Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  92


Автор: Құл-Керім Елемес

ҚҰЗЫР ЕТУ

Бабына келтіріп ем жыр құлағын,
Бұлақтай тастан аққан сылдырадым.
Немесе анасынан аулақ қалып,
Қайта ұшқан құлындайын құлдырадым...
Дұрыс!
Сыйы ғой бұл да Хақтың берген маған,
Қалайша кереметсіп кердең қағам!
Етуге Хаққа шүкір қақылымын,
Берілсін төмен, кейде өрден бағам.
Мақтау да, мадақ та Бір тән Аллаһқа!
Мәңгі істің мағынасы, мәні Аллаһта.
Құлқымен құзырына байланғасын,
Жақсының жана ұшады жаны Аллаһқа.
Бірақ та, адаммын ғой, айыптымын.
Бірімін Хақ алдында айыптының!
Қалшиям қайтерімді білмей қатып,
Қалайын ойлағанда ғайып күнім.
Қабірім не болады тар ма, кең бе?
Жағымды іс жауап берер бар ма менде?
Жауап бере алмайды екен Нәкир, Мүнкәр
Сұраған сұрағына арға кенде.
Ниетсіз қылған құлдық тиын дейді,
Әй, қайдам, ниет сондай иінбейді.
Нәпсі ме, нәпсі сайқал сайқаң қағып,
Менменсіп мен байқұсқа күйінбейді.
 «Қой» деймін, «тоқтал» деймін, «арыл» деймін,
«Ағыңнан Хақ Аллаһқа жарыл» деймін.
Сүйеді ол дүниені өліп-өшіп,
Бәрібір зарық оған, зар іл мейлің...
Ием-ай, сонда да Өзіңе үміттенем!
Қараймын қаһарыңа үмітпенен!
Енсем деп Құзырыңа құл пейілмен,
Келемін көңіл жүйрік күлікпенен!
Қабыл ал тілегімді,
Құдіреттім!
Өзіңсің құдіреттісі Құдіреттің!
Өзіңсің таубаларды қабылдаушы,
Сондықтан құзырыңа құзыр еттім!
Кешірші тастан қатты кінәмді,
Аллаһ?
Қалдырма қас бойымда күмәнді,
Аллаһ!
Айырар ақ пен қара,
Дос пен қасты,
Жолшырақ берген бізге – Құранды,
Аллаһ!
2011.8.14




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу