Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  107


Автор: Құл-Керім Елемес

ҚОСЫН

Достық деген болады екен үш түрлі,
Әуелгісі иманға дос іш нұрлы.
Сосынғы екеу – даңық, мүдде достығы,
Немесе ол қанжар достық үш қырлы.
Сен бе, сен сол қанжар салған қынапсың,
Қанжар салды халы аян-ды қынаптың...
Бірі даңық,
Бірі көздер мүддені,
Ал біріне иман тұрмақ ұнап тым.
Даңық қуған даңқың қалса пәсейіп,
Шыға келмек шімірікпей қасейіп.
Мүддешілі сендегі ісі біткен күн,
Кері айналар кереметтей есейіп.
Тек сенімен иман досы қалады,
Хақ жолында шаңға бөгіп балағы.
Күлсең күліп,
Ал жыласаң бір жылап,
Сеніменен бірге тыныс алады.
Хақ жолының қасиеті осында,
Мін болмайды достығыңда, досыңда.
Хақ ырзасын мақсат тұтқандықтан да,
Айналасың мәңгілік бір қосынға.
2011.10.16




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу