Өлеңдер ✍️

  04.08.2021
  181


Автор: Сайын Назарбекұлы

Тістеп емдік емшегін

Бауырға алып қол-аяғын
Сұлу суға секірді.
Өз осінен айналатын
Дәл жер шары секілді.
Жер шары да аңдағанға
Сол қыз бала секілді.
Білмейді ешкім қай заманда,
Қашан, қайдан секірді.
Баланатын жылы мыңға
Шексіз көкті кезеді.
Жанға батар қылығына
Баласының төзеді.
Қатігез ұл тістеп емер
Ана емшегін қандатып.
Қорқыныш боп түске енер
Пайда іздеген, жан сатып.
Салдың жара өкпесіне –
Семейге де Невада.
Кепілдік жоқ кеппесіне
Амазонка, Нева да.
Тост айтыстық той жиында,
Арал тұзы емшекте.
Уран сәуле өз миыңда,
Қылмыс орнын көмсекте.
Табиғатты өз анаңдай
Сүймегесін іш тартып.
Жер де жатыр, о да қалмай
Ғұмырыңды қысқартып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу