24.02.2022
  326


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«ТЕАТР РЕЖИССЕРІНЕ ЕРКІНДІК КЕРЕК!..»

(Шығармашылық еркіндікке төгілген шер)


 


Тағы да газеттен телефон шалынды… – Түсінбей жатырмыз, дауға айналып бара жатқан тақырыпты талдап бересіз бе?.. – Сұ-рақтарыңның сыңайын электр поштама салып жібер, қарындасым, – дедім… Көп ұзатқан жоқ…


 


–  …Тұңғышбай аға, менің сұрақтарым төмендегідей...


  • Аға, Театр өнері қайраткерлерінің ХІІ республикалық практикумында «интенданттық жүйе» туралы сөз қозғалды. Бұл жүйе туралы білмеген біз, мәселенің мән- жайын толық түсіне алмадық. Бірақ сол кезде болған пікірталастардан ұққанымызша, бұл жүйе қазіргі театр құрылымын біраз өзгеріске ұшыратуы мүмкін екен.


 


Театр қайраткерлері Одағы көтеріп отырған осы мәселе төңірегінде айтып өтсеңіз. Бұл қандай жүйе?


  • Бұл жүйе қазақ театрына не бермекші?


– Театр үшін тиімді болса, өзге театрлар бұл жүйеден неге қорқақтап отыр?


  • Бұл мәселені көтергеніңізге 2 жыл болғанын айттыңыз. Осы екі жылдың ішінде жоғарғы жаққа ұсыныс жасап көрдіңіз бе?


Хо-ош, деңіз… Мақұл ендеше.., ал, бастадым!…



  • Қазақстан театрларының әлеуметтік және шығармашылық жағдайы әлемдік өре биіктігі тұсынан келгенде сын көтермес жағдайдан да төмен. Мәдениет министрлігінің құзырында бүкіл республика бойынша концерттік мекемелерді, филармонияларды, ансамбльдерді, 3 ұлттық (кәріс, неміс, ұйғыр) театрларды қосқанда бар- жоғы 9-ақ ұжым бар. Ал, Қазақстанда тек қана театрлар саны 51-ден асады. Олардың 3-еуі опера-балет, 16-сы орыс, 9-ы қуыршақ, жоғарыда көрсеткеніміздей, Сайрамдағы өзбек театрын қосқанда, 4-еуі өзге ұлттық. Басқалай толық санын ашып айтпай отырғандағы уәжіміз Өскемен, мен Ақтөбеде орыс және қазақ труппасы бір театр, яғни ресми бір мекеме болып саналады. Сол сияқты біраз облыстарда негізгі құрамға қосақталған қуыршақ труппалары   да бар. Осылардың бәрінің де сұрқай деңгейдегі өмірі мен өнерінің тағдыры, өте аз мөлшерде бөлінетін қаражат көзі облыстық әкімшілікке телінген. Театр қызметкерлерінің жалақылық қоры – орташа өмір сүру минимумынан әлдеқайда аз, сондықтан олар қайыршылық күй кешуде, ал кейбірінің шығармашылық деңгейлері, күлбілтелемей, жасырмай шынайы қатты айтқанда, көрген кісіні ұялтып төмен қаратады, бұл мәселелер тіптен назардан тыс қалуда, айналысып жатқан ешкім жоқ. Театрдың, әсіресе оның зәулім ғимаратының, қайсыбір режиссері немесе актерінің облыстық әкімшілікке тек өздерінің жиылыстары мен мәдени шараларын өткізу үшін ғана қажеттілігі бар. Шығармашылық ұжымның репертуарында қандай пьесалар, қалай қойылып, оны қай актер қалай орындап жүр, мұнымен олардың шаруасы болмайды және ол мәселені айқындап, саралап


 


бере алатын облыстық мәдениет департаментінде кәсіби мамандар ешқашан болған емес. Проблема, айта берсек, көп қой, бірақ ең негізгісі, Театр қайраткерлері одағының аттан салмасқа амалы болмай отырған тұсы – қазақ театр режиссурасының өлімші, дертті халі! Театр режиссурасын


«тірілтпей», еш биікке, оны Мәртебелі Президентіміз асқан білгірлікпен көтеріп отырған «нарықтық қатынастарға бейімдей» алмаймыз, әлемдік өлшемге көтеріле алмаймыз! Театр режиссурасының үшбу дертінің «анамнезі» мен емін біздің одақ төмендегіше түзеді.



  • Кеңестік идеологияның үрдісімен келе жатқан театрларды басқару жүйесі, яғни Көркемдік жетекші, Бас режиссер деген қызмет-лауазымдардың, әлдеқашан уақыты өткен. Бұлар, жанашырлықпен тереңірек ойлағанда, шығармашылық ұжымның шынайы өнер жасауына үлкен кедергі келтіреді. Дәлеліміз – көп жылғы шығармашылдық тәжірибемізден түйілген, ол – төмендегідей: Әдетте, бұл лауазымдарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы эстетикалық, репертуарлық, ерікті актерлік ойынменқұлашты режиссураның дамуына адуынды тосқауыл қойылады, түптеп келгенде бүкіл бір театр сол режиссер-бастықтың жеке амбициясы мен әлжуаз өре-қарымының құрбаны болып қала береді. Себебі, олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, азды-көпті парасаты мен білім парасына сай арзан, белсіз тақырыптарды арқау еткен пьеса авторларымен жұмыс жасап, өздеріне ұнаған актерлерге ғана рольдер мен атақтар «бұйырып», талап-талғамы мен шығармашылдық мүмкіндіктері әрқалай өнер иелерін әділетті басқаруға қолдары қысқалық етеді. Ұжымдағы өзінен кейінгі және бағынышты кезекші режиссерге репертуар таңдау, еркімен роль бөлу, болашақ қойылымның қалып-деңгейі мен өзіндік ерекше шешіммен емін жұмыс істеуіне мейлінше құлықсыз болғандықтан да барынша аяқтарына тұсау болып бағады. Бастықтың өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір тәуірлеу режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салады. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен өресі төмен суреткерді таңдайтыны аян. Рольдер де бастықтың төңірегіне жандайшаптанып жиналған онша жүйрік емес актерлерге тиеді. Осыдан барып, орташа


 


спектакльдер, қызықсыз рольдер пайда болады. Құрамдағы бас режиссерге немесе көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткерлік еркіндігі аяқасты болып, хұқығына қол сұғылу бүгіндері барлық театрларда әдетке айналып кеткен. Бәрімізге белгілі, баспасөз беттерінде де министрліктің коридорларында гу-гу әңгіме болған, кейбір театрлардағы айтыс-тартыстардың төркіні осы басқару тәсілінің ескіргендігінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Мысалы, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ театрындағы шығармашылдық ұжымның 90 пайызы, аты әжептәуір мәшһүр режиссер Ерсайын Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының бірқалыптылығына, ұжымға жаңа леп, соны үрдіс, өзгеше режиссерлік қалып әкелудегі енжарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады десе де болады. Назар салып қарасақ, көбіне көркемдік жетекші, немесе бас режиссер басқаратын театрларда басқаша ойлайтын, немесе жаңа келген жас режиссердің үні шықпайды, табаны тұрақтамайды, амалсыздан өздері бір театрға бастық болып барып, ойларындағы өзге пайымды қойылымдарын жүзеге асырғысы келіп тұратыны жасырын емес. Ал құзырлы мекеменің оларға сеніп, бас режиссердің тізгіні берілгенше шығармашылығы шау тартып, үміті жіңішкеріп, қажыры қартайып қалатыны аян ғой. Шынтуайтына келгенде, режиссер режиссерге бастық болып, қойылымды олай емес, былай қою керек деп, өз ойы мен талғамын таңу – қай жағынан алсақ та, ақылға сыймайтын нәрсе. Суреткерлік деген оқшау әлем, оған өзгенің араласуы әдепсіздік, әрі кеткенде әпербақандық қой. Сондықтан, нарықтық қатынастарға көшудің   тиімді   жолдарының бірі – осы мәселені түбегейлі қайта қарап, театр өнерінің нарықтық қатынастар мен заманауи талаптарға, әлемдік өре-қарымға сай болатындай, қойылымдардың нарқын биіктететін мүмкіндіктер тудыра алатын жаңа қазақстандық ЕРЕЖЕСІН жасау. Театр сияқты шығармашылық ұжымды, нәзік мекемені басқару – өресі биік, амбициядан ада тұлғаға ғана жарасады. Режиссер болса, тек қана жеке суреткер ретінде бағаланып, реті келсе оған басшылықтың тізгінін бермеген абзал. Ол тек өз қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Төңірегіне өзімен мұраттас актерлермен


 


бірігіп, қауымдасып, шынайы шығармашылық жұмыспен айналысуы үшін осы жүйе дұрыс. Сонда тек өрелі спектакль қоюмен ғана айналысатын режиссердің басқамен шаруасы болмай, тек қойылымының көркемдік сапасын ғана ойлайтын болады. Батыс елдеріндегі үрдісте, ондай басқарушыны Интендант деп атайды, бізше Театр Төрағасы десе дұрыс болатын сияқты. Басқа қосарланатын басшылық болмауы керек. Режиссерлікқа «бас» деген тіркесті қосақтағаннан ол режиссердің таланты тасып кетпейді, талант пен суреткерлік қарым – я бар, я жоқ, ол болмаса, жай әншейін қанатсыз маман, шанаға жегілген жабы тектес ортақол орындаушы ғана. Ал, жүйріктің аты жүйрік емес пе, оған алтын алқа, немесе қарапайым кендір жүген сал, шабандоз бала әккі ме, жоқ па бәрібір, ол ат бәйгеден бірінші келеді. Сондықтан бас емес, театрда жүйрік режиссердің жұмысы құнды, бағалы. Әдетте, шын жүйріктер алтын өмілдірікке құштар бола бермейді. «Көркемдік жетекші» деген лауазым да ақылға салып бажайласақ, тіпті ерсі болып көрінеді. Көркемдікке жетекші не үшін керек? Көркемдік деген өнер категориясына жетекшілік жасау түсініксіз нәрсе екенін мойындайтын уақыт жетті. Сондықтан жалпы басшылықты режиссерден басқа кез келген суреткер тұлғаға тапсырған ақыл. Ол актер бола ма, драматург бола ма, әлде мәдениеттанушы ойшыл ма, бәрібір. Театрдың Төрағасы мемлекеттік құзырлы мекемемен шартқа отырып, ұжым өмірінің барлық саласына жауап беретін бірден-бір тұлға болуы тиіс. Сонда театрда басқаруға таласушылық, өкпе-наз, арыз жазушылық, шығармашылдық аштық, әділетсіздік сияқты осы күнге дейін орын алып келе жатқан келеңсіздіктердің жойылуы бек мүмкін. Мемлекетпен келісім-шартқа отыратын Театр Төрағасына ауқымды түрдегі басқару мүмкіндігін берген жөн, сонда одан мемлекеттік сұраныс пен талап та жоғары болады.



  • Еуропа елдерінде мемлекеттің толық қарауындағы ұлттық театрлардан басқа муниципалды театрлар дегендер бар. Олар да мемлекеттің қарауында, алайда оны басқаруды қалалық үкімет немесе министрлік белгілі бір тұлғаға – біз жоғарыда сөз қылып отырған Интендантқа тапсырады. Яғни ол тұлға өзіне тапсырылған театрдың толық шығармашылдық өмір қалпына мемлекет атынан жауапты болады. Ол елдерде


 


бас режиссер, көркемдік жетекші, көркемдік кеңес дегендер атымен болмайды. Интендант өзінің қалауымен труппа жинақтайды, режиссерлер жинайды, олар белгілі мерзімге немесе бір қойылымға арнайы шақырылып контрактіге отырады. Басты назар аударатын мәселе интендант актерлік ойынға, роль бөлуге, режиссураға араласпайды, өзі де спектакль қоймайды. Шақырған режиссерлері мен актерлерінің көркемдік деңгейі жоғары қойылым жасауына барлық жағдайды жасайды, керек нәрсенің бәрімен қамтамасыз етуге міндетті, өйткені өз қарауындағы өнер ошағының қойылымдары көркемдік жағы мен эстетикалық өресінің деңгейі үшін үкімет алдында жауапты. Сондықтан да төңірегіне тек таланты адамдардың болғанына мүдделі. Ал шақырылған режиссерлер мен актерлер да өз жұмыстарының жоғары деңгейде болуына барын салады, себебі контрактідегі талаптарды орындамаса, нашар спектакль қойса – келесіде шақырылмайды, контрактіде көрсетілген міндеттемені интендант та орындамауға хұқылы, оған қоса өзге театрлардың да олармен байланысы үзіледі. Қатал, әрине, дегенмен өз ісіне жауаптылық жағына келгенде назар аударуға болады.



  • Біз ұсынып отырған жүйе бұдан көп өзгеше, еуропалық үрдіс біздің менталитетке, қазақы қанымызға келе бермейді, және де біздегі театрлардың түгелі дерлік репертуарлық үлгідегі, актерлік жанұялық пен ұрпақ алмасулыққа негізделген ұжымдық мекеме. Біз тек қана бұл үрдістің екі жағына ғана назар аудардық, яғни театрлардағы этаждық басқармашылдық (директор, бас режиссер, көркемдік жетекші, көркемдік кеңес төрағасы – көбіне осылардың бәрі бір қолда екені аян) пен жалпы режиссураға қатысты жағын ғана көздеп отырмыз. Яғни режиссерлерды көркемдік жетекшінің, бас режиссердің  құрсауынан   босатып, оларға шығармашылдық еркіндік беру арқылы қазақстан театрларындағы мүлгіген шығармашылдық «тыныштық» пен суреткерлік құлдырауды жоюды басты мақсат еттік.

  • Бұл жүйеден азар да безер болып қашқақтап отырғандар некен-саяқ, алайда олар Қазақстан театрларының «мүйізді серке-сымақтары» боп жүргендер, сондықтан қандай да оң өзгерістерге кежегесінен кейін тартары ұғынықты.


 


Өйткені олар өз театрларының кішкентай «корольдері», ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс, білгендерін істейді. Өзі жазады, өзі қояды, актерлерін «құл» ретінде тәуелді етіп ұстайды, үнін шығарса рольден, атақтан, жақсы сөздерден айырады. «Жалмауызға да жан керек» деген… Актерлердің қайсысы қалай ойнап жүргені, өре-қарымы, жалақысы   жайлы   жоғары   мен   төменге   солардың   сөзі


«өтімді». Министрліктегі тиісті комитеттер мен бөлімдер, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, өнер ошағының жай- жапсары жайлы әлгі «корольдерден» телефон арқылы қажетті «ақпарат» алып отыратыны белгілі, соларға ғана сенеді, солардың ғана сөзі – сөз, ісі – іс, тек солардікі ғана дұрыс! Бұл   жүйеге   қарсылар   соншалықты   көп те емес, белгілі театрлардағы белгілі «фюрерчиктер» (Асқар Сүлейменовтің афоризмі). Егер Театр қайраткерлері ұсынған жүйені қолдаса, олар біз жоғарыда айтып өткен


«этажды» басшылықтан босайды ғой! Бүкіл бір ұжымды билеп-төстейтін батпан құйрықтан айрылады ғой! Олардан басқа да режиссерлер шыға бастап, бастарына бұлт үйіріледі ғой! Тағы бір себебі бар, сол «фюрерчиктер» кезінде өздері өйтіп-бүйтіп жүріп өлтіріп тынған Театр қайраткерлері одағының «тіріле» бастағаны да олар үшін тиімсіз. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты!» Бүкіл қазақстан театрларының жай-күйін ойлайтын, өнер мәресі мен өресін саралайтын, театр еліндегі «третей сот» өздері ғана еді, енді… Бұл жүйені қолдайтындарға келсек, оны санамалап қайтеміз, «шіркін-ай, осыларың жүзеге асса, қуанғаннан көкпар берер едім» дейтіндердің саны қарсылардан өтеден мөте көп, геометриялық прогрессиямен өсіп жатқанын айтпай-ақ қояйын. Бір айтарым, бұлар қазақ театрының қарапайым «қара өгіздері», кедей жомарттары мен азапкерлері, бетегеден биік, жусаннан аласалары, кекірейген кеудемсоқтары емес.



  • Театр өнерінің өсу-құлдырау феномені оның басында отырған қарымды, әрі әйгілі, сұңғыла Тұлға-Суреткерге байланысты екені рас. Алайда, жүз жылда бір келетін ондай Суреткерді қайдан табамыз?! Келгенін күтіп, құлдырай береміз бе? Ресей театрларындағы О.Ефремов, Г.Товстоногов, Грузияның Р.Стуруасы, Латыштардың А.Някрошюсі, біздің


 


Ә.Мәмбетовымыз енді қайтып келмейді! Сонан соң, театр өнерінде қойылым сайын құбылыс жасау мүмкін емес! Әлгі өздеріне өздері «дән риза» «фюрерчиктер» таланттарын қайда «шашарын» білмей дал болса, Болат Атабаев сияқты жеке авторлық театрын ашып алсын, сонда барып білгенін істесін! Ал мемлекеттік мекемені, ондағы қаншама актерлер мен басқадай өнерпаздарды «иемденіп», олардың талғам- тыныстарын аяқасты ететін «құл иеленушілігі» мен өзінің жеке басты ойқастаған «ізденістерін» жүзеге асыратын сынақ алаңы, яғни антреприздік театрға айналдырып алуы үшін менмендік дерті меңдеген, шектен шыққан шамшылдық қана емес, миуалы өнерпаздыққа малынған пәтуалы Пәтік керек! Бүгінгі бірді-екілі «фюрерчиктердің» әр қойылымы құбылыс деп айтатындар болса, менің және бірдеңенің жөн-жосығын біліп-көре алатын кез келген «өтірік, өсек, мақтаншақ» емес, арлы әрі адал, әрі батыл ойлы, ұлтжанды, көзіқарақты көрерменнің саралауы мен қарсысына әкеліңіздер!



  • Осы мәселелердің төңірегінде, Театр қайраткерлері одағының атынан, оның іріп-шіріген тізгінін ұстағалы қолым жеткен, сөзім өткендерге айтудан кенде емеспін. Оның алдында да, баспасөзге беріп жүрген иіні ащы интервьюлерім мен ғылыми мақалаларымда талай қақсағам. Былтырдан бері «Нұр Отан» партиясының жанынан «Мирас» деп аталатын өнер мен мәдениеттің жайын қаузайтын Кеңес ашқызып, оның алғашқы отырысындағы талқылау тақырыбы бүгінгі театр мәселесі болуын да жүзеге асырдық. Шүкір, «Нұр Отан» ХД партиясының Төрағасының Бірінші орынбасары Н.Нығматуллин мен сол Кеңестің тұрақты төрағасы Қуаныш Сұлтановтың, депутаттар А.Бижанов, Т.Мұхамеджановтардан қолдау тауып, тиісті министрлік басшыларымен бетпе-бет кездесудің сәті түсті, ащы шындық айтылды, ақыл-кеңес құрылды, кейбір облыстардағы тиісті басшылырдың да жергілікті театр туралы толғам-есебі мен ой-пайымдары тыңдалды. Кеңес мүшелері мен жай-күйге қаныққандардың қарсы болып жатқандары жоқ, керісінше, қазақ театрының шынайы бар-мәзірінен қоспасыз һәм бүкпесіз хабардар болып, балтыр сыздалық күйзелістерін білдірді. Әрине, жұмыс та жасалып жатыр, күрес те жалғасуда. Жаңа министрлікпен де осы үрдіс жайында


 


түсінісу, ұғынысу әрекеттері жасалды. Театр қайраткерлері одағының бұл ұсынысын Жазушылар одағының драматургия секциясы қызу қолдап, жаңа Қазақстандық Театр ережесінің тұжырымдамасын жасап жатыр, біздің де концепциямыз да дайын. Күні кеше Парламент депутаты, комитет төрайымы Дариға Назарбаева ханым да бізбен кездесуінде осы мәселеге ерекше назарын аударып, оң ықыласын білдірді. …«Инициактива – наказуема» дейді орыс тілазарлары. Жаңалыққа үркек мінезді елміз, алайда түбі қайырлы болатынына сенеміз, өйткені біздің ниетіміз таза, мақсатымыз оң.


«Айқын» газетінен, Сабина Зәкіржанқызы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу