27.02.2022
  146


Автор: Пернебай Дүйсенбин

АҚТАЙҚАР

 


Ақтайқар қиналып-ақ келедi. Аузы шыжымдалып, теңделген қос қап ой- шұқанақ кездескен жерде оны теңселтiп-ақ жiбердi. Әкесi көңiлденгендей үнмен:



  • Әлi-ақ көнбiс болып кетедi. Белi толық қатайған жоқ, Саятжан. Әлi-ақ талай жоңышқа тасыр шағың алда, – дедi.

  • Ықы-шүу, ой, шүу! Қолындағы тобылғы таяқпен нұқып қояды.


 



  • Бұл есек деген қу ғой. Жүгi жеңiл болса жатаған болады. Ал ауыр болса, ауылға жеткенше асығады.


Әкесi самбырлап сөйлейдi. Саят өз-өзiнен қуыстанып, бiреу-мiреу естiп, бiлiп қойып, қолайсыз болады деп тынышсызданып келедi. Әсiресе Алмас пен Самат бiлсе қандай күйде болар екен деп қинала ойлайды…


… Бағана кешкiлiк әкесiнiң үйге көңiлдi кiрiсiнен-ақ бүгiн де сау емес екенiн сезген. Жанбике шешесi:



  • Тағы да бөгiп келгенсiң-ау, ә! – деп алая қарады. Бiрақ әкесi қыңған жоқ, арсыз кейiпте ыржың етiп, оған бiр қарады да:

  • Ә, бәйбiше, кешiр, әлгi жiгiттер кездесiп қап! өзiң бiлесiң ғой! – дедi.

  • Сенiң де, жiгiттерiңнiң де таусылар күнi бар ма осы! – Даусы алғашқыдай қатқыл емес, жуастау шықты.

  • Ойбай-ау, неге таусылсын. Жiгiт адамға жүз жолдас аз бола ма?

  • Ей, қойшы, қайбiр оңған жiгiттер дейсiң соларың.


Екеуi жаяукерiспен бiраз жерге дейiн барысқан. Саят соңғы кезде әкесiне ылғи да бiр бөгде түстi адамдардың жиi келiп-кетiп жүргенiн көрген. өздерiнiң машиналары бар. Ылғи бiр көк қасқа, қалдай ағаштары тым биiк. Әлгi ең жүрдек, ең мықты деген машиналар ылғи түнге қарай келедi. Мәуленмен ара-жiктерi бiр ажырамайды.


Әкесi олармен көбiне оңаша кетiсiп, оңаша сөйлеседi. Бiрақ бұл адамдар келгенде Жанбике шешесi ауыздың таныс келiм-кетiм кiсiлерiндей емес, ерекше күтiп, түннiң бiр уақытына дейiн отырғызып, сыйлап та жiбередi.


Дастарқан үстiндегi әңгiмелерiнiң көбiнiң астарын түсiне де бермейдi. Жұмбақтап сөйлейдi. Ара-тұра ұққандай болса, әңгiме өрiсi – iрi мал, теңге, жылқы, қызылжағалылар секiлдi сөздер. Бiрақ бұлар үй iшiнде көп айтыла бермейдi.


Олар үйге еш қонбайтын. Кейде сөз арасынан Құрымбайдың есiмi қылаң берiп қалады. Мұндай шақта Саят елең етiп, басын көтерiп алады. Мүмкiн, Шәрiп атай мен Yмiт әжей туралы да әңгiме айтылар ма екен деп көңiлi тыншымай, құлақ тiгiп, елеңдей бередi. Бiрақ күткен ниетi ылғи да жауапсыз қалады. Бұған ол iштей ренжiп қалушы едi. Осы жаққа келгелi Шәрiп атайдың есiмi бiр-ақ рет аталды. Келген қонақтардың бiреуi бiрде күлiп:



  • Жаным-ау, мына бiр есегiңе қайранмын. Шiркiн, сабаздың бiр жерiнде қара дақ, мең болсайшы. өзiн қайдан алғансың? – деген. Сонда әкесi:

  • Ой, жазған-ай, сен де таңданбасқа таңданады екенсiң ғой. Денесi ақ болды деп адал малға айналды дейсiң бе? Әлгi бiр алжыған шалдың анада мына балаға деп болмай машинаға салғаны ғой! – деп жирене мырс еттi.


Саят әкесiне тiксiне көз салды.


Оның көңiлi бiртүрлi құлазып қалды. Аяғын ауыр басып, сыртқа шықты. Кiшкене кеудесiнде кiшiгiрiм ыза ұялағандай. Әке тiлiнен төгiлген у секiлдi ащы сөз мұның кеудесiн тырмалап өткендей. «Алжыған шал» деген ауыр сөзге бiршама намыстанды да…


Ақтайқар өлермендiк танытып, өрге салып келедi. Ауыл да тым қашық қалған жоқ. Ендi шамалы шыдаса, барар жерiне жетiп құлары хақ. Iшiнен күбiрлей: «Шыдашы, Ақтайқар шыда, айналайын», – деп тiлейдi.


 



  • Түбi мықты есек болар. өзiн байқамаппын, тегi белдi болар-ау. Қарашы, екi қапты бұйым құрлы көрмей келе жатқанын.


Ақ есектi әкесi әлi мақтап келедi. Ара-тұра Саятқа мойнын бұра қайырылып:



  • Аман болса, мен құрылыс материалдарын түсiрiп бергiзермiн жiгiттерге айтып. Жақсылап тұрып екеумiз қора соғамыз. Қыста жылы жерде тұрғанды қай мақұлық жақсы көрмейдi.


Саяттың iшi жылиын дедi. Әке аузынан шыққан қамқор сөздер құлағына бөлекше жағымды естiлдi.


Бiр кезде Ақтайқар сүрiнiп кетiп, мұрттай ұшты. Үстiндегi екi қап аударылып түстi.



  • Ой, атаңа нәлет! Ой, ықы, ықы! Бiрақ Ақтайқар жекiген үнге құлақ түрер халде емес. Ноқта жiбiнен Саят шiрене тартты.


Әкесi алғашта тобылғы таяғымен нұқып көрдi. Ақырындап арт жағынан аяғымен түрттi.



  • Ой, есек сияғы жоқ нәлет! Қарға адым жерге қос қапты көтере алмай құлағаны несi-ай! Ықы, ей, ықы. Қап! Ызалана түкiрiп тастады. Ол Ақтайқарды тағы бiр сыбап алды да, оның үстiндегi қапты аударып тастады.

  • Ықы! өй, арам! – Аяғындағы керзi етiгiмен санынан солқ еткiзiп бiр тептi. Апыр-топыр шатқаяқтай барып, Ақтайқар орнынан теңселе көтерiлдi.


Саят оған тақанып, мойнына қол салды. Денесi дiр-дiр етедi. Қара тер болып, сүмектеп тұр.



  • Немене! Жаның ашып тұр ма? Аяушылын мұның! Әкесi гүрс-гүрс етедi. Саят қолын жылдам тартып алды. Жон арқасынан қамшымен ұрғандай,


әкесiне абдырай қарады.



  • Неменеге қарай қалдың? Берi шық, берi. Мына қапты сүймелдеп бер.


Солқ еткiзiп әкелiп, қапты бiр жақ қапталына қоя салды.



  • Ұста! Иығыңмен деме! Ақтайқар қап салмағынан қаңғалақтап кеттi.

  • Мына нәлет қайтедi-ей! Қарсы бетке бүйiрлей жылжып бара жатқан Ақтайқарды тiрей бердi. Содан соң жерде сұлап жатқан қапты көтерiп әкелiп, ұзынынан қоя бергенде, тайқар шөкелеп жата кеттi. Қап Саяттың аяғын жаншып жiбердi.

  • Ойбай, аяғым!

  • өй, атаңа нәлет, жанының тәттiсiн! Немене сонша шыңғырып. Тура шешеңнен бiр аусайшы. Ұқсамасаң тумағыр. Жылауын! Күн жаумай неге су болып келесiң, ей, сен? Әлгi сөз Саяттың жүрегiн бiзбен шаншып алғандай. Тұла бойында түтеген қарсылық лап ете түстi. Ол аяғын әрең суырып алды. Әкесi қос бүйiрiн таянып жерде жатқан екi қапқа төне қарап тұр.

  • Мынаны да мал деп! Көзiн құртармын-ау жаным тiрi болса. Қап, ендi қайттiк! Шарасыз халде шырт түкiрiндi. Ақтайқар қаптың бүйiрлей түскен салмағынан үйелеп, кеудесiн жерден көтере алмай, жоғары ұмтылады.


Саят жүгiрiп барып демеп, жiбергiсi келдi. Бiрақ әкесiнiң суық қалпы оның бұл ойының қанатын қырқып тастағандай. Айдың сәулесi оның онсыз да үлкен денесiн тiптен iрiлендiрiп, айбарлы етiп көрсетедi. Әлден кейiн екi-үш


 


талпынып, Ақтайқар орнынан тапыр-тұпыр тұра бердi. Ерге асылған қос құлаш жiптiң қапқа үйкелiп, ысылдаған дыбысы естiледi.


Саят iштей қуанды. Iшiнен мың қайтарып тiлеп, тағы да артамыз демесе екен дедi. Бағанадан берi үнсiз тұрған әкесi тереңнен тыныс ала күрсiнiп:



  • Бар, ана жыңғылдардан сындыра бер. Ол қуанып кеттi. Әкесi қаптың буылған жерiнен қатты ұстап, жақын маңдағы тасалау тұсқа дырылдата сүйретiп бара жатты.


Саят қышқылтым иiсi мұрынды жарған жыңғылдарды бiртiндеп жусатып жатты. Анда-санда басын төмен салып тұрған Ақтайқар жаққа көңiлдене көз салады.


Осы сәт көкейiн шым еткiзiп, мазақ ойдың үшқыны қарып өттi. Ендi әкем Ақтайқарға не iстемекшi?



  • Әй, Саят, қаптарды ұмытпа! Ұялы ағаштың оң қанаты. Есiңде болсын. Әй, атаңа нағылет, «Қырсыққанда қымыран iридiнiң» кебi келуiн қарашы! Ызалана бiр түкiрiндi де, алға түсiп, ауылға қарай аяндады. Жаңбыр сiркiрей бастады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу