Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  161


Автор: Шәмшия Жұбатова

Айгөлек – ән

А-ға

Әуезімен алма ағашын гүлдеткен,
Сіздің өнер жолыңыз да бір мектеп.
Үніңізден жапалақтап ақша қар,
Әніңізден жаңбыр жауған дірдектеп.
Сондықтан да жүрем Сізді құрметтеп.
Сізді көрсем, даусыңызды естісем,
Қозғалады мұздақтағы ескі сең.
Қызғалдақтар нарттай болып ашылып,
Көктем келіп, көңілдерден көшті сел.
Көгілдір түс көремісің кешті сен?
Арман-ай күн, жағалауда тұрағы,
Сізді көрсем, жыр жазғым кеп тұрады.
Ақжолтай жан жолда келе жатыр деп,
Қамажай көл сыбдырлайды құрағы.
Маусым ғұмыр маздап жанды шырағы.
Қызғалдақтар нарттай болып ашылып,
Жатыр Сіздің жолыңызда бас ұрып.
Әдемі адам бара жатыр дейді олар,
Ұлы өнердің сапарына асығып.
Күн нұрынан жатыр шашу шашылып.
Көңілді адам, көрікті адам, әнші адам,
Самырсынның ішінде жүр самсаған.
Бұлақ біткен сыңғырымен оятып,
Бұлбұл құстар ән силайды қанша оған?
Көремін де соның бәрін, тамсанам.
Көңілді адам, нәзік адам, жыршы адам,
Қайыңдардың ішінде жүр құрсаған.
Қайың талдар аппақ қардың астында
Тербетіліп, қолын соғып тұр соған.
Шабыт алды ол шарықтаған шыршадан.
Айгөлек күн дөңгелеумен барады,
Барады да, бір бұрылып қарады.
«Айгөлекті» айтып келген ақ жігіт
Ән ғұмырын ұзартуға жарады.
Шайқалады шат көңілдің шарабы.
Әуен барда көкіректі тербеген,
Өміршең ән өңіріңді зерлеген.
Көмейлерден діріл болып төгіліп,
Әнші құс ол көкке қанат сермеген.
Бардың құны бағаланар зердемен.
Бардың құны бағаланбай жатқанда,
Ар үйінде ағарады ақ таңба.
Таза күміс қоңыраудың дауысы
Кеш түскенде қағылады қақпаңда.
Тоғышарлық тіреледі тоқтамға.
Бар бол, бар бол, ақжолтай жан, бол аман,
Бейнең жанда биіктейді қоладан.
Сылқылдаған сан әуеннің сазында
Сәмбі талдай солқылдайды сол адам.
Күн іздеген жүректерге толады ән.
Ақ шағала шалқар іздеп шөлдеген,
Айгөлек ән көбелек боп көлбеген.
Тұңғиыққа маржан іздеп төнді де,
Тереңдерден теңіз болып келді өлең,
Барлығында үміт оты сөнбеген.
Жаңа жылды, жаңа күнді қарсы алып,
Шарықта, құс, келген нұрға баршы ағып.
Бұлақтардың сыңғыр даусын сағындық,
Қарғалардың қарқылынан шаршадық,
Бал үнінде бұлақтардың барша құт.
Желпі, самал, жұпар аңқыт, желікпе,
Ентікпесе, қырат дайын елікке.
Айгөлек күн айналумен аралды,
Туған жерге қайта оралып келіп пе,
Еңселі күн есіктерден еніп пе?
Күреп келіп қаңтар айдан қар қалың,
Аңқылдайды ақыл айтып арда күн.
Бар тіршілік көктен әуен іздейді,
Қара суға малып қойып қармағын,
Аңсар жүрек айтумен жүр арманын.
Аңсар жүрек нәзіктіктен жаралған,
Жас боп кейде мөлдірейді жанардан.
Марал біткен маңымаса қайтеді,
Аққу құстар жеткен кезде Аралдан,
Тоты күндер толқындарда таранған.
Айгөлектей күндер қайда кешегі,
Қайтты ма екен мезгілдерден меселі?
Тынып қалған тұнық сулар тіріліп,
Түйткілдерім түйіншегін шешеді,
Айгөлек күн шарлаумен жүр көшені.
Тектілікке теңін қатар шешкізген,
Керуені келешектің көш тізген.
Бақыт шамы Бағдат қала секілді,
Қолын бұлғап шақырады ескі ізбен.
Бір көктемді ала алмайсың қос күзбен.
Түн келгенде төңірегім тербелген,
Әупілдегім әупілдейді көлдерден.
Ай астында аппақ кеме барады,
Қалтылдайды қанаттары жел керген,
Кер маралдай керілген шақ, кел бермен!
Маңдайына таққан моншақ сырғанап,
Маңғаз өмір мардымсумен тұр қарап.
Бір айналым жасау керек талпынып,
Бір қанатты демегенде бір қанат,
Желбіреген жібек іздеп жүр манат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу