23.02.2022
  200


Автор: Өріс Яшүкірқызы

ТУРА КИНОДАҒЫДАЙ

 


Бұл ауыл бұрын “Бірлестік” аталатын. “Алға” кеңшарының қаракөл терілі қой өсіретін бөлімшесі болған.


Кеңшар жекешеленіп, мал басы ыдырап, әркім өзімен өзі күн кешкен қиын кездің бірінде халық “Бірлестікті” -Түрімшіктер ауылы атап кетті.


Өйтпей қайтсін, ауылда білегі барлар “рэкет”, жүрегі барлар “зорлықшыл”, күші барлар “барымташыл” болып түрменің төрінен бір-ақ шықса.


Артында қалғандар абақтының алдын босатпай, арызданып, соттың алдын “сән-салтанатқа” айналдырғаны бар.


Қаламен екі ортада қатынайтын сары “Паз” іші сарнаған жоқтау, былапыт боқтау. Оның ішінде “саясатшылар” да жоқ емес. Үкіметтің ауылға қарамай қойғаны, ауылдың тоз-тозы шығып жүдегені, елдің жұмыссыздықтан күйзелгені, ұрлықтың өршуі әйда тіл мен жаққа тыным бермей қойды.


“Түрімшіктер” ауылында ұрлық жасау тыйылмай, қайта өрши берді. Ауылда жұмыссыз, оқу- шоқусыз, әскерге алынбаған бозбалалар бағана басына өрмелеп, болат сымдарды қиып, оны қалаға сатуды үрдіс етті. Сап түзеген электр бағандар қосақталған сымдарынан түгел қиылып, отқа жағылды. Самаладай жарқырайтын қала мен екі ортадағы жол тас-түнек тірлік кешті.


Бір сорақыдан, бір сорақысы елдің –мекендердің бірінен үйренген әдіс келесі ауылды шарлады.


Жоғары жақта Ауыл жылы деп айғайлап, ауылдағыларға үлкен көмек шарасы жасалады деп үміт жолына көзін тоса бастаған кезде, кейбір ауыл қопарыла күн көретін жаққа көшіп тынды. Тек “Түрімшіктер” ауылы ғана ескі тоқал үйлерден түтін шығарып, отырып қалды.


 


Жақында абақтыда ең ұзақ мерзімді арқалаған Ардабай оралды. Кезінде Арекең ауылдағы атақты боксер болып, талай рет жарыстарға қатысып, газеттің бетін бермейтін  “Кімсің Ардабай” болған.


Түрімшіктер ауылының кәрі құртаңын шақырып құдайы беріп болған соң, Ардабай осы ауылдың атын шығарып, абақтыда болып қайтқандарға үлкендік жасап, арнайы қонақасы берді. Кімнің қандай статьямен жегілгенін жатқа біліп алған.



  • Бұл болмайтын, - тірлік,-деді ол, - мен ғой халықаралық қатынастар арасындағы мәселе бойынша, пошти политический статьямен кеттім, шекарада Камазды угон жасаймын деп әнебір татармен шатасып. Ал сендердікі не, ұсақ-түйек мәселемен шатысыпсыңдар. Мал ұрлау, сым ұрлау, қой ұрлау ұят қой, мүлде...


Барлығы бастарын төмен салбыратып үнсіз. Арекең не айтқалы отыр деп отыр.



  • Енді глобальный, әрі ақылмен істелетін жүйелі іс керек. Оған, білесіңдер ме үлкен жүрек пен білек керек. Қарап отырсам, ауылда жалғыз біз ғана қалыппыз. Бәрімізге “түрімшік” деген ат жабысып тұр екен. Бұған гордитсә ету керек.. Халық айтты ма, все.

  • Анау Американың бір штатында түрмеден шыққандар бір посөлік болып құрылыпты да, егінін егіп, малын бағып, өздерінің бәнкісін ашып ең бай адамдар болған көрінеді. Мен ойлаймын, сондай тіршілікке жетуге біздің де біріккеніміз жөн,-деді.



  • Ой, Ареке, ондағымен бізді салыстыруға болмайды ғой. Кинодан көргенде олар кілең бәнк тонап жатады ғой.

  • Сол киноң өмір ғой. Өмірден алады. Ал, біз неге банк тонамаймыз?- жиналғандардың дастарханын жасап, шәйін құйып беріп отырған, 9 ай түрменің дәлізінде отырып, үш жас баласы болған соң жеңілдікпен шыққан, Ардабайға немере келін боп келетін Алтынтас, - еркектерге қарады ,- Әттең, менің қасымда өзім сияқты серігім жоқ, әйтпесе бар ғой, ылғи армандаймын, банктен көп ақша ұрлап, бір-ақ байыса деп.. Нағыз дұрысы бәнк. Ие, қайнаға?..

  • Алтын дүкенінен сен ұсталып қалдың ғой...

  • Енді ше, онда менің үстімде дұрыс киімім болмай сорладым емес пе. Ауылдан келгенім бәрібір байқалып қалынды. Сылқым келіншектердей, үстіме жақсы киім киіп, саусақтың бәріне алтын салып, жалтылдақ сөмке ұстап барғанымда менен пәдәзірават етпейтін еді. Ол жерде запріста, шығып кететін едім,- деп бір қойды да:

  • Кәроче, мен қайнағаның глабәлный планын қолдаймын. Ол үшін бар ғой, араларыңда әйел болуы керек. Қаланың ақшасы көп мырзаларындай, ақ көйлек қара кәстом киіп, нағыз байлар сияқты мықты портфельмен ғана бәнктің қасына жолай аласың. Анадайдан “Мерседестен” түсіп, оларға деловой вид байқатып, содан соң кредитті қалай оформит етеміз дейміз бе, жоқ салымды салудың жағдайын сұраймыз дейміз бе, маңғаздана сөйлеп,


-


 



  • банктің ішінде қанша адам отырады, қаншасы әйел, қаншасы еркек, қарауылдарының қолында не бар, соны біліп, оны кемінде кинодағыдай 5-6 мәрте зерттеу керек қой. Ие, қайнаға?


Қайнағасы басын изеді де:



  • Келін мәледес,-деді Ардабай, - осы келіннің живойлығы ұнайды маған.

  • Қайнаға-ау, шет-жағасын біз де көріп келдік қой...

  • Басшы болса, біз қосшы болуға жарайтын інілеріңізбіз ғой,- деді ішінен біреуі, бірақ бұған бір план, қандай ед жаңағы өзіңіз айтқан гләбалный дедіңіз бе, сондай план жасайтын кім?...


- ??



  • Әй, үндемейсіңдер ғой, түге. Кино көрмейсіңдер ме? Күнде оқытып жатқан жоқ па телевизордан. Маған осы идея   бір банк ұрлаған киноны көріп түсті.

  • Свет жоқ, ауылда ненің киносы, ей?

  • Қалаға барған да көріп жүрген жоқсың ба?!

  • Ой, Ареке, қолға автомат, астыға мәшине керек қой. Адам өлтіріп алсақ...Онда №.. стәтия, кеттік...


Барлығын тыңдап отырған Ардабай қасындағы жастыққа жантайып күрк-күрк жөтелді. Қолқасынан көтерілген барлық қақырықты сыртқа шығармай, қайтадан май жұтқандай әрмен қарай қылқ еткізе салды.



  • Анау орталықтағы поштада біраз, ақша бар ғой, соны нетсек қайтеді?

  • Ақымақ! Пенсионерлердің ақшасы ғой ондағы.

  • Е, Жерге бөлінген ақша да бар дейді...

  • Онда аудандағы банкты нетейік. Ауыл жылына Үкімет ақшаны аямай құйып-ақ жатыр.. Бірақ әкімі бар, әкімге жақыны бар бермен қарай оны шығарып жатыр ма. “Кірестәнский хәзаистібаға” бөлінді деп жақын-жуық ағайындарының бәріне үлестіріп жатыр.

  • Банкінің бастығының өзін тонасақ ше?.

  • Өй, бала құсамашы ей, қазір кім ақшаны қалтасына салады. Ішшотына да ұстамайды. Капиталы бәрінің Недбижміс.

  • Бір бай мырзаның баласын ба, қызын ба залог қып ұстап алып, бикуп жасайық кинодағыдай...

  • Қойшы-ей, жазықсыз балаларын әбіржітіп....

  • Қысқасы, не жасалса да байларды неткен дұрыс. Олар маңдай терімен байып жатқан жоқ.


Осы күні жиналғандар түн ортасы ауғанша әрнәрсені бір мысал ғып, еш шешімнің жібін түйе алмаса да, әрқайсысы Ардабай күркілдеп жөтеліп отырып түсіндірген “естеріңізде болсын” деген кейбір ойларға қоса, тез баюдың тәтті қиялдарымен кетті.


...Ардабай келгелі бұл маңайда ұрлық шыққан деген сыбыс болған жоқ. Сол жылы көктем шыға Түрімшіктер ауылының еркек кіндіктері суы әлдеқашан суалып, жағалауын қалың қамыс басып кеткен, “Ақбалық” көлінің


 


табанына қауын-қарбыз, картоп, бидай мен тары егеміз деп аттанды. Ардабай бастаған “диханшылардың” “егіндері” піскен кезде “крыша”


болғандар мен жергілікті полицейлер арасындағы қатты қақтығыс бүкіл аудан, облысты дүбірлететті. Екі жақтан жан шығыны болып Арекеңді қайтадан түрмеге алып кетті. Алайда, тура кинодағыдай 10 күннен кейін Арекең қайыра босанды.



  • Ойбай, Аркеңді түрмедегілер өздері босатыпты. О түрмеде жатса оларды кім асырайды. “Егін” деп жүргендері анадай “шөп” дейді ғой.

  • Бәсе-ау, түрімшіктер ауылының адамдары неғып ұйымшыл болды десе, сондай бәлелері бар ма?


-Қой, ойбай, бұл сөз осы жерде қалсын. Ардабай естісе оңдырмайды.



  • Ести берсін, жұрттың бәрі біледі. Енді полицейлер өздері қолдап отырған соң, кім бата алады. Үндемейді. Бұл диалогтар екі-үш күннен кейін басылып, жұрт тынышталды.Қалыпты өмір жалғасты.


Түрімшіктер ауылы Ардабайдың арқасында қоңданды. Мал басын өсірді. Жазда “Ақбалық” көліне “егін” егеді. Осы “егіндік” аймақты бірақ ешкім біле алмай жүр. Оны білсе тек полицейлер ғана біледі. Олар да тіміскілеуді соңғы кезде қойған. Өйткені Арекең арқылы шешпесе, істі шеше алмайтына көздері жеткен дейді білушілер. Тіпті жергілікті полициялар түгілі одан да жоғарылар Арекеңнің алдында соңғы кезде құрдай жорғалайтын болыпты.


Ардабай болса бұрын түрмеде болған күндерінен шығармалар жазып, оны жергілікті полиграфиядан кітап қылып басып шығара бастады. Сөйтіп тұнба талантын “көктетіп” кәдімгідей жазушы атанып қалды.


“Арланның азабы-1”, “Арланның азабы-2” атты бірден детективті екі кітабын оқығандар жер-көкке сыйғызбай мақтап, “Ойпырым-ау, қазақта дедектив жанрынан қалам тартқан жазушы шыққан жоқ еді. Мынауың бір құнды дүние ғой” деп мәртебесін одан сайын көтерді. Облыстан арнайы тілшілер келіп, сұхбат алып, телеарналардан көрсетті. Сұрақтың түрлері мынадай:


-Ағай, айтыңызшы, Сіз түрмеде болдыңыз иә?


-Иә болдым.


-Неше жыл?


-6 жыл толық.


-Неғып түстіңіз?


-Адам өлтірдім.


-Ой, ағай... Ол адамды аяған жоқсыз ба?


-??.. Аяғанда, кеш қой, кейін аядым ғой...


-Жарайды ағай.. Қазір Сізді Түрімшіктер ауылының атаманы дейді ғой. Бірақ, сол ауылдың жағдайын егін егіп, мал өсіріп жақсартып жатқан көрінесіз. Егіндеріңіз қандай егін?


-Картоп, қарбыз-қауын деген сияқты... бәрін тіземіз бе, көп, қарағым..


-Бұл бақшалық дақылдар ғой, табыстарыңыз мол дейді.Айтпақшы ағай,


 


қарамағыңызда түрмеден шыққан қанша адам бар?


-Жетеді. Тошно саны керек пе? Шамамен 20-дай шығар.


-Жарайсыз ағай.Сіздер қайтадан түрмеге түсіп қалмай, қайта еңбек етіп жатыр екенсіздер. Ешкімді енді өлтіргіңіз келмейді ғой?



  • Ж-ж.. жоқ, әрине. Құдай сақтасын.

  • Жарайсыз ағай, Сіздің “Арланның азабы-1”, “Арланның азабы-2” атты шығармаңыздың басты кейіпкері өзіңіз бе?

  • Жоқ.. айтпақшы, Иә..

  • Ой, ағай, Сіз сонда түрмеде де Главный болыпсыз ғой. Ке-ре-мет.


Бұл шығарманы “к-е-р-е-м-е-т кітап деп жұрт қолдан-қолға түсірмей оқыйды. Маған да автограф жазып бересіз бе?



  • Берейін...


Енді мына көрермендерге айтар тілегіңіз қандай?



  • Түзу жүрсін... Түзу тұрсын. Біз сияқты түрмеге түспейтін болсын.

  • Жарайсыз, ағай.


Ал, енді көрермендер, өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, уақытымыз тығыз. Біздің студиямызға шақырылған қонақ Ардабай Бордабаев бұрынғы рецидивист адам. Түрмеден кейін міне түзеліп, қазір адал еңбегімен аты шығып отыр. Тіпті шығармашылықпен айналысып, кітап жазып оқырмандардың назарын аударуда.


Бұрынғы “Бірлестік”, қазіргі “Түрімшіктер” ауылын көркейтіп, халқын малмен, егінмен асырап, шаруашылықтарын Үкіметтен ақша сұрамай-ақ өздері шалқытып отыр. Мұндай үлгі алатын азаматтар арамызда көп болсын. Осымен бүгінгі хабарымызды аяқтаймыз. Ардабай Бордабаевпен байланыс жасаймын деген көрермен болса, біздің студияға хабарлассын.Телефонымыз: 22-22-22.


Бәрінен де Арекеңнің үйіндегі жеңгей мәз. Кітапта жас кезіндегі, одан соң үлкен ағайынмен ұлын піштіргендегі тойда түскен толып жатқан суреттері кітапқа енген екен.   Үйлеріне кім келсе, көрсетіп, “Мына жерде мен де тұрмын. Мынау, мен ғой” деп кітаптағы суреттерге шолу жасағанды қатты ұнатады.


Жұрт енді “Түрімшіктер” ауылына ат басын қорықпай бұратын болды.



  • Қайда барасың?

  • Арекеңнің ауылына... Сәлем берейін деп...


Арекеңе жабысқан жазушылық аты бар, алыстағы, жақындағы қалам ұстағандарды шақырып, қонақасы беруге жомарттығынан жаңылмады.


Алайда ара-кідік болып тұратын, бұған полиция араласпайтын атыс- шабыс үнемі болып тұратын кәдімгі тұрақты жағдайдың біріне айнала бастады.



  • Түрімшіктер ауылында қырғын атыс болыпты. Кәдімгі автоматпен патырлатып, кинодағыдай екі жақ атысқан дейді.

  • Бір адам шығын бар екен.

  • Жоқ екі адам...


 


 



  • Астапыр-ал-ла?!

  • Соңы не бопты?

  • Ешкімді ешкім ұстай алмапты.

  • Өлгендер ше?

  • Бүгін намазы болып, ақтық сапарға шығарды.

  • Ардабай қайда екен?

  • Қайда болушы еді. Ауылда. Қаладағы мешіттен   имам әкеліп, ақ жуып арулады. Құранын шығарған  имамға бір тай мінгізіпті.

  • Апырай-ә? Полицейлер ешнәрсе демеп пе?.

  • Дегенде... бәрі .. бұрынғыша емес пе, ашылмайды, жабылады ғой. Ардабай баланың шешесінің аузын алып қойса керек. Былай депті. ”Анау- мынау сұрақтарыңмен жанымды жараламаңдар. Өлер бала өлді. Құдайдың ісі шығар.            Ардабайға да арызым жоқ. Біле білсеңдер, ағайынымыз Ардабай. Сол баланы ол адам етті. Көріп отырсыздар,                      намазды өз қаражатымен шығарып жатыр. Ертең басына белгі салғызамын                 деп отыр. Кімім бар енді менің            Ардабайдан   басқа.   Ушықтырмаңдар!   Араласпаңдар!-   деп   жекіп тастаған көрінеді. Сонымен полиция үн-түнсіз ауылдан аттаныпты. Атыс- шабыс ізі жабулы қазан болып қалды.


Жоғары оқу орнын бітіріп жұмыс іздеп, қалаға келмеймін бе. Жарнама газетін алып, хабарландыруға көзім түсті. Мәс-саған!


“Бұрынғы Бірлестікте жақшаның ішінде қазіргі “Ардабайдың” ауылы деп көрсетілген, жаңа бастауыш мектеп ашылады. Оқушылар саны 20. Оқытушылыққа үш тілді: ағылшын, орыс, қазақ тілін жетік білетін жоғары және арнаулы орта оқу орындарын қызыл дипломмен бітірген, компьютер тілін білетін жас мамандар  қабылданады.


Мектеп компютермен жабдықталған. Мамандарға жоғары ақы төленеді. Үйі жоқтарға 1 жыл ішінде үй салынады. Оған дейін жатын орындары әзір.


Қадірлі жас маман! Сіз тез байығыңыз, супер машина алғыңыз, шет елге саяхатқа шыққыңыз, қысқасы, қаражат қорыңызды көбейткіңіз келсе, шанс бар, өкінбейсіз, осы хабарландырудағы адреске келіп, жас ұрпақ тәрбиесіне адал еңбек сіңіріңіз”- делінген.


Жаңа мектептің ұстаздарына жоғары жалақысына қосымша әр тоқсанда Ардабайдың атындағы стипендия беріледі..”.



  • Жаса Ардабай аға! Жаса! Негізі Түрімшіктер ауылы нағыз цивильный болмаса неғылсын, - деп айқайлап жібергенімді білмеппін.


Қызыл дипломмен жұмыс іздеп, қашанғы сандалайын. Тарттым Түрімшіктер ауылына. Көрдім басыма түскенін. Көп естігенше көзбен көрген артық. Не көргенімді сосын айтам. Тура кинодағыдай криминалға кіріп кеткенімді білмей де қалдым. Оқисыңдар ғой әлі. Мен де бұл туралы кітап жазып жатырмын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу