24.02.2022
  471


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

«ҮЙІРІНЕН АЙЫРЫЛҒАН...» («Босағада жатқан шындық – ит»)

 


 


1.       Нұрмұхан   Жантуринмен   бірінші   рет   қашан кездестіңіз? Қандай әсерде болдыңыз ол кісіден?

 



  • Бұл кісімен қашан кездескенім нақты есімде жоқ. Алғашқы «кездесуіміз» «Поэма о любви» деп аталған Қозы Көрпеш – Баян сұлу эпосы негізінде тұсірілген фильмді көруден басталған болар. Темір жолдың жылжымалы вагон-клубында, бала кезімізде есіміз ауып, аузымыз аңқиып тамашалаған кино еді ғой. Онда қазақ өнерінің барлық марқасқалары түскен болатын. Камал Қармысов, Қалыбек Қуанышбаев, Шолпан Жандарбекова, Серке Қожамқұлов сынды корифейлерді экраннан алғаш көруім шығар... Кейіндері, өнер аулына ат басын тіреген жылдары


«Қазақфильм»    киностудиясының    дәліздерінен    көзіміз


 


шалатын. Қасына баруға батылым жетпей, қарсы келіп қалғанда ғана қол созысып қалушы едік... Әлдекімдердей, актермін деп айлақыланғанын, кеуде керіп ерсі қылық көрсетіп, есіріктенгенін немесе әлдекімдерге жаутаң қағып елпелектегенін байқамаппын. Жалғызіліктеп, саяқтап, шеттеп жүретін сияқты еді. «Жалғыздық – Құдайға ғана жарасқан» деген ғой қазағым, алайда қазір ойлап отырсам, бұл кісі жалғыздықтың запыранын көп шеккен-ау деймін... Жалпы, жалғыздық – ойлы кісінің келбеті емес пе, айналасы толған жабы болса, тұлпарға мұң ғой... Бүгіндері, тірі кезінде ескерткішке айналып алған екінің бірінде болатын шікәнә шікіренуді де ол кісіден байқамаппын. Бәлкім, сондықтан да жанынан нұр, көзінен мұң көретінім жасырын емес-ті.


 


2. Нұрмұхан ағаның тегі туралы айтып берсеңіз.

 



  • Ол кісімен аралас-құралас, табақтас-бөтелкелес болмағанмын, аулақтау жүріп, алыстан сыйласқан кісімін, сондықтан бұл сұрағыңа жауап бере алмаймын. Бұл жайында білетінім,  баспасөз   беттерінде    жарияланған,    кезінде өзі жазып кеткен жағдаяттар ғана. Театр институтында сабақ беріп жүрген кездерінде ұстаздар біресе Нұрмұхан Сейдахметович, біресе Дәулетович деп жүрді, себебін соңыра білдік қой. Өзі де атышулы Адай руынан екендігін, нағашы атасының нәмінде болғанын кейіндері әзілмен әспеттеп жеткізген. Қазақы пайыммен зерделесең, текті қазақ екені тұрпаты мен іс-қимылынан, сөз саптауынан, кесек мінезінен анық аңғарылып тұрушы еді.


 


3.  Халық Нұрмұхан ағаны тек кино және театрдағы рольдерінен таниды. Ал өмірде ол кісі қандай еді? Жалпы, бақытты болды ма?

 


– Бақыт деген – бақуаттылық емес, шығармашылдық бақыт пен адами бақытты бөлек қарайтын кез аз емес. Нұрмұхан сияқты ұлы актерлердің бақыты шығармашылығында шығар... Олай болса, қанша «қуғындалып», тиянақ таппай жүрсе де, өнерде бағы жарқырап жанған, ендеше ол кісі бақытты. Ал, пендеки бақытқа жеткенін-жетпегенін өзі ғана


 


білетін шығар... Жалпы ол кісі тұрмыс-салты, отбасы, қара басы жайында тіс жармайтын... Естуімізше, қайсыбір кездері жанұясынан кетіп қалып, бірнеше уақыт жатақханада тұрған деп еститінбіз. Тұрмыстың ба, әлде театрдан нахақтан кетуінің бе күйігінен ащы сумен біраз жыл «жолдас» болған дегенді де құлағымыз шалған, оны енді сол кездерде қасында болғандардың іші білер... Актер үшін өнер ауласынан, суреткерлік аурасынан «аулақтаудан» артық   трагедия жоқ шығар, Жантөрин бұл қорлықты да көрген адам. Бұл сор ма?! Сор болғанда қандай! Өнердегі «узурпатизмнің, шығармашыл ұжымды басқарудағы фюреризмнің» (Асқар Сүлейменовтің афоризмі), бір кісінің талғамы мен «тізе- бармағына» көну, «тепкісіне» таңылу мен табыну кесірінің сықпыты осы!! Әммеге аты мен даңқы, шекпені мен шеберлігі жайында мәлімі артық Ә.Мәмбетовтің былайғыға тәлімі кем мекерлігінің «жарқын» көрінісі – Жантуриннің театрлық тағдыры! Өз қойылымына ғана «бастық» болуға керек режиссер деген еркеден әсіреңкі «серке» жасап, бүкіл ұжымға «ұр-тоқпақ» тізгінін берудің түбі – қайыр емес, қайғы екеніне көз жеткізгеннің мық мысалы осы! Басында біз де ұқпағанбыз, «екеуіне не жетпеді» деп, Әзекең жағына шығып, Нұрмұхан ағаның кежір мінезіне сайып, кедір қылығын құптамағанбыз... Ештен кеш жақсы, шын себебін кейін, өз тамырымыз жуандағанда, өз талғамымыз биіктегенде, өз өреміз өсе бастағанда ұқтық қой! Кезінде


«Қазақ әдебиеті» газетіне жазған алғашқы «Жол бұралаң...» атты портрет мақаламды, Нұрағаң туралы орысша түзілген


«Я – актер, высшее проявление создателя» атты естелік кітапқа, әйелі ме, әлде әуейілерінің бірі ме, Ә.Мәмбетовпен қатарластыра, оны ақтап, «екі мықтыны» салыстыра жазыпсың деп қоспай қойған. Бүгіндері, әуелгі алдамшы пиғылдан аулақтаған біз, жұбайы Маргарита Викторовна, қызы Жанна Нұрмұханқызымен бір өлшемде ой бөлісіп, ұғысатын болдық...


 


4.   Сіз актердің қай рольдерін көзіңізбен көрдіңіз? Ол кісінің актерлік шеберлігінен қандай әсерде қалдыңыз?

 



  • Қарағанды театрында   Жақып    Омаров    қойған


 


Шекспирдің «Макбетіндегі» Макбетті, Әуезов театрына азға ғана басшылыққа келген А.Әшімовтың шақыруымен (бекер обалы не керек, Ас-ағамыздың аз батырлығының бірі осы қылығы) қайта оралып, мәскеулік режиссер В.С.Мажурин қойған    М.Булгаковтың    «Жендеттеріндегі»    (орысшасы


«Кабала святош») Жан Батист Мольерін, С.Асылханов қойған Оразбек Сәрсенбаевтың «Қош бол, Бөрібасарындағы» Шалын   көрдім.   Соңғы   ролін,   желтоқсан   көтерілісіне


«қатысуына»   байланысты,   себебі   белгісіз,   беймағлұм


«көлеңкеде» жүрген Ә.Мәмбетовтің театрға тағы оралатынын естіп, зорға ойнаған... Ертесіне Нұр-ағамыз ізім-қайым қайта


«жоғалған»... Алған әсерім екіұдай, «Жендеттерде» сахналық серіктес болдық... Ол кісінің актерлік шеберлігі жайындағы асқақты ойым онша аспандамағанын қабырғам қайысып мойындағаным жөн, «Аплатон – досым, алайда ақиқат қымбат»! Сахнадан сан жылдар бойы аулақтаған саяқ ғұмыр, өз дегенін істеген-ау деген дертті түйсік санамды жайлағанын жасыра алмаймын. Театр актерлері сахнаның әрі пәтуәлі патшасы, әрі басыбайлы құлақкесті құлы; ал кино өнеріне қанша өңмеңдесе де «көңілдес» күйде болатыны менен басқалардың аузына түспей ме, қайдам?! Шыны – осы!!! Сахнадан бір күнге шеттесең, мың күнге барабар сағынышы санаңды салдықтың сандығына, шамаңды шаулықтың аулына бір-ақ лақтыратыны аксиома, яғни дәлелдеуді қажет етпейтін теорема. Әлкей Марғұлан айтпақшы, «бірдеңе білген соң айтасың да, білмесең – аузыңда құм»! Бұл ойларыма, сыншымын деп жүрген міншілдер, келіспес, «көшке берген тайлағын қайтып алсын!»


 


5.  Актер ретінде Нұрмұхан ағаның қандай ерекшелігін баса айта аласыз?

 



  • Театрға деген ессіз махаббатын, есепсіз сағынышын! Терең білімдарлығын, текті тұлғалығын! Өнерге адалдығын, режиссерге құл емес, тең туралығын! Өнерде бос селтеңбай еместігі, өмірде боркемік, жасық-жадау, «атқа жеңіл – телпекбай» еместігі! Тарпаң аттай тізе бүгіп, жылап-сықтап, жоғары-төменге сөз салмай кетуін, Тайбурыл тұлпар сынды ат дорбаға көз салмай өтуін!


 


6.  Нұрмұхан аға бір жылдары театрдан киноға кетуге мәжбүр болуына не себеп болды деп ойлайсыз?

 



  • Шет жағасын жоғарыда айттым, кезінде, Әз-ағаның көзі тірісінде, жазғам, ол – Ә.Мәмбетовтің маргиналдық, тобыр-алаңдық, білек бастылық, актерлік өнерді аяусыз мыжғылаған тегеурінді режиссурасы мен өнердегі ұлттық колоритті асқан қатігездікпен таптап өлтіруге аз қалған тізелі узурпатизмі!


 


7.        Замандастары   Нұрмұхан   Жантөринді    қалай бағалаушы еді?

 



  • Сол кезеңдегі «менмін» деген, аламанға қатысып жүрген актерлердің бәрінен оқ бойы озық білімдарлығын, оңашада ауыздарынан суы құрып айтып отыратын. Еске алар әңгімелерінің дені өкініш пен аяушылықтан, өздерінің арашаға жарамаған әлсіздіктері мен дәрменсіздіктерін күрсініспен мойындаудан тұратын. Амал жоқ, бастықтың қолы ұзын, құлағы көп, «ханға қол шошайтуға болмайдының» керінен Нұрмұхан дегенде, араша түгіл атын атай алмай, салдары суға кетіп жүретіндерін талай байқағам...


 


8. Нұрмұхан ағаның дінге көзқарасы қандай болды?

 



  • Анық білмеймін, намазға жығылатынын, Құран оқып, төңірегін ұйытқанын естіген емеспін. Әйелі өзге діннің адамы болғанмен, шіркеуге барып шоқынады екен дегенді де, астағфиралла, құлағым шалмады. Ойымша, көп оқитын білімдар адам болғандықтан, бұл мәселеге пәлсәпалық тұрғыдан қараған шығар...


 


 


9.   Нұрмұхан ағаны соңғы рет көрген сәтіңіз есіңізде ме?

 



  • ...Аядай ауласы бар, бұрынғы Совет көшесіндегі Кино үйінің қуықтай фойесінде жатқан қарапайым, мұңлы мәйіті...


 


есімнен кетпейді! Қайтып келмес, қайсар да ұлы актерімен қазақ елі осылай қарабайыр қоштасқан... Қабырғасы қайысқандар аз болған жоқ, әрине... Халық өте көп болған... Қадірін білетін ұлы актриса Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріповалар өксігін баса алмай, өкпелері солқылдағаны есте... Сол кезеңнің аудандық, қалалық, республикалық партия, атқару комитеттерінің басшыларының және... Ә.Мәмбетовтің ол жерде төбесі көрінбеген сияқты...


Шындықты айтқызған өнертану кандидаты


Анар Еркебай.


Қаңтар, 2012 ж.


 


 


Боларыңда болып өт! Бозжорғадай желіп өт! Болмасыңды ұғынсаң – Болған ердің қосын жек!!!


ЖАМАНҚҰЛ пірадардан…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу