Өлеңдер ✍️

  11.02.2022
  126


Автор: Құл-Керім Елемес

АҚ ТІЛЕУ

Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Самалалардың сағымы көміп беткейді,
Жылы бір әннен жүрегі жырдың көктейді.
Көлкілдеп тұрған жанардың бұла жасындай,
Көк зеңгір Жерге төгіліп неге кетпейді?!
Сырын ұқпайтын сырлы да, нұрлы көк тунек...
Мекендеп өткен астарын Айдың көп түнеп,
Аспанға қағып Күн сынды – күйген шаланы,
Жер шарын соған арқандап біреу кетті ме?
Жоқ!
Тәңір оны жаратқан солай о бастан...
Тәңірден анық тәңір боп ешкім жоқ асқан!
Күн «өліп» бірде, «тіріліп» қайта келеді,
Тістеп ап Жерді домалап бірге доға – Аспан...
Домалап Жермен, домалайд бірге қыр-аңыз...
(Хикімет сырын Иесі Хақтан сұраңыз!)
Қалпынан жазбай қас нұрда мына неліктен,
Жақындап Күнге,
Алыстап қайта тұрамыз?!
Бәрі де жұмбақ...
Жұмбақсың бізге боз далам.
Күн қуып Айдан, Ай қуып жылдан озбаған...
Тілсімнің сырын білмектік пенде көңілмен,
Жер болып ойлап,
Жерменен бірге қозғалам!..
Қозғалам бірге...
Иншаллаһ, қоздап жана алам!
Қолдайтын Аллаһ, тілекшім барда – жан анам.
Тілеймін мен де Иесі Хақтан мәңгілік,
Елді аман ет деп, болсын деп Жердің жаны аман?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу