Өлеңдер ✍️

  14.02.2022
  136


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ШЕКАРАДАН ӨТКЕН СОҢ немесе БАРА ЖАТҚАНДА


Ешқандай естілмейді ұшқары үн,
Төсеген айналама қыс бауырын.
Қазандай балқаймақты
тік көтерді,
Ошақтың үш бұтындай үш бауырым.
Үшеуі ағалардың көздеріндей,
Айқасты ыстық құшақ сөз білінбей.
 Ынтыққан ықыластар
болмайды екен,
Адамның сағынысқан кездеріндей.
Қауыштық.
Жанды маздап жаным іштен,
Жанарға жас іркіліп сағынышпен.
Қарсы алған бауырларым бауыр еттей,
Лебізі сусынымдай қанып ішкен.
Жол тарттық...
Айнала тал қатарланған
Нұр алған шыққан күннен, атар таңнан.
Қаладан ұзаған соң
Тау барлығын
Хабарлап үскірік жел қаталданған.
Көңілден айтам қазір ашынысқан
Самғар ем қанат бітсе ашық ұшқан.
Ауылы туыстардың – жетер жерім,
Соларға тартып келем асығыстан.
Қалпымда келемін мен қас қақпаған,
Сырдаң жол сұлу аңдай қашқақтаған.
Айығып тұманынан тұншықтырған,
Алдымнан шықты асқар тау асқақтаған.
Қойны ел, қойнауы мал берекелі,
Көрінді тұлғасынан ер екені.
Бұл жақтың қазағына бақыт болған,
Бұл дағы Алатаудай жер екен-ді.
Сергіткен сарайымды ауасын-ай!
Шипагер дəрігердің дауасындай.
Ауаны қорғау бақыт – адам үшін,
Ауаны сақтау керек дəл осындай.
Жол түсті қызығына қанасың ба?
Тамаша тұрса көңіл сəл осында.
Іленің аңғарындай жол тағанмен
Іліндік Жоңғария даласына.
 Сыры көп, жыры да көп бұл даланың,
Мен емес, барлық Қазақ мұңданатын.
Күйі де күңіренген, күңіренткен,
Əн де бар тыңдай түссе тыңдалатын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу