Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  161


Автор: Бағлан Ерғали

Ақын әлемі

Ақын жаны - ғажап әлем, тереңдік,
Жете алмас қыр-сырына зерең түк.
Сүбелі сөз сәйгүлігі Жамбылдай,
Ақындардан жыр жазуды үйрендік.

Әрбір ақын - бір-бір дана, Лұқпандар!
Адам түгіл, құстың тілін ұққандар!
Дөңнен асып өте алмас сүрініп,
Құлаймын деп өзді-өзінен бұққандар.

Бұл өмірден көрсе дағы мың күйік,
Күндей елге жүрген әркез нұр құйып.
Толқындары шайқалған ақ теңіздей,
Ақын-жырау - түпсіз терең тұңғиық!

Ән мен жырдың білгендей үйлесімін,
Ашып берген адамға күй есігін
Ақын дер ем, ойланбастан бір өзім,
Сұраған жанға ғаламның иесі кім?

Ой іздесең, дос болғайсың ақынмен,
Әр қадамын нық басады ақылды ер!
Дана болсын десең егер ұл-қызың,
Міржақып пен Күләштардың атын бер!!!

Бағлан Ерғали

23.06.2021ж

(ақын. Күләш Ділдәқызы Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстан Талас ауданы Киров ауылында дүниеге келген.)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу