Өлеңдер ✍️

  04.02.2022
  222


Автор: Жарасбай Нұрқанов

ҚАЙРАН ƏКЕМ

(Жоқтау)
Түс көріп, түн ішінде оянып ем,
Жанарым, жасқа сонда боянып ең.
Түсімде көрген жайдан шошып едім,
Сырымды айтпай қалай қоямын мен.
Ауылда – зəулім өскен бəйтерегім,
«Дауылға төзімді» деп айтар едім.
Айрылып бар көркінен сол бəйтерек,
Арсиып тұрған болса, қайтер едің?
Көркейтіп, жайқалдырған бұл алыпты,
Айнала ағар бұлақ суалыпты.
Байғұстың өзегін құрт кеулегендей,
Ағаштың ұшар басы қуарыпты.
«Сойдиып мүлдем, деймін, бұтақтары,
Бəйтерек мұнша неден жұтап қалды?» –
Түбінен опырылған тəрізденіп,
Екі адам тіреу болып құлатпады.
Сескеніп содан менің оянғаным,
Сезіндім көзім жасқа боялғанын.
Жүрегім атша тулап жатыр екем,
Кеудемнің дірілін бір қоя алмадым.
Сол діріл,
сол қалтырау басылмады,
Күннің де қабағы бір ашылмады.
Қолымнан айна жерге түсіп кетіп,
Əйнегі төрт бөлініп шашылғаны.
Көңілге ауыр алдым мұны дағы,
Ескінің келмей қоймас ырымдары.
 Жүрегім маза таппай отырғанда,
Телефон аса қатты шырылдады.
Елдегі келінім мен інім екен,
Қолдары тигендері бүгін екен.
Ауылдың бір хабарын осы кеште
Зарығып күткенімді білді ме екен?
Бауырым бейнет шегіп жүреді əман,
Келінім сөз бен іске бірдей маман:
– Əкейдің тамағынан сусын өтпей,
Уколға қарап қалды, – деді-ау маған.
«Əлсіреп» дегенді тек ұғып қалдым,
Төбемнен ұрғандай боп тұрып қалдым.
Дүние күңгірт тартып жүре берді,
Айнаның еске салып сынықтарын.
Əкеге жаны ашымай төзбекші кім,
Көз ілмей түні бойы дөңбекшідім.
Аунақшып ауыр ойдан шыға алмадым,
Торына шырмалғандай өрмекшінің.
Таптырмай іздегенде небір бұйым,
Түсінбей жүретұғын соны миым.
Бəрінен ділгірліктің асып түсіп,
Билеті самолеттің болды-ау қиын.
Сол кезде жарым менің жанын салып,
Жүгірді күн ұзаққа күйіп-жанып.
Тұйықтан қисын тауып алып шықты,
Кезекті кеудесімен бұзып-жарып.
Əкемді əкесіндей сыйлаушы еді,
Əкейді кəрілікке қимаушы еді.
«Көре алмай қаламыз ба» деген қауіп –
Самғатып жіберген күш жылдам мені.
 Таң атпай Қызылжарға бардым ұшып,
Өткір жел құшағына алды құшып.
Аспанда ай өртеніп жанып тұрды,
Əкемнің дертіндей боп бөрткен ұшық.
Тоңазып бойым бірден суық желге,
Аяғым тигені сол менің жерге;
Жөнелді іліп алып жүрдек «Волга»,
Мың алғыс ел басқарған жігіттерге.
Əкем де атқа шапшаң жүруші еді,
Сар желген ат қадірін білуші еді.
Əкеме бұдан қымбат болған емес,
Бір кезгі басқарманың шекпен-шені.
Пар жеккен екі шабдар желдей есіп,
Жан еді көк есілді жүрген кешіп.
Бір жұтым суға зар боп жатыр ма екен,
Кəрілік дертке айналса, амал нешік?!.
Көп жылдар туған жерден алыс жүрдім,
Өлеңге сыймайды ғой бəрі сырдың.
«Əкеміз əл үстінде» деген шақта,
Əкемді бір көруге жанұшырдым.
Қызарып күннің көзі шықты балқып,
«Ұшарға қанатым жоқ» десем, артық.
Асығып үйге жылдам кіріп келсем,
Жан əкем жатыр екен төсек тартып.
Апырау, əкем қалай жүдеп кеткен,
Ауырмай, жүдемейді бұлай тектен.
Жарықтық жатыр екен шалқасынан,
Арқасын қос жастықпен биіктеткен.
Дыбысқа сергек екен құлақтары,
Жанары солғын екен бірақ тағы.
 Қауқылдап жөн сұрайтын қайран əкем,
Қолымның тым ыстығын ұнатпады.
– Аман ба Жомартың мен Жəнібегің? –
Күрсініп шығарды іштен жалын-лебін.
Əкеме суық судан бір жұтқызып:
– Бəрі аман, сəлем айтты бəрі, – дедім.
Қара су, қарап тұрсам, қорегі екен,
Судың да ең суығы керек екен.
Мұздай су мұң болар деп кім ойлаған,
Шыбын жан дəтке қуат көре ме екен?
Өртеніп іші күйіп, жанып жатыр,
Бұралып, аш өзегі талып жатыр.
Тынымсыз ортаншы ұлын көп іздейді:
– Маратжан, тез келмей, – деп, – нағып жатыр?..
Адамға бейнет, сырқат, деме, қайдан,
Ауруға сəл де болса тисін пайдаң.
Əкеден Мараттай ұл туса, тусын,
Əкелген бұлақ суын Бүгіл сайдан.
Мөлтілдеп көз жасындай терең құздың,
Бұлағы атамекен жұртымыздың.
«Дертіме бір шипасы болар ма» деп,
Əкеміз аңсайды екен соны біздің.
Кезінде сол қайнардан қанып ішкен,
Алыстан ат терлетіп барып ішкен.
Əкейдің жанын қинап жатыр енді,
Жалқаяқ, запыран боп жалын іштен.
Кезінде бəріміз де асып-тастық,
Өтеді бір күнгідей болмай мастық.
Сырқаттың табамыз деп қайтсе бабын,
Бір жұтым суға бола жанталастық.
 Науқастың тілін біліп, көңілін тауып,
Нұрсұлу, айналайын, болды тəуіп.
Жүгірді домаланып ертелі-кеш,
Əкеміз қиналған сəт ауық-ауық.
Əкемді ардақ тұтқан Нұрсұлуым,
Жетпейді Нұрсұлуға мың сұлуың.
Дамылсыз құрақ ұшып жүрді-ау қалқам,
Елемей күн ыстығын, түн суығын.
Əкейге шаң жуытпай, кірін жуған,
Келінім жаралғандай асыл нұрдан.
Маратжан екеуі де сүйеу болып,
Құлатпай бəйтеректі ұстап тұрған.
Алдыртып тас құдықтан мұздай суды,
Əкеміз аузын шайып, тісін жуды.
«Өтейін таза болып» деді ме екен,
Жарықтық жарау аттай таң асулы.
Есті жан сұм ажалды сезе ме екен,
Тірліктен енді күдер үзе ме екен.
Əкеміз солғын тартып, жатты сұлық,
Жан еді іске ширақ, сөзге бекем.
Сыртта жел əлдене деп ызыңдай ма,
Ызыңға көңіл шіркін бұзылмай ма? –
Арқаның азынаған суық желі,
Қосыла күйінгендей біздің жайға.
Сол бір жел үрейді алып гуілдеген,
Үзгендей кенет біреу, тынды мүлдем.
Жан əкем, жарықтығым өте барды,
Мамырдың екісінде дүниеден.
Ажалдың өзінен де сескенбейтін,
Есімде сақтап қалдым дана кейпін.
 Ақ көйлек, асыл туған жан еді бір,
Інісі Таласбайды «Тəбə» дейтін.
Майдангер Қабдол ағай басын сүйеп,
Əкеміз жүріп кетті, қағып иек.
Қаңырап домбырасы қала берді,
Аршадан аршып-жонып, таққан тиек.
Аңырап, дауыс қылып зарлы шерін,
Жоқтауын айтты жеңге, айтты келін.
«Əкем-ау, əкетайым» деген дауыс
Шыңылдап құлағымда қалды менің.
Əкемнің мұрты сұлу, қияқ еді,
Сырласы – Қасым, Бекім, Шияп еді.
Əнəсті əулиедей көретін жұрт,
Қалайша қара жерге қияды енді?
Амал не, əкем жансыз, мəйіт-сүйек,
«Жұмаға қойсақ» дейді адал ниет.
Мəңгілік сапарына жөнелтті елім,
Əкейді таза арулап, тəрбиелеп.
Сол бір сəт – жанарым жас, кірпігім мұң,
Айтуға жоқ қой бəрін мүмкіндігім.
Тоқтаусыз ағын судай өмір осы,
Марқұмның болып қапты қырқы бүгін.
Сəлем де туған елге, ауылыма,
Сəлем де аға-жеңге, бауырыма.
Əкемнің аруағын қастерлесін,
Тағдырдың төзе білген ауырына.
Сəлем де Құдайберлі-Бəйімбетке,
Бəріңді қосып айтсам, айып етпе.
Батаның бар жабдығын жасап жүрген,
Алғысым – Жасұлан мен Қамарбекке.
 Əкеме дұға қылып Қасым аға,
Күнара барған шығар басына да.
Қырқына əкеміздің келген елдің
Сəлем де үлкені мен жасына да.
Есілдің екі беті – бір қайықта,
Əнəсті бірге жоқтап жылайық та.
Құранды күңірентіп сол оқысын,
Сəлем де замандасы Шұғайыпқа.
Отыз күн жоқтау жазып байқап едім,
Көп екен арман сөзім айтар менің.
Орнынан, əттең, қайта тұрмайды ғой,
Түбінен опырылған бəйтерегім.
Өлеңім – кеудемдегі аятым ең,
Мұңымды айтпай қалай қоятын ем.
Атаның орнын əсте жоғалтпайды,
Маратжан тентек ұлы Саятжанмен!
Еліме жоқтау жырым емес тосын,
Өлеңге енді бір сəт дамыл болсын.
Қырқына əкеміздің келдің бəрің,
Ағайын, дұға, ниет қабыл болсын!
Əумин!
1990 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу