19.12.2021
  123


Автор: Сафуан Шаймерденов

Қарақұм емес, қарағым

Қазақстанның жалпақ өңірін алып жатқан ұшы-қиыры жоқ құнарсыз құмды өлке — Қарақұмға ойда жоқта жолымыз түсті.


 


Құнарсыз өлке?


— Ха-ха-ха. Құнарсыз өлке деп кім айтты? — Қызылорданың белгілі ақыны Әбдікәрім Оңалбаев маған осылай қадалды.


— Ал сонда Қарақұмның несімен мақтанбақсыз? — деп мен де қайтпадым.


— Егер білгің келсе айтайын. Қарақұм — байлық қоймасы. Мына ішкен тамағың, мына үстіңе киген киімің бәрі де Қарақұмда жасалады. Сендер құм деген атынан ғана шошисыңдар. Шынтуайтқа келгенде Қарақұмның не екенін білмейсіңдер, — деді ол. Содан кейін, — жалпы біздің облысқа келген соң құмымызды көрмей кетуің өкінерлік іс, — деп түйді.


Оңалбаев екеуміз жолға шыққалы отырмыз. Мен болсам Сыр бойындағы елді аралағым келеді. Ал Әбекең болса құмға тартады.


Көре алмай кеттім - ау деп өкінер құмда не керемет бар дейсің! Құмның аты құм емес пе! Жел үп етсе сырғи жөнелер, жыланның бауырындай қылтанағы жоқ құм шағылдар. Күйдірген күн. Буалдыр тартып мұнартқан қапырық дала.


Мен, міне, Қарақұмды осылай елестетемін. Бірақ амал жоқ. Әбекең болса осы арада туып өскен, жер жайын, ел жайын жақсы білетін көшелі адам. Көнбеске болмайды.


Сөйтіп, біз Қарақұмға тарттық. Қармақшыдан шыққан соң Әбекең алғашқы сөзін шофер балаға арнады.


— Әй, Рақым, су алуды ұмытқан жоқсың ба?


— Қарақұмда бәрі де бар емес пе! Керегі не судың? — деп мен күлдім. Әбекең де күлді.


— Бәрі бар екені рас. Бірақ жолда аралары кереғар алты айшылық қиян шалғай шөлейттер жатыр. Машина жазым болса, су осы тұста керек болады. — Осыдан кейін Әбдікәрім менің көңілімді аулағысы келді білем, Қарақұмды мақтай бастады. — Бұл төңіректі жайлаған қалың елде «Қарақұм дегенше, қарағым десеңші» — деген мәтел бар. Қарақұм құнарсыз болса осылай дер ме! Шіркін, Қарақұмның самалды түнін, салқын ауасын айтсаңшы. Шипа ғой жанға.


Күні бүгінге дейін бұл елдің жаз жайлауы Қарақұм да, қыс қыстауы Сыр бойы. Наурыз туды, бітті. Мына дария бойында бір малшыны ұстап тұра алмайсың, бәрі де құмға тартады. Ерте заманда байлар сөйтетін еді. Сырда маса, сонаға жем болып, сіңірі шыққан кедейлер ғана қалатын.


Әбдікәрімнің бұл сөзі таң қалдырды мені. Жаз шықса мал жайын білетін қазақ шаруасы көкорай шалғын, өзен - су бойын сағалаушы еді. Ал, мына ел болса өзеннен қашып, құмға тартады. Тіпті қызық. Мен енді «мақтаған құмды не де болса бара көрерміз» деп түйдім.


* * *


Қысты Сырда, не болмаса, арғы Қызылқұмда өткеріп шыққан қалың отарлар үдере көшіп, айлап жүріп Қарақұмға жетеді екен. Керік жатқан осы бір алшақ атырапқа түнделетіп болса да біз бүгін жетуге тиіспіз.Әйтпесе, мына қу медиен далада түнеуге тура келеді.


Күн көтеріліп қалды. Жер дүние манаурап, сілеміктене бастады. Талай бел-белестерден асып қасқа жол жатыр. Бізді ғажайып бір қиян шалғайға тартып барады. Бірер жерде дала тағысы үйірлі ақбөкен кездесті. Машинамен сәл жарысып отырды да, изенді - жусанды, түбірлі тасжарған өскен тықыр нұраның шаңдағын бұрқырата алдымызды кесіп шу қарақұйрық бір-ақ тартты.


Жер жайын білмегендіктен бе, осынау ұланғайыр кең далада адам жоқ, тірлік жоқ дегенге сенгің де келмейді. Бір қырқадан асып едік, оң бүйірден теңіз шалқыды. Енді бірде көз ұшынан бұлдырап салт аттылар, түйелі керуендер көрінгендей болды. Одан әрі ну орман көгерді. Үзілмес бір үміт бар. Меңіреу тыныштық басып тұрған мына далада біреу-міреуге кездесе қалатын сияқтысың. Келесі қырқаның астында ел бардай, қазір соған барып машина тұмсығын тірерміз деумен отырасың. Бірақ бір ғаламаты осының бәрі алдамшы елестер ғана. Жақындап келсең су дегенің сағым болып шығады. Салт атты ма, немесе түйелі керуен бе деп көз қадағаның кәдімгі бір түп қурайға айналып кетеді.


Енді бірде алыста көк мұнар кілегей сағым арасынан ғажайып бір қала көрінді. Кәдімгі қала. Мен тесіле қарадым. Жыпырлаған кілең бір қызыл шатырлы ақ үйлер. Бұл жерде қандай қала болуға тиісті? Сұрастыра келсем қала емес, Ханқазған деген биік төбе екен. Бесінге дейін бірде тура алдымыздан кес-кестеп, бірде бір бүйірден қатарласа жарысып, бір жақындамай қойды.


Енді жасырмай-ақ қояйын, жүрекке бір күдік кіре бастады. Ал, егер мына машина түскір сынып қалса ше? Баллоны жарылып кетуі де мүмкін ғой?! Әлде осының бензині таусылып қалып жүрмесе не қылсын? Қашан сені іздеп тауып алғанша талай күн өтпей ме?! Шеті де, шегі де жоқ мына тылсым шөлейт енді жұтып қоятындай болып кетті.


Осындай екі ұдай теткулі көңілмен отырғанымда жолдан сәл қиыстау қырқадан тағы да бір түйелі көрінгендей болды. Мен енді оған мықтаса тас жарған, не жыңғыл болар деп мән бермедім. Машина түлкі құйрық бұраң жолмен бұлталаңдап заулап келеді. Бір белден астық. Сол кезде Әбекеңнің:


— Ойбай, мынау түйелі кім болды екен? Тоқта, Рақым! — деген даусы естілді.


Сонда көрдім, жыңғыл дегенім бұл жолы шын түйелі адам болып шықты. Бізді көріп қиядан төтелеп салып келеді. «Аялда!» дегендей бөркін бұлғайды.


Рақым тежемені басты.


— Жоқ іздеген біреу болды ғой.


Әлгіндей болмай жаңағы жапан кезген жалғыз да келіп жетті. Түйесін шөктіріп жерге түсті. Шоқша сақалды, шапаты бойлы тарамыс бір қара шал.


— Уай, балалар, алдарыңда мал көрдіңдер ме?


Біз Қармақшыдан шыға бергенде қара-құра көп отар көрген едік. Соны айттық.


— Апыр-ай, дарияға жетіп қалған екен ғой, — деді қара шал.


Жөн сұрассақ, ол көрші Жалағаш ауданының шопаны екен. Ана Қармақшыға жетіп қалған отар иелерінің бірі. Қора-қопсы қамын ойлап, күздің бір айын алға салып, құмнан қыстауға көшкен беті екен. Өзі отарынан қалып кейін құмға бет алғанына екі-үш күн болыпты. Бақташы мінетін бір азбан бар екен. Ер-тұрманымен кетсе керек. Іздеген жоғы сол.


— Үйренген жері - құмға тартты ғой. Мына тықыр нұрада тұрақтар ма! — деді Әбекең.


— Өзім де солай шамалаймын, — деді қарт.


— Әне, құм дегенің сол, — деп Әбекең енді маған қарады.


— Апыр-ай, құм қайда, біреу қайда! Не қылсам екен? — деп дағдарды қарт шопан.


Біз оған осы жерден қайтуға кеңес бердік. Қарақұмға барған соң жүрген жерімізге сұрау сала, айта жүрейік — дегенді айттық. Қарт та осы ақылды мақұл көрді.


Қоштасар сәтте шофер бала:


— Қария, шөл қажытқан шығар, — су бар бізде, су ішіңіз, — деді.


Шопан селдір сақалын тісіне басып сәл тұрды да, ынтасыздау ғана:


— Жарайды, бірер жұтайын, — деді.


Барынша арық та талдырмаш, бірақ елгезек, пысық Рақым өзіндей тарамыс шалға дүңгірдің қақпағын ашып қызмет етіп жатыр.


Шопан кішкенелігіне қарамастан үлкен ыдысты жеңіл көтеріп жоғары апарды да, бір-екі рет суды қарбыта ұрттап аузын сүртті.


— Бірер күндік жолыңыз бар ғой, сусыныңыз болмаса, құйып алыңыз, — дедім мен оған.


— Ой, тәйірі-ай, шөлдесем таңдайға басар бес-алты малтам бар. Бұл далада судан өлгеннің моласын көрген жоқпын, рахмет, шырағым, — деп ол түйесіне мінді де, желіп кетті.


— Жаудан - жұттан қорықпайтын нағыз дала батырлары, міне, нақ осылар, — деп Әбдікәрім ұзап бара жатқан кішкене шалдың соңынан қарап қалды.


Мен өзімнен өзім ұялдым. Әлгі бір көңілге енген қорқыныштың тіпті ерсі екені де аян болды...


Тағы да ілгері тарттық. Алдағы адыр - белестерге асылып баяғы қасқа жол жатыр. Күн кешкірді. Батыс жақ алқызыл өрттей болып күн батты. Енді «Осының ар жағында бірдеме бар шығар» — деп дәме етіп отыратын шоқы нобайын жоғалта берді. Алдыңғы бетті бейуақыттың қап-қара тыныштығы жапты. Біз енді тіршілік мекенінен тым алыстап кеткендейміз.


Ендігі бір сәтте алдымыздан шөккен нардай болып дүңкие қарауытып бірдеме көрінді.


— Құмның шетіне іліктік. Мынау шағылдар, — деді Рақым. Ауырлай қалған машина қоңыздай ызылдап биік барқанға өрмеледі. Әлгіндей болмай ар жақтан ит абалады. Әр жерден от жылтырады. Жан-жақтан «келе жатыр», «келе жатыр» деген айқайлар естілді.


Рақым машинасын жер ошақта от жылтылдаған боз үйдің алдына әкеп тіреді. Қиық қара мұрты бар орта бойлы бір жігіт келіп қолымызды алды.


Бұл Энгельс атындағы колхоздың қой фермасының бастығы Кәрібоз Нұрпейісов деген кісі екен.


Сөйткенше болмады, жан-жақтан ит ерткен салт аттылар келіп топтала берді.


— Кешіккен соң, адасып кетпеді ме екен деп, сіздерді қарай шыққан адамдар ғой, — деп түсіндірді Кәрібоз.


Таңырқаған мен:


— Біздің келетінімізді қайдан білдіңіздер? — деп қалыппын.


— Рациямыз бар ғой, рация.


Мен Қарақұмның облыс, аудан орталығымен тығыз байланыста екенін сонда ғана түсіндім.


Кәрібоз үйінен тың көзге түскен екі нәрсе болды, бірі кіре беріс үстел үстінде ұқыпты жиналған газет-журналдар. Жасыратыны жоқ, өзім Алматыдан шыққанда баспаханада жатқан «Мәдениет және тұрмыс» журналының соңғы саны Қарақұмда алдымнан, шопан үйінен табылғанда қатты қуандым.


Бұл да бір аудан орталығы мен Қарақұм арасында жақсы байланыс барлығын танытатын жақсы нышан. Екіншісі — осы үй ішінің барынша тазалығы. Бір босағада керегеден асыра жиналған төсек-орын крахмалданған ақпен жабылыпты. Айнала қабырға қолдан тоқылған тамаша кілемдермен ұсталған. Ыдыс-аяқтың тұрған жері де айрықша жинақылығымен көз тартады.


Табалдырықтан төрге дейін кілем, көрпе төселген. Біз аяқ киімімізді босағада қалдырып шұлықшаң жоғары шықтық. Бір қынжыларлық нәрсе, дастарқан жерге жайылды. Бірақ көп сөйлемесе де, аса бір ілтипат көрсетіп жүрген Күләйлаш жеңгей бауырсақ пен құртты, қант пен тоңазытылған етті, тәттілерді жеке-жеке тарелка, вазаларға салып қала тәртібімен әкеп қойды. Шанышқы мен күміс қасықтар да келіп қалды. Жалтыраған қытайы кеселерге шәй құйылды. Бір жақтан бірер көкмойындар да көрінді. Кәрібоз кішкене рюмкаларға ақаңды құйып, әркімнің алдына қойды.


— Бұл шіркін Қарақұмда да болушы ма еді?! — деп сұрадым.


— Қу неме емес пе, жылы-жұмсақ жерді біледі ғой, — деп әзілдеді Әбдікәрім.


— Осының беделі түсіп бара ма деймін. Ішуді азайтты жұрт, — деді Кәрібоз.


Кәрібоздың бұл сөзін қалғандары өтірікке шығармайын деді ме, кім білсін, рюмкаға қол апарған ешкім болған жоқ.


— Біраз жыл соңына жарық алып түсіп жүріп те ішіп едік, мүйіз шықпады сонда да, — деді Салмырзаұлы Алмаш деген жігіт.


Екінші бір шұбар жігіт Алмашты құптай сөйледі.


— Мүйіз шықпағаның не, денсаулықтан айырылып қала жаздаған жоқпыз ба?!


Осыдан кейінгі әңгіме шаруашылық жайына ауысты.


Шопан біткен биыл көңілді көрінеді. Мал басы аман да әрі күйлі. Күзем жүні алынған. Міндеттемеде көрсетілген 45 килограммның орнына, мемлекетке өткізер әр қойдың салмағын 59-60 килограммға жеткізген. Ендігі іс қойларды іріктеп, шопандарға жаңа отар бөліп беру көрінеді. Осы жұмыс біткен соң мал қысқы жайылым - Қызылқұмға қарай бет алмақ.


Осындай әңгімемен көп отырдық. Бір кезде жиналған жұрт та көтерілді. Күләйлаш жеңгей қалың етіп төсек салды да, асты-үстімізді крахмалды ақ сейсептермен орап тастады. Ұзақ жолдан кейін біз Қарақұмның қиян шалғай бір түкпірінде тамаша ұйқыға ойыстық.


Қарақұм! Біз, міне, бір биік құм шағылдың кеудесіне шығып тұрмыз. Айнала көз жетер жердің бәрі шажырқайдай құжынап жатқан ірілі-уақты құм төбелер. Қырматаздың басындай. Бірақ бұл алдамшы көрініс. Көбіне «құм» десек болды, «бір тамшы суы жоқ, шөл» деген сөз көмекейімізге келіп тұрады. Қандай қате пікір. Мына Қарақұмды айлап кез, бірақ су іздемейсің. Өйткені, кез келген ойпаңды қолыңмен тырнасаң, қарыс сүйем жерден су шығады. Бұл кең өлке бетін құммен жауып қойған шалқыған теңіз. Ал онда не бір асыл шөп өспейді! Еркек, алабота, жантақ, сағыз, ебелек тағы сондайлар. Күз малды Сырға айдағанда жылқы, түйе сияқты жүрдек жануарлардың кейін тарта беретіні де содан болуы керек.


Қарақұмды — Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының жүз мыңдаған малы жайлайды екен. Арып келіп, семіріп қайтады. «Қарақұм - байлық қоймасы» десе дегендей - ақ.


Біз, міне, төбеде тұрмыз. Етекте сыртын кіршіксіз ақпен сылаған кішкене үй көрінеді. Бұл — аурухана. Одан әрі емхана, оның ар жағында дүкен. Әріректе биік антенналар көрінеді. Ол - рация. Ал одан әрі шашырай жайылған қалың қойлар.


Бұл — Қармақшы ауданының Қарақұмдағы орталығы — Жапақтың бүгінгі көрінісі.


Міне, біз әлгі ақ үйге келіп кірдік. Сегіз кісілік кішкене аурухана. Әр қилы аурулармен түскен бес-алты колхозшылар жатыр. Жас дәрігер Омаров Қасымқан өз шаруашылығымен таныстырды.


Жеңіл-желпі аурулар осында қаралады. Ауыр науқас Қармақшыға, не Қызылордаға жөнелтіледі. Керек дәрінің бәрі де бар.


Бір ғажабы, мұнда баланың іш ауруы болмайды екен. Өйткені Қарақұмның күні қоңыржай да, шыбын деген атымен жоқ.


Одан шығып дүкенге кірдік. Астанадағы ірі универмагтың бір кішкене бөлімшесі сияқты. Баланың ойыншығынан бастап, жаңа сәнмен тігілген қымбат бағалы костюмге дейін ілулі тұр.


— Қойшылар не нәрсеге мұқтаж? — деп сұрадық дүкенші Бектасов Үсеннен.


— Үнді шайы бар, бұрын бір мұқтажымыз шай кесе болушы еді, ол да бар. Жібек те, шыт та көп. Жалғыз-ақ пүліш, берен жағы аз. Соны жиі сұрайды.


— Ол енді тым салтанат сән құрғандық қой, — деді сондағының бірі.


Рас, бұл сөздің жаны да бар шығар. Бірақ малшы біткен пүліш пен беренге ғана мұқтаж болса, Қарақұмға оның да барарына күмән жоқ.


Қарақұмда өткізген төрт күн ішінде көптеген малшының үйінде болдық. Бәрі де бай, ауқатты. «Отан» атты радиоқабылдағышы, газет-журналы жоқ бір үйді көрмедік. Ең қуанарлығы малшы үйінен бөстек кетіп, ақ сейсептер келген. Тазалық келген. Әсіресе Чапаев атындағы колхоздың малшылары Салмырзаұлы Алмаштың жамағаты Айнаш жеңгейдің, Пернебеков Шәрі жолдастың үйіндегі Ажар замандастың ас, үй ұстау тазалықтарын ерекше атауға болады.


Рас, бұл үйлердің бәрінде де дастарқан жерге жайылады екен. Жамбастап жатып тамақ ішу үйренбегенге тіпті қиын.


Қармақшы аудандық тұтынушылар одағы малшыларға арнап аласа үстелдер де жасап шығарыпты. Біріншіден, бағасы қымбат, екіншіден, сүйегі ауыр, көшіп-қонып жүрген халық ауырсынатын түрі бар. Бірақ бұл дәлел емес.


Көп күнгі көргенімізден тағы бір түйгеніміз — Кәрібоз айтқандай «арақ шіркіннің беделі түсе бастаған». Рас, қай үйге барма, тамағымен қоса арағын да алдыңа тосады. Бірақ ішуші аз.


Біздің осы пікірімізді дүкенші Үсен дәлелдей түсті.


— Бұрынғы жылдарда бір машина арақ бір жұмаға жетпей қалушы еді. Қазір айларға кетеді, — деді ол.


Бұл — шын қуанарлық бет бұрылыс.


* * *


Біз дүкенші Үсеннің үйінде отырдық. Үлкен шошақ қарнына жалпақ белбеумен көтеріп тастаған бір дәу сары келді.


Осы Жапақтағы жүн қабылдау пунктінің бастығы Қаржаубаев Жұбан деген жігіт екен.


— Біздің де үй осында, қонақ болыңыздар, - деді ол.


Біз асығыс екенімізді, жүріп бара жатқанымызды айттық.


Жұбан — олай болса... — деп күмілжіді де, денесінің үлкендігіне қарамастан ширақ басып далаға шығып кетті. Бір кішкенеден соң қайтып оралды. Қолында үлкен бір қарбыз, бес-алты қызан, қияр, екі - үш түп пияз.


Қарақұмда көкөніс көрем деп кім ойлапты!


Бес-алты күннен бері көк шөп көрмегендіктен бе, әлде мына Қарақұмда тым таңсық көрінді ме, бәріміз де қаужаңдап, тамашаладық та қалдық. Осы үйдің кішкене баласы да әкесінің артынан келіп түрткілеп жатыр.


Кесек бір қиярды ұстап о да қуанып кетті.


— Көк шөп дегенің мұнда қайдан келген?


Жұбан күлді:


— Шығар ма екен деп бір кішкене жерге еге салып едім, - бой бермей барады.


Мен оң жағымда отырған аудандық партия комитетінің секретарі Телжанов Хамитқа сұрана қарадым. Оның себебі бар. Құм аралап жүргенде «пәленшенің ағашы», «түгеншенің ағашы», — деген жер аттарын жиі естіген едік. Ол ағаштардың кейбірі кесіліп қалған. Кейбірі күні бүгінге дейін күткен ешкім болмаса да жайқалып өсіп тұрған екен. Содан түскен бір ой: ағаш өскен жерде көкөніс неге өспейді - болған. Мен соны секретарь жолдасқа айтқанымда: — Құмда овощ өсуші ме еді?! — деген еді.


Сол жауабы есіне түсті білем, Хамит жалтара сөйледі.


— Малшылар Қарақұмға көктемді жолда өткізіп, жаздың басында келеді. Ол кезде овощ егуге болмайды.


— Екі-үш колхоз бірігіп, араларынан екі-үш адам бөліп «овощ егіңдер», деп Қарақұмға ерте жіберсе қайтер еді?


Секретарь ойланып қалды. Ие, бұл ойланатын шаруа.


Келер жылы әр малшының дастарқанында көкөніс болсын! Оған Қарақұмда толық мүмкіндік бар.


* * *


Біз аттанатын күні түнімен нөсер құйды да, таң ата ашылды. Қақ біткеннің бәрі шалқыған көлге айналды. Малшы қуанышында шек жоқ.


— Қарақұм биыл тіпті мейірлі, — деді Ленин орденді қарт шопан Аманқайыр. — Жаз бойы күннің ыстығында бір тамған жоқ. Ашық болды. Міне, енді дер кезінде жауды. Екі-үш күннен кейін Қарақұм адам танығысыз құлпырып кетеді. Құтты қонақ келгенде қой егіз табады дейді ғой. Құтты қонақ болдыңдар.


Қарақұмның тағы бір сыры ашылды. Жаздың ыстығында жауған жаңбыр пайда емес, залал. Ондай жаңбыр артынан ыстық түссе, шөп біткен солып қалады екен! Ең пайдалысы күзде жауған жаңбыр.


Біз меймандос Қарақұм малшыларын торт күн араладық. Міне, баяғы таныс жолмен кейін қайтып келеміз. Артта көзге ыстық қимас бауырлар қалғандай. Қайта-қайта қарай береміз.


Иә, бұл атырап Қарақұм емес, қарағым екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу