22.02.2022
  332


Автор: Жібек Ысқақова

Ару қыздар — 8 наурыз туралы шығарма

      «Жер жұмағы – ен дала, ел сұлуы – қыз бала» — деп Бернияз Күлеев айтқандай, еліміздің сұлулары барлығы дерлік көз тартатын арулар. Олар еліміздің көрігіне көрік беретін жайқалған гүлдері десек қате айтқанымыз емес. «Қыз қонақ» дейді, яғни, «қыз мұраты кету» дегендей,«қыз жат жұрттық» Сондықтан бұрынғы заманнан-ақ қыз баласын құрмет тұтқан. «Қызды қырық үйден тыю» дейді, яғни, қазақта қыз баласы инабатты, ибалы, кішіпейіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, биязы болуы қажет саналған. Сыпсыңдап өсек айтуға, жарыса сөйлеуге, жалғыз өзі қыдыруға, тағы да осы сияқты қазаққа жат қылықтардан тиып, көрегенділік пен ақылды болуға тәрбиелеген. Өйткені, қыз баласы ертеңгі ана, олардың мінез құлықтары ұрпақтың тәрбиесіне бірден бір әсер етеді. Осы тұрғыда «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз» — дейді Ғабит Мүсірепов атамыз. Қыздың тәрбиесі болашақ ұрпақтың тәрбиесі болары сөзсіз.
     Қазіргі таңда шет елдерге қазақ елін танытып жүрген көптеген аруларымыз, шет елдерде қазақтың даңқын шығарып жүрген көптеген сұлуларымыз бар. Оларды расында да мақтан етеміз.
              Қыздар біздің — гүліміз,
              Қыздар біздің — үніміз.
              Шырқап айтар жүрекпен,
              Әніміз бен жырымыз —
— деп сөзімді өлең жолымен тұздықтай отырып, қазағымның көрікті де сүйкімді, қылықты да ажарлы, инабатты, ибалы, биязылық қалыпын жоғалтпаған аруларымызды, жалпы барша қыздар қауымын, барша аруларды көктеммен бірге келген 8-наурыз — «Халықаралық әйелдер» күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер ертеңгі күні бір-бір үйдің түтінін жағатын ақ жаулықты анасыздар. Сіздерге қарап ой түзейтін, сіздерге қарап бой түзейтін адамдар бар, сіздердің өмір жолдарыңыз ашық болып, қиындықтар қашық болсын, құрметті сұлу да, сүйкімді ару қыздар!
        Гүл көктемдей құлпырып жайнаңыздар,
        Күндеріңіз шаттыққа, нұрға толып.
        Бар жақсыны тілеймін ару қыздар,
        Ортамызда жүріңіздер аман болып! —
— дегім келеді, 8-наурыз мейрамы құтты болсын, ару қыздар!

«Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу