Эсселер ✍️

  22.02.2022
  383


Автор: Жібек Ысқақова

Ардақты аналар — 8-наурыз туралы эссе

     Ана — жүрегінде мейірім бар, әлемдегі ең ардақты да аяулы жан. Олар бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербететін нағыз ақ пейілді жандар болып табылады. «Ана жүрегі тым терең, сол тереңдіктен сіз кешірім таба аласыз» — дейді Оноре де Бальзак. Яғни, қаншалықты қателік жасасаң да ана жүрегі мейірімге толы, кешірімді. «Анасы бар адамдар қартаймайды» дегендей, анасы бар адамдар ең бақытты жан деп айта аламыз. Рас, кей кездері анамыздың көңіліне тиетін сөздер айтып, ренжітіп жатамыз. Көңіліне қаяу салып, жүзіне мұң ұялатамыз. Мұның бәрі аналардың жүрегін ауыртатыны сөзсіз. Қателігімізді дер кезінде түсініп, аналарымыздан кешірім сұрап, көңілдерін таба білсек аналарымызды қуантып, жүздеріне шаттық пен бақыттың көрінісін келтіре алсақ біз үшін үлкен бақыт болмақ. Өйткені аналарсыз бұл өмірдің шаттығы мен бақыты сезілер ме еді, кім білсін?!
   «Дүниеде ана махаббатынан қасиетті нәрсе жоқ. Оның алдында адамды ынтықтырушы өзге дүниелер әлсіз келеді» — дейді В. Г. Белинский. Расында да, аналардың махаббатытынан күшті нәрсе жоқ. Олардың алдында басқа дүниелердің бәрі әлсіз келеді.

             «Аналар — гүлді бағымыз,
              Аналар — намыс, арымыз.
              Аналардың алдында,
              Баламыз біз бәріміз» —

— деген өлең шумағым арқылы аналарымыздың біз үшін қадір-қасиетін жеткізе алдым деген үміттемін. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, жүрегінің астындағы кұн сайын өсіп келе жатқан сәбиін мейірлене күтіп жүрген, аспандағы айды алып беруге әзер тұратын аналарымызға басымызды иеміз.
Ақ сүтімен мәпелеп өсірген, балаларының жайқалып өсуіне, тәлім-тәрбиесіне бірден бір жауапты адам, Меккеге жеті рет арқалап барсаң да олардың алдындағы қарызымызды өтей алмаспыз. Өйткені, ананың аты қашанда — ана болып қала бермек.
    Сөзімді «Ақ шашты ана:«жастығым — балам» дейді.
Ақылды бала: «ай-күнім — анам» — дейді» мақалмен қорытындыласам, мейірлене «балам» дейтін — аналар, «ай-күнім — анам дейтін — балалар көбейіп, ана мен баланың арасындағы үлкен махаббат, ынтымақ, бірлік, сыйластық арта берсін деген ниетпен барша ақ жаулықты аналарды, әжелерді келіп жеткен 8 наурыз — «Халықаралық әйелдер күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Гүл жайнаған аналар гүлді бағымыздың сәні болып, амандықта бала-шағасының қызығына тоймай, жүздері күлімдеп, біздерге бағыт-бағдар көрсетіп жүре берсін!
   Ардақты да аяулы аналар, сіздерді тағы да көкемнің алғашқы мерекесі, 8 наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

«Ғажайып Қазақстан — 2050» журналының бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу