Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  101


Автор: Құл-Керім Елемес

ҚҰЛЫНЫМ

Нәпсі қуып құр бекер дүрмекке ерме,
Болмайды еш мән, құлыным, дүрмектерде.
Дүрмекке еріп аяғың шалыс бассаң,
Айналасың шешілмес күрмектерге.
Жарықсызға дүние – соғар құйын.
Керөкпіген көңліңнің доғар күйін.
Шалыс бассаң аяқты дүрмекке еріп,
Күрмектердің шешімі болар қиын.
Дүрмек – сыйқыр адамды аса арбайды.
Дүрмек Хаққа ешқашан апармайды.
Сені мәңгі тозақпен қор ететін,
Дүрмек ішін мекендеп жатар қайғы.
Хақ жолына, құлыным, дара аттағын,
Ақылыңмен әр істі сараптағын.
Бойдан қуып хақсыздық атаулыны,
Әр сәтіңді иманмен жарақтағын.
Еш нәрсеге жүгінбе Хақтан басқа,
Еш нәрсеге жүректей қақпаңды ашпа.
Хақ Аллаһқа тек ғана тәуекел ет,
Жарылқаушы жоқ ешбір Хақтан басқа!
Бәрін шығар ойыңнан Хақ басқаның,
Тазард солай тұлғаңның тат басқанын.
Бір жамандық басыңа орнай қалса,
Хақтан басқа көрмессің жақтасқанын!
Шындық осы сырқатсыз сана барар,
(Өмірде адам сан кірлеп, сан ағарар).
Жеке қалсаң нәпсіңмен шайтан залым,
Хақтан бөліп нәпсіңе қамап алар.
Қош айтуға жарамас, не сәлемге,
Берме, балам, ырқыңды еш әлемге.
Барлық бардың Иесі – мәңгілік Бар,
Хақтан басқа кепіл жоқ екі әлемге!
2012.1.22




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу