Өлеңдер ✍️

  07.03.2022
  103


Автор: Абдрахман Асылбек

Мүсін

Қайда барсам – көз алдымда бір мүсін
Қиялыма қанат беріп жүр мүсін.
Жақсылықтың жаршысындай көремін
Сыңғыраған саф күмістей күлкісін.
Болмасам да асқан шебер суретші,
Жүрегіме салып келем түр-түсін.
Бірақ, оны мендей етіп басқа адам
Бояуының қыбын тауып ашпаған.
Қөңілінде күмбірлеген күйінің
Құпия-сыр пернесін дәл баспаған.
Жалын атып бір жалт еткен жанары
Тілсіз-мұңсыз тұңғиыққа тастаған.
Сапырылған сан мың адам ішінен
Табам оны тұлғасынан, түсінен.
Маған деген көңілінде көктем бар,
Жадыраған жаз боларын түсінем.
Сондықтан да сол бір сұлу мүсінді
Өмір бойы жүрегіме түсірем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу