Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  137


Автор: Исраил Сапарбай

Дертiмнiң таппақ болып дауасына ем

Дертiмнiң таппақ болып дауасына ем
Сенi iздеп теңiз кешiп, тау асып ем.
Таптым да,
Тапқаным сол – тыныстаймыз
екеумiз бiр қаланың ауасымен.
Жүрсек те бiр қаланың татып дəмiн,
Бiлсек те бiзге лайық бақыт барын,
Тағдырға мойынсұнған момындардай
Тақпаймыз өтiп жатқан уақытқа мiн.
Жырақтап жасыл барқыт бағым менен,
Бүгiнде жылжимын жай ағынменен.
Сен кейде жолда жалғыз кездесесiң
Мен кейде келе жатсам жарымменен.
Өртенiп жар төсекте жалын – денең
Сеземiн, безе алмайсың, жаным, менен.
Мен кейде жолда жалғыз кездесемiн
Сен кейде келе жатсаң жарыңменен.
Жаңылып жүрдек жүрек дүрсiлiнен,
өтемiн.
Сен қаласың күрсiнумен.
Ерте өнiп мезгiлiнен сөнiп қалды-ау
Бiр тал гүл көктей алмай бүршiгiнен...
Бiз – кеме,
Тағдыр деген – терең теңiз,
Алыста керiм көктем, кең өлкемiз...
Iлесiп бiзбен бiрге қайда барсақ
Қалмайды қасымыздан көлеңкемiз...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу