Өлеңдер ✍️

  07.03.2022
  91


Автор: Абдрахман Асылбек

Жүрсең сен аясында Алматының

Жүрсең сен аясында Алматының,
Табасың саясында жанға тыным.
Қайтесің Қара теңіз, Қырымдарды?
Артық жер Алматыдан бар ма, күнім?
Қайыңды, қарағайлы бақтары бар,
Медеудей мың бұралған шатқалы бар.
Асқарлы Алатаудың рақатын
Көгінде аунап-қунап жатқан ұғар.
Көлің бе шортандайын шомылатын?
Қызуың басылғанша шомыл, ақын.
Арулар – айдын көлдің аққулары,
Қонады өзі келіп қолыңа күн.
Кафе ме қанып ішер іздегенің? –
Бұл жерде саналады жүздеп оның.
Шылымын бұрқыратып, виски сорып,
Шіреніп отырады қыз дегенің.
Қадалып қара көздер сүрмелеген,
Кейлектер көлбеңдейді бүрмелеген.
Ақ тондер аржағынан арайланып,
Туады толқып атып бірден өлең.
Асхана – арман орны Айнабұлақ,
Айнала ағып жатыр майда бұлақ.
Мас болып махаббаттың уытына,
Кетеді сұхбаттасып сайға құлап.
Қияннан көз тартады Көктөбесі,
Көктөбе – өмірдің гүл көктемесі.
Қана алмай қымызы мен қызығына,
Басына шыққан жанның кеткен есі.
Басқаның керегі не жұмағының?
Басқаның керегі не шырағының?
Аяулы Алматыда жүріп-ақ мен,
Ақтарам ағыл-тегіл жыр ағынын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу