Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  152


Автор: Құл-Керім Елемес

ТӘУЕКЕЛ

Бұлай жазсам құр ұйқас,
Қуып жазған болармын.
Өз-өзімнен өлеңнен,
Суып жазған болармын.
Қасиетін қара өлең,
Жуып жазған болармын.
Қасиетті Хақ берген,
Буып жазған болармын.
Сондықтан да Хақ жайлы,
Оймен терең ойлайын.
Жүректегі рухтың
Шүңетіне бойлайын.
Ақиқатты ондағы,
Ақылыммен сойлайын.
Талай өлең өмірім,
Бекер өтіп кетті анық.
Хақ нұры емес, дүние
Тотыменен тоттанып...
Дүние сөзін сөйлеумен,
Сөзім жалған оттанып.
Енді, шүкір, отырмын,
Хаққым жар боп хақтанып!
Өзімдікі жөн демей
Енді өзімнен озайын.
Дүние сөзін сөйлемей
Хақты ғана жазайын!
Мақтау керек болса егер
Лайық екен Сол ғана.
Соны ғана мақтайын
Тереңімнен толғана!
Сұрау керек болса егер
Сұрасаң да нұр Айын,
Бере алатын Сол екен
Содан ғана сұрайын!
Білдім соны – бүгінім,
Ертеңім де қолында
екен Соның, сондықтан,
Өтем Соның жолында!
Тәуекел!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу