Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  182


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Саматай Кәрібаевқа

Елуге келдің, Саматай,
Орның бөлек өмірде.
Болдың көпке ағатай,
Кірбіңің жоқ көңілде.
Осы күнге жеткенің,
Бәрімізге қуаныш,
Асудан талай өткенің,
Көңілімізге қуаныш.
Қайырмасы:
Розаңмен жарасып,
Шалқып-тасып жата бер.
Розаңның ақ мамық,
Қызығына бата бер.
Еске алсаң жолыңды,
Небір күлкі шақырған,
Талай адам қорқыпты,
Самаш деген батырдан.
Тентек едің кешегі,
Төбелессіз тұрмайтын.
Түзелген Самаш деседі,
Ірімшік-құрт ұрлайтын.
Қайырмасы:
Сенен Ақсу тыйылған,
Сабап кетер Самаш деп.
Кеген де қашқан қиырдан,
Қамап кетер Самаш деп.
Сол Самашты бұл күнде,
Сәкең деп жұрты сыйлайды.
Сол Самашты дос-құрбы,
Жаманатқа қимайды.
Елуге келген тойында,
Қуана шашу шашамыз.
Өлең жырды ағылтып,
Араққа бүгін басамыз.
Қайырмасы:
Роза-ханум, аяма,
Төк бүгін, бүгін, төк бәрін.
Самашты әмсе аяла,
Белгібай жұртқа ток барын.
Елу деген немене,
Үлбіреп Самаш тұр бүгін.
Жайнай бер, әмсе жарқырап
Қасында қатар құрбының.
Сүйейік, кәне, бәріміз,
Жұп-жұқа сенің ерніңнен.
«Оймақтай» осы аузыңды,
Біз емес, бүкіл ел білген.
Қайырмасы:
Ән мен жыр кетсін қалықтап,
Шырқаңдар, достар, шырқаңдар.
Көңіліміз жатсын шалықтап,
Күн бе екен бүгін құптаңдар.

28.05.1978




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу