Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  96


Автор: Құл-Керім Елемес

МОЙЫНДАУ

Шынсыз үшін айтпасаң қой «ақын» деп,
Хақтаған Хақ,
Хақтан аттар ақым жоқ!
Хақ білдірген хақты жазып кетейін,
Жалған жайсып жарқ етпей-ақ жасын боп.
Өтіріктен шын жақсысын шын білдім,
Шын ілім де несібі екен шын құлдың.
Қиял қумай шайтан шәрлеп қисынмен,
Жүрегімнің түбіндегі шынды ілдім.
Қазіргі шын бұрынғымнан басқа шын,
Кірпігімді малыр бұл шын жасқа шын.
Хақтың жолы – қасиеттің ақ жолы,
Ақ жолдағы құлын Хаққым растасын!
 Бұрын дүние ішін кезіп жүріппін,
Жынға ілесіп деппін түнді «жырық түн».
Көз көргенім «осы-ақ екен әлем» деп,
Ай астында ойша сауық құрыппын.
Былайша айтсам «ертегі» екем бір өзім,
«Дірілдеткен дүниені» дүр өзім.
Самғатып ой, ой қармаған қисынды,
Етіп кеппін сырлап-сыптап жыр өзін.
«Ол не екенге»,
Не деріне бермей мән,
Деп салыппын «дерттен биік өрлейді ән».
Құсқа балар, ұстап алар жоқ белгі,
Белгісізге айналыппын керлі ойдан.
Не түсе алмай,
Не ұша алмай ары аттап,
Жалған көкте жатып қаппын ғарақтап.
Шайтан залым шаш-етектен ап тұтып,
Жыртып кепті мен бейбақты парақтап.
Бірінші ақын болу үшін күресте,
Қай бір «шыңда» қатып қаппын сіреспе.
«Сонда қане хақиқаттан не жаздым»,
Деп ойласам түспей тынды бірі еске.
Абай жырда қолданбапты теңеу көп,
«Сияқтысыз» сілтепті Хақ демеу боп.
Ол өлеңді даңық үшін жазбапты,
Хақ білдірген хақты айтыпты теңеу жоқ.
Хақты «хақ» деп,
Нақты «нақ» деп тыныпты,
«Бу сияқты» демепті еш те тымықты.
«Аллаһ рас, Құран шын» деп шындапты,
Сондықтан да нұрдай таза тұныпты.
Ал мен бе, әуел «Хақ» демедім, «қыз» дедім,
«Қарға түскен қайда кеткен із» дедім.
Көлденеңдеп көзді сүзсе құнажын,
«Бұқасың сен, қыл бұрауды үз» дедім.
Мендік өлең осылайша бұзылды,
Қырау қатты, кірпігіне мұз ілді.
Хақты, әттең-ай, хақтай алмай қақында,
Парақтар ақ паңсық сөзбен сызылды...
 «Хақ жоқ» десе боп бермек-ті сезімге,
Сезімнің тек ар болмайды өзінде.
Сезім ұят, иманменен сүйкімді,
Ол екеусіз әлем оның көзінде...
Хақтың жауы тізгін үзген нәпсі екен,
Нәпсі қуған адам хақсыз бақсы екен.
Адам адам боп қауы үшін мәңгіге,
«Хақ» деп, Хақтың жолын тұту жақсы екен!
Сонда ақын да лақпайды екен лас оймен,
Өмірде де айналыспай әсеймен,
Хақтап,
Нақтап өтеді екен дүниеден,
Рух биік, халмен құлдық пәсейген!
Пәстік құлдың нақ болмысы әуелгі,
Пәстікте құл таппақ өзін әуелгі.
Даңықты,
Ұлы,
Биіктердің Биігі,
Такаппарлық Хаққа ғана тәуелді!
Мұны білген «бәрі Хақтан нәсіп» деп,
Алқымай бос ақиқаттан асып бек,
Меніндегі менін ашып құлдықпен
Хаққысына хақ ұшпақ-ты ғашық боп.
Жыры дағы өзіндегі өзі боп,
Өзін тапқан ақылының сөзі боп,
Жап-жарық нұр шырақтарға айналмақ,
Оқығанның көзін ашар көзі боп.
2011.9.20




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу