Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  299


Автор: Сүгір жырау Бегендікұлы

ШӘКІРТІ ЖАҚСЫЛЫҚҚА БӘТИХАСЫ

Құралдың, халқым, қаумалап,


Қаумалап халқым келгесін,


Бәріңді аман көргесін


Кіші Жүздің ішінде


Бегендікұлы Сүгір деп


Тамсантқан шайыр мен едім,


Сары самаурын, ақ құман,


Алма мойын ақ тамақ,


Аға-жеңге, құрбылар


Ортаға алып қызықтап


Сыйлаған халқым сен едің.


«Сүгір келді» дегенде


Ағайын-тума, қарындас


Арғымақ беріп сыйлаған,


Мен үшін жанын қинаған,


Неше бір жүйрік, көркемді


Өнерлі жандар көп өтті


Абыл менен Ақтандай,


Әбубәкір, Қашаған


Өтіп бір кеткен кешегі,


Қатар жүріп, көз көрген


Бұқарбай, жүйрік Нартайдан.


Араластым күнінде


Қайнаған Сырдың суындай,


Халқым олқы деген жоқ,


Отырдым міне, алпыс жыл


Адина биік ордаңда-ай.


Шақырдым бүгін сендерді,


Көз көрген құрбы-теңдерді,


Ал, Жақсылық, құлақ сал,


Құлақ салып тыңдап қал,


Бәтихамды берейін,


Бұл сөзімді, шырағым,


Сәтті күнде жеткізіп


Сәлем айт қалған елдерге,


Жетісу, Қайнар көлдерге,


Сырдарияның саласы,


Қызылорда жағасы


Нартай ақын өнерді,


Тілі мақпал шеберлі,


Балқы Базар, жыршы Оңғар,


Қарасақал Ерімбет,


Нұрмағанбет, Ізтілеу,


Шораяқтың Омары –


Халқының болған шынары.


Абыл мен Ақтан, Нұрым бар,


Байбақтыда Сырым бар,


Қашаған, жүйрік Аралбай,


Қарт Сәттіғұл – қазина


Сөйлеген талай алқада.


Жалына биік жас ұлан


Жетірудың жеделі


Әбубәкір бұ да өткен,


Мақтымқұлы бұлбұлдар


Ел жағдайын жыр еткен.


Бұл халықтың ішінде


Нешелер жүйрік өткен жоқ


Сөйлеген сайын өңделген,


Шаршағанға дем берген,


Бірінші айтар ақылым:


Салмақты бол, шырағым,


Балалық қылып, байқамай


Алымға бола өкпелеп


Нәпсі қума бекерге,


Қарсы тұрып сөйлеме


Қаумалаған нөкерге.


Көп жиналған халықтың


Біреуінде жастық бар,


Біреуінде мастық бар,


Біреуінде тәкаппар


Менменсінген мінез бар,


Біреуінде ащы тіл


Сүйреңдеген шабақтай –


Бірдей емес адамзат.


Бұл сөзімді сынасаң


Он бармаққа назар сал,


Бірі қысқа, мысалы,


Бірі ұзын, бір қысқа


Бәсеке қуған дүние.


Тапсырдым балам, өзіңді.


Ұшырып алма қолыңнан,


Насихат айтып шалқи бер...


Ырза болып, қаумалап


Халық жиналған күнінде


Орынсыз жерде өкпелеп


Кетіріп алма құрметің.


Жасы үлкен ағаның


Інісі болып сөйлерсің,


Өзіңнен кіші інінің


Ақылы бар ақсұңқар.


Сегіз арыс Адай мен


Жез таңбалы Жетіру,


Он екі ата Байұлы,


Алты таңбалы Әлім мен


Сары үйсін, Дулат жоғарғы


Арқын, Қыпшақ, Найман-ды.


Арғын, Қыпшақ, Найман мен


Қоңырат, Қият – бес ауыл


Құралым еді көрінген.


Талай жерде сөйледім


Кезегім келсе термемен,


Нешелер жүйрік өткен жоқ


Даусын ел аңсап шөлдеген,


Жақсылықжан, аман бол,


Аман тұрса бұл қазақ


Талай білгір кездесер


Көкірегін кернеген.


Талай жүйрік білімпаз


Қабаттасар өзіңмен


Құлашын кеңге сермеген,


Шөлі қанар халқымның


Мен сапырған мұхитпын,


Сен– аралым шөлдеген,


Қызыл тілім қызғанда.


Арғымақтай өңделгем..


Саламат болың, халайық,


Бір-екі ауыз сөз айттым,


Қалғанын енді тыңдарсың


Шәкіртім мына жігіттен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу