Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  101


Автор: Құл-Керім Елемес

ҚАЙҒЫ

Хаққын білген хақтардың сөзі біреу болады,
Көретұғын шындықты көзі біреу болады.
Жүрегінде сақтаған Хақ Аллаһын хақтаған,
Иманы бір болған соң өзі біреу болады.
Мысалы, Абай: «Аллаһтың сөзі де, Өзі рас» деп,
Мұқағали да «Аллаһтың бәрі айтқаны рас» деп,
Ділдері де,
Көздері,
Сөздері де бір Хақты,
Танып, біліп қалды әне өздері де рас боп!..
Сондықтан да «даналар сөзі неге ұқсас» деп,
«Бір-біріне неге олар Хақ ісінде ықтас» деп,
Айтар Хаққын танымас көңілі соқыр, көзі ояу,
Һәм тағы айтар ақылы ақиқатты ұқпас тек.
Аллаһ жалғыз, анық ол!
Анықтамас анықты
жалғанға еріп бұл істе жақсылыққа жанықты...
Жанықты да жалғанның жалған, шынын айырған,
Хақ Құранын қалдырып, алды таңдап тамұқты.
Шіркін, бірліқ солайша Біршілдерде қалды да,
Олар кетті «Аллаһ» деп ақыл-ойда алдыға.
Ал хақсыздар, не дауа, хақиқаттан қағылып,
Қор боп қалды әркім бір құдай жасап алды да...
Көп құдайлыда идея,
Ағым да көп аңғыртқан,
Шайтан бас боп ақылмен ағымдарын жаңғыртқан.
Тәрк еткен соң Аллаһты ымыраға бір келмей,
Арсыз наданға айналды Аллаһ Өзі қаңғыртқан!..
Бірлемеуден адамда біреулемек болмайды,
Бірлемеген жүрекке Бірлік нұры толмайды.
Бір Аллаһын хақтамау күллі болмыс хақтаған,
Адам үшін ақылды бәрінен де сол қайғы!
2011.9.26




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу