27.02.2022
  203


Автор: Пернебай Дүйсенбин

БIЗ ҚАЛАЙ «ГЕНЕРАЛ» АТАНДЫҚ?

 


 


Машина әлi жүрiп келе жатыр. Ендiгi әңгiмемiз Оразға ауысқан.



  • Ораз қайдан iздер екен, ә? – дедi өмiр.

  • Қайдам? Болат иығын қиқан еткiздi.

  • Бiздiң темiр сауыт iшiнде жүрiп жасаған саяхатымызды естiгенде көзi атыздай болатын шығар.


 


Болат:



  • Сенбесе қайтемiз? – дедi.

  • Е, неге сенбесiн, әкесi айтпай ма екен?

  • Сонда әкесi қайдан бiледi?

  • Туњ, сен қызық екенсiң ғой өзiң. Қазiр сиырлы ауылға барғанда сыртқа шықпаймыз ба? – дедi өмiр.

  • Ойбай, Ораздың әкесi бiздi ұстап алып, ұрып жүрсе қайтесiң?

  • Е, неге ұрады, азар болса бiр ұрсар. Есесiне атымыз шықпай ма! Мұны айтқан өмiр.

  • Шынында да, қорқатын дәнеңе жоқ…


Машина кiлт тоқтады. Қабина ашылды да, сарт етiп жабылды. Iшiмiз солқ ете қалды. Мен көйлектi тартып ала қойып, қақпақты ақырын ғана жаптым.


Үн-түнсiз отырмыз. Ораздың әкесi әлдекiмдермен қауқылдаса амандасып жатты.


Аздан кейiн-ақ ауылдың қара борбайларының машина маңына топтала бастағанын дабырларынан сезiп отырмыз.



  • Молоковоз! Молоковоз! – деп шу-шу етедi.

  • Қандай әдемi!

  • Сап-сары екен, ә?

  • Менiң машинам!

  • Қой, ей! Әлкен ағай саған бере салар!

  • Е, неге бермейдi. Ол бiзге туысқан!


өздi-өзi дауласқандар үнi бiзге сәл күңгiрлеп естiледi. Байқаймын, ересектер едәуiр ұзап кеткен сықылды. Балалардың екi-үшеуi кабинаға мiнiп алды. Мен қақпақтың арасына төс қалтамдағы қарындашты салып, саңылаулап қойдым.



  • Гүр-р-р, Гүр-р-р! Ей, Хасен, былай тұр жолдан, мен Алматыға бара жатырмын! – Гүр-р-р, гүр-р-р! – деп жұмсақ орындықтың үстiнде ойнақ салып, машинаны солқылдатып қояды бiр бала.

  • Бере тұршы, әй, бере тұршы, мен де кiшкене айдайын! – дейдi екiншiсi өлердей жалынып.

  • Жоқ, саған айдауға болмайды. Правоң жоқ. Егер милиция ұстап алса қайтесiң?

  • Әй, әй, кiшкене бере тұршы сонда да. Милиция жоқ жолмен жүремiн ғой.

  • Жоқ, болмайды дедiм ғой мен саған. Жолды көрдiң бе анау, қаптаған қалың машина. Бiреуiмен соқтығып қалсаң қайтесiң? Кiм жауап бередi, айтшы!

  • Соқпаймын. Бершi-ей, кiшкене!

  • Жоқ, болмайды деген соң болмайды. Бала болмасайшы… – Гүр-р, гүр-р. Әлгi бала тiптi машинаның қырдан ойға, ойдан қырға салған сәттегi мотор гүрiлiн айнытпайды. Тар саңылауға құлақ төсеп бiздер бiр-бiрiмiзге жымыңдаса қарасамыз.

  • Қазiр бұларды қатырамыз, – деп, өмiр мен Болатқа сыбырладым.

  • Не iстеймiз?


 


– Қазiр қарап тұрыңдар, – дедiм де: – Көк-кө-өк, Кө-кө-өк! Кө-кө-өк! – деп дыбыстадым.



  • өлә! Осы машинаның бiр жерiнде көкек жүр! – дедi екi баланың бiрi.

  • Кө-кө-өк! Кө-кө-өк!

  • Әй, шынында да.


Кабинада отырғандар жерге қарғып-қарғып түсiстi.



  • Әй, еш нәрсе жоқ қой.

  • Е, жаңа естiдiң ғой.


Темiр кеспек үстiне тырмысып шығып келе жатқан аяқтың тықыры естiлдi. Осы сәтте өмiр жол тауып кеттi. Барқыраған құбыжық дауыспен сақылдап тұрып күлсiн келiп. Сәл толас ала бердi де, қайтадан қарқылдады. Дауысы құлағыңды жарып жiбере жаздайды.



  • Ойбай!

  • Ойбай, көзге көрiнбей жүрген шайтан шығар. Бiреуi үрейлi үнмен осылай тiл қатты. Сол-ақ екен екеуi жерге дiк-дiк секiрiп түсiп, қаша жөнелдi.


Бiз цистернадан ендi шығып кеткелi жатқанымызда әлдеқандай ересек кiсiнiң жоғары өрмелеп шығып келе жатқаны байқалды. Бұрыш-бұрышқа бүк түсiп бұға қалдық.


Қақпақ сарт етiп ашылды. Цистернаның үңiрейген аузынан нән керзi етiктiң ақ шаң басқан тұмсығы мен ұзын ақ сойылдың қайқы басы көрiнедi. Ол анда-санда қозғалақтап iнiне кiрiп келе жатқан жыланның басына ұқсайды. Зәремiз зәр түбiне кеттi. «Бiткен жерiмiз осы шығар», – деп ойладым. Болаттың көзi мүлдем ұясынан шығып барады. өмiр болса ақ таяққа бақырая қарап қалған. Келген кiсi:



  • Шайтан болсаң да, перi болсаң да шық былай! – деп ақыра айқайлады. Дауысынан таныдым. Ораздың әкесi. Оған iлесе келген адамдар сыртта гу-гу етедi. Yндерiнде үрей бар.

  • О, не, Әлеке? Адам ба, перi ме, не бәле?

  • Таяқты былай пiспелеп көрсеңiзшi.

  • Әй, Әлкен, байқа. Кiм бiледi, жалғанның жазымы көп!

  • Шық, кәне! Ол аяқ таяғын әрлi-берлi жылмаңдата бастады. Қабырғаға жабысып өлiп бара жатырмыз.

  • Шық, кәне, деймiн! Yнi зiлдi. Бұрынғыдан көрi батылдана бастаған тәрiздi. Темiр кеспек iшiне басын сұғып қарады.

  • Әй? Құдай бiледi, осыларың бағанағы бiр қулар болып жүрмесiн. – Yнi жұмсарып сала бердi. Қолындағы ақ таяқтың сумаңдаған сұм басы сыртқа сытылып шықты. Бiз демiмiздi бiр-ақ алыстық. Жымың-жымың етiп, бiр- бiрiмiзге қарасамыз.

  • Әй, шығыңдар, кәне, шығыңдар! Бәсе-ау, бағана сәлем берiстерiң тым сыпайы болып кетiп едi. Кеңк-кеңк күлiп қояды.


Ең алдымен сүметiлiп мен шықтым. Менiң соңымды ала өмiр, одан соң Болат шықты. Мойнымызға су құйылып, цистерна үстiнде қаздай тiзiлiп қатар тұрмыз. Айналамыз қыран-топан күлкi. Әлкен ағайдың жүзiне қарауға бет жоқ. Қабақ астынан бiр-бiрiмiзге баспалай бұғып қараймыз. Жер-


 


жебiрiмiзге, жекен суымызға жете ұрсар деген қауiп еңсенi көтертпейдi. Қандай жаза болса да мойынсұнған халдемiз.


Ораздың әкесi күлкiден езу жияр емес. Бiр мезетте ол күректей алақанымен арқамыздан қағып-қағып қойып:



  • Мiне, нағыз генералдар деп осыларды айт! – дедi. Бiз жымың-жымың еттiк. – Ой, қуларым-ай, менi қатырдыңдар, ә? Жарайсыңдар, жарайсыңдар! Жүрiңдер ендi, шөлдеген шығарсыңдар, сусын iшейiк, – деп жерге түстi. Салдырлап әлi сөйлеп келедi. – Кәне, кiм айтады бұларды генерал емес деп!


Бiздi таңсық көрген балалар соңымыздан шұбады.



  • Болатты қара!

  • өмiрдi қара!

  • Әдiл ғой мынау!


Барлығы дерлiк бастауыш кластың каникулға шыққан балалары. «Генерал, генерал», – деп бiр-бiрiне сыбырласады. Осы бiр жалғыз ауыз сөз құлаққа майдай жағып, төбемiз көкке екi-ақ елi жетпей келедi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу