Өлеңдер ✍️

  09.02.2022
  106


Автор: Құл-Керім Елемес

МАХАББАТ ПА?

«Хаққым болсын Саған, – дейтін, – жан құрбан!»
Құдай берді құштарлық ол жанды ұрған.
Хақ лебінің бір мысқалы ол, мүмкін,
Соқыр, мылқау, кереңді де жандырған!
Дүниенің тартылысы ол – махаббат.
Жасындардың жарқылысы ол – махаббат.
Рух пен тәннің әр тынысы ол – махаббат,
Сезімдердің шарпылысы ол – махаббат!..
Ал, онда –
Хақ пен өзін ұламаған махаббат,
Хақты айтқанда жыламаған махаббат,
Хақтың аты аты құрлы арудың,
Жан-діліне ұнамаған махаббат,
Махаббат па?
Хақты көрмей, қызды көрген махаббат,
Нақты көрмей, ізді көрген махаббат,
Хаққа құлдық ісін жаннан өшіріп,
Нәпсілерге үздіге ерген махаббат,
Махаббат па?
Хақ сырына қанықпаған махаббат,
Хақты құлға танытпаған махаббат,
Сонша ма ыстық сүйіспендік күшімен,
Хақты бір де қана ұқпаған махаббат,
Махаббат па?
Жүректерді аралаған махаббат,
Жүрген жерін жаралаған махаббат,
Өзі берген құштарлықпен Аллаһты,
Бір сүюге жарамаған махаббат,
Махаббат па?
Жоқ!!!
2007.2.8




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу