Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  90


Автор: Құл-Керім Елемес

КЕНДЕЛІК

Сақтан «саңлақ, даңықты, ұлы, салмақтым»!
Сезген білмек ауырлығын салмақтың.
Даңық – изар, екен бізше алжапқыш,
Ұлылық ол шапаны екен Аллаһтың!
Даңық кімді арбамады қазақта?
Ұлылық та тіркелмеді аз атқа.
Хақ: «екеуін иелемек болса кім,
Салам, – депті, – сол құлымды азапқа*»!
«Кешір Аллаһ, тауба!» делік – қайтайық!
Хаққа ғана мақтау, мадақ айтайық!
Құл лайықсыз шынды жалған малданып,
Жүре бермей «ұлымын» деп қайқайып.
Ұлы Аллаһ,
Аллаһ дана,
Даңықты!
Ұлы, өйткені Ол – жаратты да, дамытты
Аспан,
Жерді,
Жел,
Күн,
Айды, күллі істі,
Екі әлемді,
Жәннәтті һәм тамұқты...
Ол жаратты өсімдік,
Хайуан,
Жәндікті,
Ол: «бол!» деді, боп бәріне жан бітті...
Ол жаратты өлім,
Өмір,
Жоқ-барды...
Нұр,
Сәулені,
Жасынды,
Отты һәм құтты...
Ол жаратты періште,
Жын,
Адамды!
Періште ме, пәкизат ол табанды.
 Жын ба, жын да тұрақсыздау мақұлық,
Адам – халиф, бірақ көбі надан-ды...
Адам рас жаратылыс соңғысы,
Күтілді одан болмақ бәрі оңды ісі.
Қос қасиет – ақыл, нәпсі беріліп,
Болсын делді тек жәннәттық сом кісі.
Адам бірақ тілін алып малғұнның,
Жоқшысына айналды, әттең, бал күннің.
Болды міндет дүниеден қайта өрлеу,
Еншісінде Хақ білер жәй... ол кімнің!
Соны білмей кердеңсиді көп пенде,
Хақтан қорқу кәперінде жоқ та емге.
Аңғармайды тұрса да өлім алқымдап,
Адам рас ақиқаттан бек кенде!
2011.8.26


*Құдыс хадис. Имам Муслимнен




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу