Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  99


Автор: Құл-Керім Елемес

БІЛУ

Өмір ме ішпек, ұйықтамақ, жемек, күлмек құр?
Жоқ, мысалы, Аллаһ: «дана бол, бәрін біл» деп тұр!..
Даналық деген – Аллаһын танып, Аллаһтың
Өзін де,
Сөзін,
Дінін де «бір» деп білмек-дүр!
Білумен құлдың адамдық құны аспандап,
Бойынан пенде, такаппар, менмен, астам қап,
Шынына жетіп өзіндегі өзі Хақ берген,
«Хақ» деп тек рухы жарықтар емес пе асқан бақ?!
Білумен құлдың құлдығы өзін сақтамақ,
Саф алтындайын болмысыменен сафтана-ақ.
Туғанда қалай пәк болса, кірсіз, сенімді,
Сол халын иман халымен халдеп, нақтамақ.
Білумен құлдың менінің мәні шешіліп,
Бойының міні, ойының сұмы кешіліп,
Рухын тұсап мандытпай келген дүниеге,
Құлдықтан Хаққа құтыла жүйткір көсіліп.
Білумен құлдың өлімге достығы айқындап,
Қорқуы одан алмасып Хаққа қайтымдап,
Құлантазара адам боп Аллаһқа ұшады,
Өз-өзін кешпей күн сындап, апта, ай сындап...
2011.9.13




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу