19.12.2021
  354


Автор: Сафуан Шаймерденов

Селдің екпіні

Тұршабай төсектен көзінің алды күлтеленіп, беті ісіңкіреп тұрды. Байқаса, жан сүйері Шәрбан да солай екен. Жақ еті суалып, өңі қуқыл тартқан.


— Бүгін де ұйықтай алмаған екенсің ғой, жазған, — деп Түршекең жіңішке даусымен ыңырси айтты.


Шәрбан күрсініп қойды.


— Ұйқы-күлкіден айырылдық қой.


Тұршабай әлдеқашан суып қалған шайына тесіле қарап ұзақ отырды.


— Не сұмдығы болса да, тезірек болса екен...


Бірін-бірі қабақ қағыстан түсіне қалатын осы бір ерлі-зайыпты тату адамдардың мазасыздығына, шынында да, көп уақыт өткен еді.


Айнала тау қоршаған мына сәнді қалаға жаз болса-ақ бітті, қатер төнеді. Биігіректе, сонау қарлы шыңдардың арасында аузы мұрнынан келіп, мөймілдеп тұрған бір қол бар деседі. Сол қол жаздың сарша тамыз ыстығында тасып шығып... құдай сақтасын, тасып шықса, жолында жатқан мына сәнді қаланы бар ғой... тіпті аузың бармайды, әйтеуір пәлекеттің бетін аулақ ете көрсін деңіз.


Әр үйде қазір осы үрей бар. Сол үрейді радио да, күнде қала үстінде дырылдап ұшып жүретін вертолет те ушықтыра түсетіндей. Жолың болып тауға қарай жүре қалсаң, таяқ тастам жерден жаңағы болашақ қатерді есіңе салып, жарнама тақтайлар тұрады. Қайтсе де, қала халқында біраз жылдан бері тыныштық жоқ.


Бұл тынышсыздықтан әр үй өзінше жол табатын-ды. Мәселен, Тұршабай болса, жаздың осы бір қатерлі айында Шәрбан мен балаларды алып, алыс бір жаққа кетіп қалушы еді. Орталық курорттарға, тіпті болмаса, өзінің, қала берді Шәрбанның ауылына барып жатып алатын. Сөйтіп, кемді - күн демалыс шағы болса да, қалаға төнген қатерді естен шығарып, көңілі жай табатын-ды. Жоқ, көңілі жай табады деген жай сөз. Өйткені онда үй-жайы қалды. Тірнектеп жинаған дүние шіркін қалды. Бұл ретте әйел заты болған соң Шәрбан көбірек мазасызданатын еді. Оның есіне сервант толы қымбат сервиздер мен хрусталь, фарфор вазалар түсіп, кей түндерді ұйқысыз өткізетін. Әрине бәрін де араларына мақта салып, тас-түйін етіп қымтап, орнықты деген жерге қойып кетуші еді. Сөйтсе де, кім біледі, жасағанның жазымы боп, жер сілкінсе, ең алдымен кететін осы дүниелер ғой.


Шәрбан осы себепті ұйықтай алмайды. Тұршабай екеуі ертемен тұрады да, құлағын радиоға түреді. Оған да сенім жоқ секілді, ертеңгі дәмді іше салысымен почтаға қарай жүгіреді, жаңа келген газеттерге үңіледі. Әйтеуір, көңілге медет болары — өздерінің алыста жүргендігі.


— Дүниесі түссін, өзіміз аман болайықшы, — деп қояды Шәрбан осындайда. Оны Тұршабай үнсіз қостайды.


Көп жылдан бері бұл семья жазды осылай өткізуші еді. Биыл соның реті болмай қалды. Өткен жылдардың бірінде Шәрбан ойда жоқта ғылымға икемі барлығын танытқан-ды. Бір дастарқан басындағы әңгімеде әлдеқалай:


— Осы Шәрбан неге диссертация қорғап алмайды, — деген сөз туа қалған.


Осыдан кейін Тұршекең мен Шәрбекең қауырт ақылдасып:


— Рас-ау, қорғап алу керек екен-ау, — деп тоқтаған. Соның аяғы Шәрбанның аспирантураға түсуімен тынды. Ал Тұршекең болса: «Он тиынға он тиын қосылса, ішімізден өтіп бара ма, осы бір ақшаның басы артық тұр дегенді ешкімнен де естімедім -ау осы. Кім Американы ашып, жарылқап жатыр дейсің, күн көрудің қамы да, әйтеуір, кімдікі болса да» — деп топшылаған. Сол диссертациясы түскірдің толғағы биылғы көктемге доп келуін көрмеймісің!


Диссертация толғағы дегенді, құдай сақтасын, атай көрмеңіз. Кім білген оны, ғылыми кеңес дегенің жатқан бір машақат екен ғой. Анасы алай тартып, мынасы былай тартып, дегендей... құр көзіңе жылтырағанымен шар саларға келгенде айнып жүре береді екен. Сол себепті,ғылыми кеңес мүшелерінің қыбын табу керек. Сөзінің өтетініне асыңды саласың, қасыңды саласың. Амал бар ма, тіпті Шәрбанның өзін де саласың. Ал сөзің жүрмейтінге танысыңды саласың, немесе танысыңның танысын саласың. Танысыңды, танысыңның танысын салу үшін оларға да өз тарапыңнан бірдемелер салу керек қой. Әйтеуір, бұл іс үстінде алу жоқ, салу ғана бар. Бір жақсысы, сәтімен қорғай қалса, кейін салғаныңның бәрін қайырып алам деген үмітің болады. Әйтпесе, құдай ақыңа, диссертация қорғау дегенді дұшпаныңның басына да бермей-ақ қойсын.


Міне, сөйтіп, Тұршекең асы мен қасын салып, танысы мен танысының танысын салып жүргенде біршама уақыт өтіп кетіпті. Күздің болғанын текенің бақылдағынан аңғарған аңғырт шалға ұқсап, Тұршекең сарша тамыздың келіп қалғанын, сел жайында қала ішінде гулеп жүрген сөзден барып білді. Амал қанша, білгенімен не шара, мына шаруаны тастап қайда кете алады. Тағдырдың салғанын көреді де.


Бұл бұл ма, соңғы кездері тағы бір сұмдық қаңқу сөз тарап жүр. Қаңқу емес, расы сол қалаға қатер төндіріп тұрған селдің жолын біржола жабу үшін екі жақтан қаусырмаланып келген екі тауды қысаң жерде тас-талқан етіп қопарып, бөгеп тастау керек. Екі таудың да асты ұңғып қазылған шыңырау шахталар. Сол шыңырау шахталарда аузы-мұрнынан келіп, үйіліп жатқан жарылғыш дәрілер. Бәрі әзір. Бірақ талай жылдан бері жіңішке аурудай созылып келе жатқан талас бар ал тауды жардық, ал селдің жолын бөгедік. Ал сонда сел жолын бөгейміз деп жүріп, қала астындағы тыныш жатқан бірдемелерді қозғап алып жүрсек ше?! Ал сонда не болады?..


Ал сонда не боларын доп басып ешкім айта алмайды. Сол себепті, жыл сайын дүр етіп әңгіме көтеріледі де, шынтуайтқа келгенде кейінге қалдырыла береді. Ұзақ жылғы осы тартыстың нүктесі, не қылса да, биыл қойылмақ. Селге бөгеу салынады. Бүгін-ертең деп қала халқы осыны күтумен жүр. Сол күткендердің бірі осы Тұршабайдың үй іші.


Ұзақ ойланған Тұршекең суыған шайын бір-ақ ұрттады, шәшкесін төңкере салды.


— Жазған - ау, ең болмаса тамағыңды дұрыстап ішсейші! — деді Шәрбан.


Тұршабай жауап қатпады. Құлағын әлденеге оқыс түріп, тынып қалды, алыстан талып естілген гүріл әп-сәтте зорайып барып, тас төбеден дарылдап өтті.


— Вертолет! — Тұршекең даусы әлденеге меңзелгендей үрейлі шықты. Осы сөз қамшы болды ма, Шәрбан ұшып түрегеліп, радионы қосты.


Кәдуілгі таныс диктордың даусы, сарнап қоя берді.


— Тыңдаңыздар, Тыңдаңыздар! Бүгін күн көтеріле бере қала сыртындағы тау жарылады. Сөйтіп, талай заманнан бері төніп келген сел апатынан біржола құтылатын боламыз.


Ерлі-зайыптылардың жүрегі зірк ете қалды. Бір-біріне тесіле қарасып сәл тұрып еді, ойындағыларын айтыспай ұғысты. Тұршекең сыртқа жүгірді, Шәрбан болса, ұйықтап жатқан балаларды барып жұлмалай бастады.


— Өй, тұрыңдар, кәне тез тұрыңдар. Кешіксек құримыз. Аш көздеріңді. Киініңдер!


Бұл сөздің мәнін түсіне бермеген балалар шошып оянып, бақыра бастады. Шәрбан оған қараған жоқ, балаларға қатал үнмен шолақ қайырып, айқын-айқын жарлық берді де, жүгіріп сервантқа келді. Үлкен дәкені еденге жайып салып, үй ішінің әрін ашып, сәнін келтіріп тұрған қызыл ала, көк ала, сары ала сервиздердің бәрін жалма-жан орап түйе бастады. Осы кезде көше беттен машина даусы шықты. Шәрбан бір жеріңе біз сұғып алғандай шоршыды. Бір қолында жаңағы түйіншек, бір баланы жетелеп, екіншісін алға сап, тағы бірі артында ұбап-шұбап үйден шықты.


Көшеде қара-құра кісі көп екен. Бәрінің де көзі тау жақта. Біреу үрейленіп, біреу тамашалап қарайды. Шәрбанның олармен ісі болған жоқ. Машинаға кеп жармасты. Тұршабай да тықыршып отыр екен, көгілдір «Волга» аң көрген тазыдай жұлқына кеп жөнелді. Әлі жайғасып болмаған ұйқылы-ояу балалар машина ішінде допша домалап, бірі «басым», бірі «қолым» деп байбайласып қалды. Еңкейе беріп, түйіншекті жайғастырып жатқан Шәрбекеннің, өзінің де аяғы көктен келе жаздады.


— Ойбай, Тұршабай, тоқта!


Тұршекең аяғы тежемеге сарт етті.


— Не болды?


— Әлгі вазаны ұмытып кетіппін.


Шәрбан «жүгір» деп айтып үлгірмеді, Тұршабайдың өкшесі құйрығына сарт-сұрт тиіп, зытып бара жатты. Қабақ қағыста подъезге де сүңгіп кетті.


Осы кезде көшедегілер ду ете қалды.


— Жер сілкінді, жер сілкінді! — деген балалар шуылы құлақты тұндырарлық. Рас айта ма дегендей, Шәрбан тау жаққа көз салып еді, шаң-топырағы аралас қызыл жалқын бір шоғыр бұлт түйілген жұдырықтай болып биіктеп барады екен. Машинада отырғандықтан ба, Шәрбан түк те сезген жоқ. Оқшауырақ әңгімелесіп тұрған екі кісі де ештеңені сезбепті.


— Рас па-ей? Рас па-ей? — деп таңырқасып жатыр. Бірақ балалар шуылы зорая түскен.


— Бүйтіп қозғалмай тұр едім. Біреу табанымды қытықтап өткен секілді болды.


— Жо... Қасыңнан самосвал өтеді ғой, жер солай дірілдеді.


Осы кезде баспалдақтардан елікше секіріп түсіп, ентігіп Тұршабай келді. Құшағында үлкендігі екі жасар сәбидей сары ала фарфор ваза. Жұрт көңілі енді осыларға ауған секілді. Жаңағы оқиғаның әсері сап басылып, айналада күбір көбейіп кетті. Содан қысылды ма, кім білсін, Шәрбан сәл шытынаңқырап:


— Қой, ентікпей-ақ қой енді. Сен найқалып жүргенде бәрі де бітіп қалды, — деді.


Тұршабай түсінбеді.


— Не бітіп қалды?


— Әне тауға қара.


Тұршабай тауға қарады. Әлгі бір кезде шоқталып түйілген қызыл жалқын от бұлты ыдырап, ала шарбыланып барады екен. Көп күнгі үрейдің салдары болса керек, Тұршабай «уһ» деп қалды. Ауыр ваза асфальтқа барып гүрс етті де, күл-талқаны шықты.


Қалай ұмтылып, машинадан қалай шыққанын Шәрбанның өзі де білмеді. Аяғына бірдеме оралған секілді еді, оған да қарамады, теуіп жіберген. Әлденелер тағы да асфальтқа түсіп, бытырлап, сытырлап жатты, онымен де ісі болмады. Тұла бойы қалшылдап, Тұршабайдың қасына жетіп келді.


— Байғұс-ай, сервизіңді де қиратып алдың ғой, — деді Тұршабай ақырын ғана күңк етіп.


Шәрбан есін тез жиды. Машинаны қайта айналып жүгіріп барса, ақ дәке быт-шыт, көк ала, қызыл ала, сары ала сервиздің көк ала, қызыл ала, сары ала сынықтары бүкіл орамды жауып кетіпті.


Осы шуды естіп, үйдің екінші қабатындағы терезеден көз салған бөгде адамға мына көгілдір «Волганың» төңірегінде әлдебір ойыншық бомба жарылған секілді болып көрінді. Әйтеуір ел де, жұрт та, қала да дін аман. Селдің екпіні осы бір болмашы оқиғамен тынды.


1968


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу