Өлеңдер ✍️

  06.02.2022
  83


Автор: Саян ЕСЖАН

ЖАПЫРАҚ ЖЫРЫ

Нені ұғындым?..
Жалғанда нені білдім?!
Досым – өлең,
білерім...серігім –мұң.
Тағдыр сірә,
өтпелі жаңбыр шығар
Тамшылаған
көгінен көңілімнің?!
Солай, құрбым,
(Бұл өмір – жаңбыр ғана,
Жауынына
жазмыштың көндім жаңа)
Әр тамшысы жанымды
қалтыратқан,
Жапырақ боп иілдім
тағдырға ана.
Көндім, көндім...
Көндікті жан да сірә,
 
Жетпеймін бе,
жетем бе таңға шұға?!
Жел жұлмалап
тәнімді өмір тұнған,
Жіберер ме
лақтырып жар басына?!
Күндер көшсін, баянсыз...
бастан дәуір,
Қайран,
Жалған көзінен жас тамбағыр!..
Жанардағы
саф тамшы мөлдіреген –
Толағай көтере алмас
тастан да ауыр.
Тапталса да табанға
бар мұратым,
Жапырақпын кәдімгі,
тағдыры – ақын…
Қоңыр күздің көзінде
қалтыраған –
Өмір боп оқып тұрған
соңғы датын...
 
***
Тағы да кеш...
Сезім.
Ой.
Сенім – өлі.
...Түн тағы да алдады,
Сені, мені...
Мен үшін...
барың – қайғы, жоғың – арман,
«Өмір» не?
«Тағдыр» шығар?!
Бәрі жалған...
Менің жаным –
парағы өкініштің,
жүзінде сағыныштың табы қалған.
Жанымды көктем
сызы қалтыратып,
Өтер-ау жалпы Тірлік,
жалқы Уақыт.
 
...Түнменен
қол ұстасып кетіп барам,
Бүгіннің алды –
қайғы, арты – бақыт.
Жанардың айнасынан
күліп Көктем,
Жаныма іңкәрлікпен
сіңіп кеткен.
Сол көктем боп
оралам бір күндері,
Сағынышпен,
аңсармен...үмітті еткен.
Сен қаларсың...
Қол бұлғап,
алдап, күліп,
Секемшіл сөздеріңді
жалғап күдік.
Мен кетермін
ендігі мәңгілікке –
Аспанын көңілімнің
торлап бұлт.
 
Жиылып көңілімнің
көгіне мұң,
Жек көремін.
Сағынам. Жерінемін.
...Өз-өзімді жоғалтқан
өз ішінде,
Мен осындай
дәрменсіз Өмір едім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу