23.02.2022
  102


Автор: Өріс Яшүкірқызы

Жоқтау

 


Өзге тамақтан гөрі балық дегенде сілекейі шұбырып өмірі "болдым" деген сөз аузынан шықпайтын Жұрнақ бір күні қылтықтап, қақалып қалды. Әйелі желкесінен ұрды, түйгіштеді. "Нан жесе кетеді" дегенмен, кесектеп- кесектеп нан шайнап, су ішті.



  • Бітті шаруа, тамағымды тесіп өтіп барады. Аулымызда бір ағайымыз тауықтың сүйегіне қақалып өліп еді, жұрт марқұмды әлі күнге дейін келемеждеп, сүйегі қурауға жақын сол Смағұлды сөз етуін қоймайтын. Әгәрәки балықтан қылтықтап өлсем бар ғой, мені де жұрт келемеждейді.


-О, несі тәйірі, мен сені келемеждеткізбеймін,- деп әйелі жұмсақ үн қатты.



  • Әй, сен немене, өзің қуанып тұрғандайсың ғой көзің жымыңдап... Аты жаман емес пе. Облыстық білдей мекеменің (ол өзі жұмыс істейтін сауда базасының атын буынға бөліп созып айтты) басшысы Жарылғапов Жұрнақ


 


балықтан өліпті деген.



  • Өлмейсің ғой   енді...   Даусың   әдемі   шығып   тұр.  Көмейің   бос. Қарлығып тұрған жоқсың,-деді әйелі жұбатып.

  • Енді немене, инедей қадалып жұтындырмай тұр. Қада-л-ы-п, міне... мына жерде. Ол таңдайын ашты.


–   Сен   анау   жүріп   жатқан   сериалды   көрсей.   Көңілің   бөлінеді, самавнучение болмай. Әйтпесе, шын жаныңа батса "Скорый" шақыртайық.



  • Есің дұрыс па?! Скорыйың не, дәрігерлерге не деймін?

  • Немене, балық   жедім   дейсің.   Ұрлап   алып   жегенің   емес   қой. "Жарылғаповтың жегені желкесінен шығыпты” дейтіндей.

  • Әй, әй, мен... тіпті байқаймын, мен ауырсам құдайың беріп қалатын боп жүр ғой өзіңнің.

  • Құдай-ау, сол балықты жемей-ақ қой деп қанша рет айттым саған.


Енді келіп... Ендеше отыр осылай, сен көрмесең телевизорға өзім кеттім.


Жұрнақ қақалуын-шашалуын қоймады. Тілін салақтатып айнаға қарады. Айнадан аузын бұрын байқамапты ғой. Шіріген тісі тұр көкпеңбек боп, кішкентай тілі тұр жылтылдап, қызара бөріткен таңдай. Бәрі былайынша орнында сияқты.


Инедей шаншу неғып кетпейді енді. Шекесі солқылдағандай, демі бітіп бара жатқандай ма. Шынымен, асқынып бір нәрсе болса... балық жеп қайтыс болыпты деген қара таңба қалады-ау атына. Уайым деген басын дыңғырлатып, есін ауыстырып әкеткендей болды. Әйелі болса, дым болмағандай телевизор көріп мәз.


Қатын деген сайтан, ә? Ертең мен өлсем ғой дымы кетпейді. Балалар ержетті. Дүние-мүлік жетеді. Өтірік ойбайлап жылап-жылап мені де ұмытады. Содан соң біреуге... Айтпақшы былтыр қатыны өлген   Жақанға тиіп алады... Дәл осы кезде зығырданы өзінен-өзі қайнап:



  • Әй!-деді бар даусымен. Әйелі жалт қарады.

  • Мен анық өлем. Сорлы, қаласың қақшиып. Скорыйыңды шақыртқызбаймын. Ал сен мен өлгенде не деп жоқтайсың? Құлағым естіп кетсін. Айтшы, кәне!

  • Ойбай-ау... Енді өлсең жоқтамасқа болама ... Былай. Асылым еді, ардағым еді, асқар тауым, бәйтерегім еді деймін де. Ымм... м..м.. Содан соң ара-арасында:


Қарғысың жоқ еді халықтан, Ажалың болды-ау балықтан. Кеттің бе тастап, Жұрнақ-ау, Заманда мынау тарыққан.


Көмейің сенің кең еді-ау, Талай бір нәрсе жеп еді-ау. Асқар таудай, Жұрнағым,


Құдайдың болды дегені-ау...


 



  • Тоқтат! Әй, мені “балықтан өледі-ау” деп жоқтауыңды бұрыннан дайындап қойғансың ба. Тіпті саңқылдап қояр емессің ғой.


Білем... мен сені, мен өлсем түгің кетпей, қайта түрлене түсесің. Қатыны өлген анау Жақан, сені ала алмай арманда жүрген анау Ақан, “Сұлуым-ай, сұлуым” деп ән шығарып, өлермен болған кәмпәзиторың анау Мақан, ақ жеңешелеп жүрген Тоқан, кім еді әлгі тағы, ауылыңдағы бала махаббатың болып, орысқа шоқынып кеткен анау Шоқан жетеді сенде...баяғы саған күйеуге кандидат болғандар. Біреуіне тиіп аласың. О, несі-ей тірідей жоқтап. Жұрнақ бұлқан-талқан болды.



  • Болды енді! Кәне жаңағы инедей шаншып тұрған қылтық. Адам нервничать етсе кетеді деп еді, кетті де қалды,-деп келіншегі ашуланған сыңаймен Жұрнаққа жақындады.


"Рас-ау, ә, тамағымда ешнәрсе тұрмаған сияқты. Мына, қатын все таки сайтан-ей",-деп Жұрнақ та іштей күбірледі, бірақ әйеліне рай берместен түнерген күйі ішкі бөлмеге өтті.


"Бір өліп, бір тірілдім-ау, әтең нәлет, енді балық жемеспін бәлем",-деді бірақ ішінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу