27.11.2021
  176


Автор: Хамза Есенжанов

Данасың ғой, Плутарх!

Александр Македонскийдің (кәдімгі шығыс елі Іскендір Зұлқарнайын, яки Қос мүйізді Патша деп атаған ұлы жанның) атақты үш қолбасшысы болды. Оның бірі Антигон, бірі Птоломей, үшіншісі Селевк еді. Атигоннен Деметрий туды. Бұл ғажайып патша атанды, теңдесі жоқ қолбасшы саналды. Қызы Стратоника асқан сұлу ханша болатын. Сол сұлу қызын Селевкіге тоқалдыққа берді. Ұрпақ жайып, патшалық патшалыққа қол арту ұлы адамдардың дәстүрге айналған әдеті еді ғой...


Ал, Селевкінің сүйікті жалғыз ұлы Антиох сол Стратоникаға ғашық болған. О, тәңірі құдіретің күшті ғой! Тоқал шешесіне ғашық болып, бірақ бұл сырды жарыққа шығара алмай, жас шаһизада ғашықтықтан құсалыққа айналған. Тағам татпай, шарап ішпей, ойнамай, күлмей, аңға шығып серуендемей сарғайған. Күндер жылжыған, айлар өткен; қуарған шыбықтай қастерлі ұлын табибтарға қаншама қаратса да, емін таппай патша да торыққан. Елдегі ең білгір табибтарды жинаса да ешбір ғалым ауру шипасын таппаған. Ғалымдар да, патша да тегіс түңіле бастаған. Сол кезде тәжірибелі дана Эрасистрат түрлі ойға, түрлі амалға кіріседі. Ол сарайдағы сұлу жанның бәрін сусын көтертіп шаһизаданың алдынан өткізе бастайды. Кезек жас анасы Стратоникаға да жетеді. Үлде мен бүлдеге бөленген салтанатты жас ханымның жаннан асқан нұрлы жүзін көргенде өлім халіне жеткен шаһизаданың көзінен әлде не бір шоқ ұшқыны жарқ еткендей болады да, мұны байқап қалған Эрасистрат ханымның қолынан сусынды алып, бас иіп тағзыммен сарайдан шығарып салады. Ол: «Ем табылды, бірақ үмітсіз...» деп түйеді. Алайда, патшаға келіп хал-ахуалды алыстан орап баян етеді.


— Құдіретті патша ағзам. Шаһизаданың қастері белгілі болды. Алайда жазылмайтын... жазылса да өзгеше бір қолдан келмейтін қиын жағдайға тірелетін жай, — депті.


Күйінген қаһарлы патша:


— Ол қандай ауру? Бүкіл патшалықты құрбан етсең де жаз! — деп бұйрық береді.


— Аурудың есімі — махаббат. Бірақ үмітсіз махаббат, патшам.


— Неге үмітсіз? Қол жетпес махаббат бола ма?


— Болады патшам, Шаһизада менің әйеліме ғашық...


— Қойшы! Рас па?


— Ақиқат, патшам.


— Түу! Сен өзің әрі Антиохтың досысың. Менің Антиохты өлердей сүйетінім де саған мәлім. Сөйте тұрып өзіңнің сүйікті досың, менің сүйікті ұлым Антиохты өлімнен қалас ету үшін бір әйелді қимағаның ба? Осы да сөз бе екен!


— Ұлы патшам, мұны мен түгіл, даланың данасы өзіңіз де істей алмас едіңіз. Антиох сіздің Стратоникаңызды сүйсе, бұған қалайша шыдап, қалайша... көнер едіңіз. Болмайтын нәрсе ғой.


— Егер де құдайлар тілекті беріп, солардың құдіреті ұлым махаббатын Стратоникаға аударса, жан біткен осыны мақұлдаса мен патшалығымнан да безер едім!


Қатты тебіреніп көзінен жас шыққан патшаны ұлы дәрігер қолынан ұстай алып:


— Сізге енді Эрасистраттың қажеті жоқ. Сіз өзіңіз әкесіз, өзіңіз ерсіз және патшасыз. Өз ұлыңыздың тағдыры өз қолыңызда. Бұдан былай өз ұлыңыздың табибы бір өзіңізсіз, — деген.


Ертеңіне Селевк халқын жинап алып:


— Бүтін арқа беттегі жерлерімнің билеушісі шаһизада Антиох болады, Бұл ұлы патшаның ұлы уалаятын бірігіп билеуші Стратоника ханым болады. Мен осыны қалаймын жамағатым, — деп паш етіпті! — дейсін.


Румға Эллада үлгі!


Грек әміршілері Рум әміршілерінен данарақ еді дегенің ғой бұл. Солай, көне ойшы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу