Өлеңдер ✍️

  22.02.2022
  172


Автор: Абдрахман Асылбек

Желтоқсан желі

Әнін жазған Әбиірбек Тінәлі

Желтоқсан бірде,
Ел тосқан күйде
Келетін мүлде жайдары.
Сол жылы, бірақ,
Әдеттен жырақ
Көрінді тым-ақ айбарлы.

Қ а й ы р м а с ы :
Тондырды мені,
Тондырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы
Солдырды гүлді,
Оңдырды нұрды,
Көңілде мұңды із қалды.

Жоғалтып нуын,
Жоғалтып қуын,
Арал да суын тауысты.
Қаңырап мекен,
Аңырап бөкен,
Өріске бөтен ауысты.

Қайырмасы.

Бабалар өлер,
Балалар келер,
Аналар берер тіршілік.
Гүлденер дала,
Түрленер қала,
Бұтаққа жаңа бүр шығып.

Қайырмасы.

Саналы жұртым,
Бағалы бұл күн,
Жігерлен, сілкін, егілме.
Азат күн туы –
Қазақтың туы
Қанатын жайды көгінде.

Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу