Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  87


Автор: Құл-Керім Елемес

ИБРАҺИМГЕ ҰМТЫЛУ

Бірі едім мен де кеудемде,
Жұлдызы жанған пақырдың.
Таныдым өлер-өлгенде,
Ақылы оянған ақылдым.
Жолсызға түскен соқпақсың,
Татырға тартқан бұлақтай.
Әулиелікке оқ қапсың,
Күндізге жаққан шырақтай.
«Аллаһтың Өзі де рас» деп,
Аруақты ауызға алмапсың.
«Аллаһтың сөзі де рас» деп,
Хақ жолын ғана талдапсың.
Тәңір тектім-ай талғамы,
Сарыны басқа... Самы ығай!
Сен танығаныңмен Алланы,
Біз жүрміз сені танымай.
Қимасын саған қиды Аспан...
Емес қана едің Ай ғана.
Ибраһимдікке қимастан,
«Абай» дей салдық жай ғана.
Емес қана едің Ай ғана,
Бірі едің білгі тіректің.
«Абай» дей салдық жай ғана,
Ашылмай көзі жүректің...
«Хикіметін сез Алланың,
Сүй, – дедің бізге – адамды!»
Бәсіне қойып «балғаның»,
Азалап келдік Азанды.
Сен білсең білгі жарықтық,
Жаннан да Тәттінің не екенін?...
Біз көре де алмай қарықтық,
Дүр-дүниенің көтенін...
Тәңірі тектім-ай талғамы,
Сарыны басқа... Самы ығай!
Сен танығаныңмен Алланы,
Біз жүрміз сені танымай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу