Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  241


Автор: Исраил Сапарбай

Сен – Бойжеткен, Мен – Жiгiт

Сен – Бойжеткен, Мен – Жiгiт,
Сен Ай болсаң, Мен бiр Күн.
Жақсыларша жөн бiлiп
Танысайық, кел, құрбым.
Көз – көңiлдiң өлшемi,
Көзiң сенiң тұнық қой.
Арбамаймын Мен сенi
Кейбiр жылпос жiгiттей.
Жақсылыққа жан байып,
Тапсын көңiл жарасым.
Əнмен, жырмен жалғайық
Екi кештiң арасын.
Мына бiзден бұрын да
Танысқанмен тосыннан
Талайлардың ғұмырда
Тағдырлары қосылған.
Бiр күлдiрiп, жылатып,
Бiздi де əлi сынар күн...
Бəлкiм, сенi ұнатып,
Бəлкiм саған ұнармын.
Көңiлiмнiң ағына
Көзiң жетер қалайда.
Мұнан кейiн тағы да
Кездесейiк, жарай ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу