширығудан тасады қаны, сірә.
Қан ұрыста сынады сынса семсер,
Ер жігіттің өтпеуден намысына.
Тірі жаннан ығып ол жыламайды,
Көз жасын да көрсетіп бұламайды.
Құласа ат құлайды қан ұрыста,
Аттан бұрын ер жігіт құламайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу