Өлеңдер ✍️

  08.02.2022
  96


Автор: Шәмшия Жұбатова

Ұмтылыс

Мен жазамын өлмейтін рухтың әнін,
Қазыналы қойнауды құт қыламын.
Жапырағы жамырап жасыл орман,
Басып кеткен ізіме шықты қалың.
Жапырағы жамырап жасыл орман,
Көктеп өніп шығады асыл ардан.
Орнатам деп ұмтылды Алтын орда
Ғарыштағы ғажайып ғашық арман.
 
Жұлдыз сепсем, көгеріп дән шығар ма,
Тіршіліктің үні бар тамшыларда.
Булығады кептеліп көкірегім,
Мен қиналып кетемін ән шығарда.
Зулаған жыл мойнымды бұрғызбады,
Қанатымның астында жыр қызғалы.
Алтын орда үстіне жарқыратып
Құс жолдарын келемін тұрғызғалы.
Құс жолдарын орнатам жарқыратып,
Жарқыраған мезгілдің арты бақыт.
Мынау күннің кеші де құбылаға
Бататұғын секілді жалқын атып.
Қалқып ұшып кетсем де биіктермен,
Көзді жазғым келмейді сүйікті елден.
Бұл дүниеге келгенде, ақ матадан
Ақыреттің көйлегін киіп келгем.
Мен жаңбырды сүйемін қолшатырлы,
Кемпірқосақ түсін де сонша түрлі.
Сезімдерін сел қылып себелектеп,
Жаңбыр тілін жырлайтын барша түнді.
Жеткізбейді көгілдір көктем алыс,
Көктемге ұқсап кетеді көктегі ағыс.
Шағаласын шалқытып келе жатыр
Жағалауын жылжытып жеткен Арыс.
Мен соншалық сүйе алам, жек көре алам,
Гүл дестесін жалықпай көп тере алам.
Сынақтарда жарылған отқа күйіп,
Махаббаттың жетсінші кептері аман.
Күйіп қалып қанаты сынақтарда,
Мекен таппай келіпті тұрақтарға.
 
Көз жасының құралған тамшысынан
Қанаттарын жуамын бұлақтарға.
Қанаттарын жуамын, кірсін әрі,
Табылады, асықпа, бір сыңары.
Оқырманым, ойланып отырмашы,
Қалықтамай сен неге жүрсің әлі?...
Тыным таппас жүрегім, топқа сөйле,
Жанып тұрған лапылдап отқа сөйле.
Ақ кірпігін ашқанша мылқау ғалам,
Күндер сөйле, ай сөйле, апта сөйле.
Ақ кірпігін ашады мылқау ғалам,
Мылқаулыққа қарамай түлкі аулаған.
Ең бір биік нотаны таңдап алып,
Керек болып тұр қазір шырқау маған.
Ең бір биік нотаны таңдап алып,
Самай шашы таңдардың қалды ағарып.
Жүректерге жете алмай қалғаннан соң,
Жапырақтар соғады жарға барып.
Жүректерге жүрекпен тілдесемін,
Оятамын ұйқыңнан түнде сенің.
Қайда барсаң қасыңда тіп-тік болып,
Жүру керек сияқты күнде Сенім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу