24.02.2022
  171


Автор: Тұңғышбай Әл-Тарази

…БЛИЦ-ИНТЕРВЬЮ

(«Халық сөзі» газетіне берілген жедел сұхбат)


 


Тұңғышбай аға! Сау-саламатсыз ба?

«Кино&сериал» журналына материал қажет деп едім ғой, сол бойынша сұрақтар жіберіп отырмын. Мұнда өзіңіздің түйгендеріңізді тұжырымдап берсеңіз деген бұйымтай бар. Өйткені формасы сұхбат емес,


«толғаныс»☺. (Әр ұғымға 3-4 сөйлемнен анықтама берсеңіз, жетіп жатыр). Сосын, журналдың мұқабасына келетін сапалы фотосуретіңізді де салып жіберсеңіз, қатып кетер еді.

Сәлеммен: Әсия Бағдәулетқызы.


 


Ескерту: уақыты өте тығыз болып тұр. Алтын уақытыңызды   бөліп,   жауап   беруге    мүмкіндігіңіз болып жатса, бұл жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаймын☺. Сонымен,


 


Сіз үшін – Өмір...



  • Алла(һ)ның берген сыйы. Аспандағы Жұмақтан, амалсыздан қуған соң, Адам Ғалайис-Сәламның ұрпақтарына өзі Жұмақ жасап алатындай етіп, сана мен ақыл дарытып, Жер-Анаға жіберген... Ал адамдар болса, Ібіліске еріп, Жер-Ананы «жәукемдеумен» келеді. Өмір – поэзия, оны прозаға, тозаққа айналдырып жүрген өзіміз... Алла(һ)- Тағала адамдардың тілдерін әртүрлі ғып, түсіністіктен


 


айырып жібермегенде, Өзімен теңеспек оймен бе, бәлкім аспандағы Жұмаққа қайта оралу үшін бе екен, олар әйгілі Бабыл Мұнарасын аспанға дейін салып алар ма еді...


Сұлулық...



  • Көздің құрты. Тән сұлулығын айтам. «Сыңғырлап өңкей келісім» деп Абай хәкім айтқандай, сұлулық деген – нәзіктік, мөлдірлік, үлбірлік, түзулік, тазалық, симметрия, параллель... Ал, жан сұлулығы көкірегі соқырларға көрінбейді. Бұлар да Алла(һ)ның өзінің аса ықыласпен жаратқан пендесі Адамды елжірей сүйіп, сүйсініп, шын жүрегімен, ерекше мейірлене жасайтын «шығармасы», құдіреті.


Қызғаныш...



  • Қызыл ит. Дерт. Адам баласының ағзасына, мендік эгоизм мен меншіктік менталитет пайда болғанда, Ібіліс жіберген індет. Тобашылдық бар жерде ол ит «үрмейді де, ырылдамайды». Әй, қайдам, алайда иттің аты ит қой... Сүйіспеншіліктен туындаған қызғаныш деп, адамдар өзді өзін алдарқатуға болмайды, демек, ол сезім екеудің бірінде жоқ болғаны...


Тәуелділік...



  • Құлдық. Кемістікті мойындау. Ноқтаға көнушілік.


Ынжықтық. Тұяқ серіппеуді әдетке айналдыру.


Отбасы...



  • Ұя, өтен, шаңырақ, ұрпақ, шүйірке, жылу, ошақ, шаңырақ. Жалғас, аманат, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене... Шежіре, ата, баба, әулет, ру, ел, ұлт, халық, мемлекет.


Бақыт...



  • Соқыр құс. Сондықтан, кім көрінгеннің басына қонады. Қадірін білген ұялатады, білмеген үркітеді. Адам баласы өмірбақи сол құстан көз алмай, күтіп өтеді, қонар ма деген соқыр үмітте болады. Бақытты өз қолымен жасаймын дейтіндер де болады, адамбыз ғой, айта береміз... Қолдан жасалған нәрсенің қадірі болғанмен, қасиеті болмайды. Соқыр да болса, әлгі құсқа не жетсін, өйткені ол да Алла(һ) ның әмірімен қонады-ау деймін...


Жалғыздық...



  • Жапалық. Ортаңнан    оқшаулық.   Өзге    өлшем.


 


Айналаңның арзандығын сезіну. Биігің пәс, тереңің саяздағанына қапа болу. Бұл – ақылы барлардың ауруы, ақылсыздар жалғыздықты сезінбейді ғой. «Ақымақтың аты арып, тоны тозбайды» дегенді атам Жаманқұл рахымелі жиі айтатын. Алайда, жалғыздық Алла(һ)ға ғана жарасқан. Біздікі әшейін пендешілік.


Махаббат...



  • Мән. Мазмұн. Өмірдің мәні мен мазмұнын айтамын. Бұл да адам баласына Алла(һ)ның жіберген құдіреті. Жалғыз адамға ғана емес, бүкіл жан-жануарға да дарытылған сиқыр. Олар тек оны сезіне алмайды, оларға жүрек дейтін


«жұдырық» берілмеген. Махаббат бар жерде – аспандау, ұшу бар, мұңдану бар. Сағынып-сарғаю бар. Аһылап- үһілеу бар. Аспандау деген, Жұмаққа жақындау емес пе?! Демек, махаббат – Жұмаққа талпыну! Адам баласына әдейі, аспандау үшін, қуылған Жұмағына талпыну үшін махаббат деген сезімді ұғынуды дарытқан-ау, Аллаһ-Тағала...


Тағдыр...



  • Адамдардың өздері, өз қолымен жасайтын тәлкегі. Өзің жасаған нәрсеге өкпелеуге болмайды... Қоғам мен заманның тәлкегіндегі тағдыр – зауалды күнә. Ол зауалмен күресіп немесе амалсыз мойынсұнып шейіт болғандардың жаны жәннатта шығар... Зауал жасағандар – тозақта болар...


Балалық шақ...



  • Көрген түс. Періште шақ. Пәктік пейіл. Кірсіз көңіл.


Таза таным. Дүние-Жарықтың таң сәрісі.


Тектілік...



  • Тереңдік. Қаннан келеді.


Ұлылық...



  • Биіктік. Алла(һ)дан дариды.


Өнердің мақсаты...



  • Өмірдегі өтіріктерден алшақтату. Кездесе бермейтін әділет пен шындықтың аулына жол сілтеу. Адам баласының бір-біріне бауыр екендігін көзге шұқып айту. Жүректеріне көбірек құлақ асып, ақылдарын ат теппеуін ескерту. Жоғарыда тізіп өткендерімнің бәрін қан-жүректен шығатын лүпіл сөзбен, өмірдегіге бергісіз сахналық іс-әрекетпен көрермен мен өлермен бауырларға аманаттау.


 


Болар осы.

Ойыңнан шықпай қалсам, теріс бұрылып кетпессің...


ағаң Тұңғышбай әл-Тарази.


30 сәуір, 2011 ж.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу